Жаңалықтар

Көмектің де сұрауы бар

Тікелей эфир

Төтенше жағдай кезінде қай санаттағы азаматтарға 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік төлем беріледі? Ол екінші рет төлене ме? Коммуналдық төлем үшін 15 000 теңгеге кім үміттене алады? Біржолғы жиырма мың теңге көмек кімге тиесілі? Осы және басқа да мәселелер жөнінде бүгін Ақтөбе телеарнасындағы «Ақпараттық сағат» хабарында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова толық айтып берді. Сонымен бірге бұл хабарға Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Қуандық Қасымов қатысты.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова төтенше жағдай кезінде мемлекеттік және облыстық қазынадан төленіп жатқан әлеуметтік төлемдерге тоқталды.

— Мемлекет тарапынан берілетін барлық әлеуметтік төлем дер кезінде төленіп отыр. Бірінші айда, яғни сәуірде 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем Ақтөбе облысы бойынша 219 мың адамға тағайындалды. Екінші айда 75 мың адамның есепшотына аударылды. Тағы да 25 мың адамға төлеу бойынша шешім қабылданды, ол 11 мамырдан бастап азаматтардың есепшоттарына аударылатын болады.

Төтенше жағдай кезінде облыстық бюджеттен төленетін 20 мың теңге көлеміндегі біржолғы көмек тиісті адамдардың есепшоттарына аударылды. Дегенмен, алып үлгермеген отбасылар әлі де өтініш беруіне болады. Бұл көмек атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға берілмейді. Отбасылық жалпы табыс жан басына шаққанда 27400 теңгеден аспаған жағдайда ол отбасы облыстық бюджеттен бөлінетін 20 мың теңге көмекке өтініш бере алады.

Сонымен бірге төтенше жағдай кезінде республикалық бюджеттен берілетін 5567 теңге көлеміндегі көмек те сәуір айына төленіп болды. Қазір мамыр айына төленіп жатыр. Бұл тек сәуір, мамыр айларында ғана берілетін көмек.

Атаулы әлеуметтік көмек бойынша бүгінгі күні аудандарда төлем басталды, Ақтөбе қаласы бойынша төлем жұмыстары 15 мамырдан басталады.

Сонымен бірге атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 1-6 жас аралығындағы балаларына берілетін азық-түлік жиынтығы да таратылып жатыр, — деді ол.

Тұрғындардың 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемнің студенттерге екінші рет берілетіні-берілмейтіні туралы сұрағына:

—Бұл, негізінен, төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған азаматтарға тағайындалатын көмек. Алайда осы кезде студенттер шын мәнінде табысынан айырылды ма, жоқ па? Осы сұраққа нақты жауап болуы керек. Әлде «барлығы алып жатыр ғой, біз де қалмайық» деген оймен өтініш берді ме? Қазіргі таңда Білім және ғылым министрлігі тарапынан көмек тағайындалған барлық студенттердің тізімі жасақталып, шын мәнінде оларға осы көмек тиесілі ме, жоқ па — соны анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әр нәрсенің сұрауы болатынын ұмытпауымыз керек, — деді Бұлбұл Елеусінова.

Тұрғындар қала әкімінің орынбасары Қ.Қасымовқа коммуналдық төлем үшін берілетін 15 000 теңге көмек жөнінде, қаланы абаттандыру, мейрамханалардың жұмысын жандандыру сынды мәселелерге қатысты да сұрақтар қойды. Қ.Қасымов қандай мекемелердің жұмысы қай кезеңде қалпына келтірілетіні туралы толық ақпарат берді. Сондай-ақ қаладағы абаттандыру, гүлзарларды, саябақтарды реттеу, күтіп ұстау жұмыстарының жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқандығын тілге тиек етті.

— Орталық базардың жұмысы жақында санитарлық талапқа сай болмағандықтан қайтадан тоқтатылды. Енді ол толығымен 11 мамырдан кейін ашылатын болады, — деді қала әкімінің орынбасары Орталық базар туралы сұраққа.

Сондай-ақ Қ.Қасымов тұрғындардың сұрағына сәйкес, Индустрия министрлігі бекіткен коммуналдық қызмет көрсетушілерге шығындарды өтеу ережесін, 15 000 теңге көмектің кімге берілетіні туралы толық мағлұмат берді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button