Жаңалықтар

Сауалнама қорытындысы: халықтың билікке сенімі жоғары

«Экономикалық дағдарыс жағдайындағы Ақтөбе облысы тұрғындарының электоралдық жағдайының мониторингі» тақырыбында жүргізілген әлеуметтік сауалдама қорытындылары

Табысты, тиімді саясатты жүргізу үшін қоғам мен билік арасындағы екі жақты байланыстың маңызы зор. Ал жүргізіліп отырған саясатқа тұрғындардың сенімінің және оны қолдауының деңгейін анықтауға, сондай-ақ өңірде тұратын азаматтардың проблемаларын, әлеуметтік жағдайын білуге қоғамдық пікірге сауалнамасы мүмкіндік береді.

2009 жылдың наурызында Ақтөбе қаласында және облыстың 7 ауданында «Батыс-мониторинг» әлеуметтік агенттігі экономикалық дағдарыс жағдайындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті проблемаларына қатысты қоғамдық пікір бойынша әлеуметтік сауалнама жүргізді. Сауалнамаға барлығы 600 жауап беруші қатысты. Сауалнамаға негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша облыс тұрғындарының неғұрлым сипаттамалы санаттары тартылды.

«Облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайына қандай баға бересіз?» деген сұрақтың жауабына жасалған талдау өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты облыс тұрғындарының пікірін анықтауға мүмкіндік берді. Облыс тұрғындарының басым бөлігі (81%) өңір жағдайы қалыпты, қолайлы деген пікірге келді. 16 пайызға жуығы өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына төзуге болады деп жауап берді. Облыс тұрғындарының 3 пайызы ғана әлеуметтік-экономикалық жағдай күрделі деп санайды.

Ең оптимистік көңіл-күй Қобда ауданында (92%), ал оптимистік көрсеткіштің төмені Хромтау ауданында (53%) тіркелді. Мұғалжар ауданында облыс жағдайы туралы қатысушының 54%-ы жағымды жағынан бағалады. Бірақ бұл жерде басқа аудандармен салыстырғанда мұғалжарлықтардың 4 пайызы әлеуметтік-экономикалық жағдайды күрделі деп санайды, ал бұл көрсеткіш облыс бойынша 3 пайызға жуық.

Сауалнаманың қорытындысы бойынша облыс тұрғындарының көпшілігі жағдайды жағымды бағалады, бұл халықтың әлеуметтік сезіну деңгейінің жоғары екенін көрсетеді.

Облыстағы әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы ақтөбеліктердің оптимистік көңіл-күйін сипаттайтын жауаптар тұрғындардың тікелей тұрып жатқан орындарында да жоғары бағалануымен беки түсті.

«Сіздің қаржы жағдайыңыз соңғы жылдары қалай өзгерді?» деген сұраққа ақтөбеліктердің басым көпшілігі (64%) соңғы уақытта өзінің материалдық жағдайында жағымды өзгерістер болғанын, оның ішінде 32%-ы материалдық жағдайы едәуір жақсарғанын көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың тек 6 пайызының ғана материалдық жағдайлары аздап төмендеген. Сауалнамаға қатысқандардың 30 пайызының материалдық жағдайы өзгермеген.

Сондықтан сұрақтарға жауап берген облыс тұрғындарының 82 пайызының әлемдік экономикалық дағдарысты сезінбеуіне таңданбауға болады, ал 12%-ы жауап беруге қиналамын деген. Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 6 пайызы әлемдік дағдарыстың кері әсер еткенін сезінген. Сонымен қатар қалалық тұрғындардың дағдарысты неғұрлым сезінгенін айта кету керек.

«Теңге курсының құлауы (девальвация) сіздің отбасыңыздың өміріне қалай әсер етті?» деген сұрақтың жауабы бойынша ақтөбеліктердің тек 2 пайызына теңге курсының төмендеуі оң әсер еткен. Респонденттердің көпшілігі (80%) девальвацияны ешқандай сезінбеген. Жауап берушілердің 6%-ы теңгенің құнсыздануынан зардап шексе, 12%-ы бұл сұраққа жауап беруге қиналған.

Бұл қорытындылар әлемдік дағдарыс пен теңге курсының құлауы азаматтардың материалдық жағдайына өте қатты әсер етпегенін көрсетеді. Бұл түсінікті де, өйткені тұтастай алғанда, облысымыздың аудан орталықтары үшін кірістер мен тұтынудың орташа деңгейі негізінен әлемдік экономика мен қаржының өзгеруіне байланысты емес. Бұл ақтөбеліктердің орташа шығын жұмсау құрылымындағы өзгерістер туралы сұраққа берілген жауаптармен дәлелденіп отыр.

Мәселен, сауалнамаға қатысқандардың жалпы санының 78%-ы отбасылық қаржы жұмсау тәртібін өзгертпеген, бұрын қанша сауда жасаса, қазірде де солай жұмсауда. Респонденттердің 14%-ы үнемдеп, өздерінің жұмсалатын шығындарын азайтқан. Бұл соңғы уақытта материалдық жағдайлары сәл нашарлап, теңге курсының төмендеуіне байланысты кері әсерді сезінген ақтөбеліктердің өкілдері болып табылады.

Егер бұл адамдарды дағдарысқа дейін де үнемдеуге үйренген, ақшаны қалай болса солай шашуға дағдыланбаған деп айтатын болсақ, қателік болмайды. Барлық осы деректер әлемдік дағдарыс салдарлары біздің облысымыз аумағында соншалықты сезілмейтіні туралы тұжырым жасауға мүмкіндік береді.

Ақтөбе облысы тұрғындарының саяси көңіл-күйлері мен басымдықтары туралы мәселелердің екінші блогында сұрау салынғандардың саясатқа 54%-ы ұдайы, 40%-ы ішінара назар аударып отыратыны анықталды. Тек 6%-ын ғана саясат мүлдем қызықтырмайды. Сұрау салынғандардың басым көпшілігі жаңалықтарды республикалық және облыстық БАҚ арқылы біледі.

Қоғамның әр түрлі салаларындағы жағдайды бағалау туралы сұрақтарға жауаптар сенім мен оптимизмнің жоғары деңгейіне сендіреді: экономикалық салада – 89%, әлеуметтік салада – 92%, саяси салада – 90%, тіршілік деңгейі – 88%. Мұндай, тұтасынан алғанда, оң көңіл-күй мемлекеттік басқару органдарының толық қолдауымен (92%) орын алуда. 8%-ы ғана тұтасынан алғанда, ел мен облыс басшылығын қолдамайды. Облыс басшылығы мен аудан әкімдерінің қызметін бағалау да сондай тең дәрежеде.

«Сіз экономикалық дағдарыс жағдайында Үкіметтің әрекетін қолдайсыз ба әлде қолдамайсыз ба?» деген сұраққа жауаптар мемлекеттік органдардың қызметін қолдау дәрежесі туралы алдындағы сұрақтарға жауаптармен бірқатар қарама-қайшылықтарға ие. Егер, тұтасынан алғанда, Үкіметті сұрау салынған азаматтардың 80%-дан астамы қолдаса, 18%-ы дағдарыс жағдайындағы оның қызметін қолдамайды.

Бұл дағдарыс әсерінен алаңдаушылық элементтері бәрібір бар екендігі және облыс тұрғындарының өз үміттерін нақ  Үкімет әрекеттеріне байланыстыратындығы, одан неғұрлым белсенді, тиімді дағдарысқа қарсы шаралар күтетіндігі туралы тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді. Олар дағдарысты жеңу бойынша жолды қайдан көретіндігі туралы сұраққа жиынтықтағы жауаптарында тұрғындардың басым көпшілігінің Президент пен Үкімет тарапынан әрекеттер күтетіндігін тұжырымдайды. Тұрғындар мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек бойынша өздеріне қатысты қабылданатын шаралар туралы біледі және сезінеді. Үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралары арасынан сұрау салынғандар мыналарды көбірек атады:

  • бағаны тұрақтандыру бойынша шаралар;
  • шағын және орта бизнес үшін салықтық жеңілдіктер;
  • ақылы бөлімдерде оқитын студенттер үшін грант түрінде қолдау;
  • ұлттық тұрақтандыру қорынан қаржы бөлу;
  • қысқартуға, еңбекақы жөніндегі төлемсіздікке жол бермеу туралы басшылармен уағдаластық;
  • ипотекалық несиелендіру бойынша төлемдерді жеңілдету бойынша шаралар.

Сұрау салу барысында респонденттер атаған бұл шаралар адамдардың мемлекет тарапынан қолдауды, мемлекеттің өзінің азаматтарын осындай қиын уақытта өз проблемаларымен бетпе-бет тастамайтындығын, халықпен бірге қаржылық дағдарыстың теріс салдарларын жеңуге ұмтылатындығын   сезінетіндігін білдіреді.

Негізінен алғанда, Ақтөбе облысының тұрғындары мазасыздық, үрей, дүрбелеңге бой алдырған жоқ. Болашаққа сенімділік, әлеуметтік оптимизмнің жоғары деңгейі алдағы дамудың перспективалары туралы жауапты алға тартты. Облыс тұрғындарының басым бөлігі (81%) елдегі экономикалық жағдайдың жақсаратындығына сенімді. Болашаққа үміті аздар – сұрау салынғандардың жалпы санының 8%-ы, ал жауап беруге қиналғандар – 11%.

Осылайша, жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша мынадай тұжырымдар жасауға болады:

  • Ақтөбе облысының орташа статистикалық тұрғындарының көңіл-күйіне әлемдік дағдарыстан туындаған экономикалық өсу қарқынының төмендеуі елеулі түрде әсер еткен жоқ. Бізде бәрі де жақсы, әлемдік дағдарыстың салдарлары ұзақ мерзімді перспективада олардың өміріне елеулі қатысы болмайтындығына сенетін «әлеуметтік оптимистер» деп аталатындардың үлесі мейлінше жоғары – 80%-дан жоғары.
  • Облыс тұрғындарының оң көңіл-күйлері ағыны таяудағы айлар ішінде әлі де жалғаса түсетін болады, өйткені адамдар мейлінше жақсы өмірге енді-енді ғана үйрене бастады, бірақ егер таяудағы уақытта экономикалық жағдай күрделілене түсетін болса, онда облыс тұрғындарының  әлеуметтік сезінуі нашарлауы мүмкін.
  • Облыс азаматтарын мазасыздандыратын проблемалар экономикалық сипатқа ие және бірінші кезекте табыспен, тұрғын үй жағдайларымен байланысты.
  • Мемлекет басшысына сенім деңгейі бұрынғыдай жоғары. Президент оң бағаларға ие, Н.Ә. Назарбаевтың имиджі соңғы жылдары халықаралық масштабтағы тұлға ретінде ақтөбеліктердің санасында қалыптасса, сол күйінде сақталуда. Нақ осы баға респонденттердің жауаптарында басымдықта тұр.
  • Үкімет пен Парламенттің рейтингтері әзірше 80 пайыздан жоғары деңгейде ұсталуда. Биліктің осы екі бұтағында сенім индексі мықты төмендеді деп айтуға болмайды. Тіршіліктің кейбір нақты нашарлауына қарамастан рейтингтер бұрынғыша жоғары.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button