Экономика

Сәуірдегі сын

Шолу

Биылғы сәуір елге, елге емес-ау, күллі әлемге ауыр сынағын ала келді. Бұл, шынын айтқанда, «көппен көрген ұлы тойға» келмейтін, жалпы жұртшылықты абдыратқан, көлденең кесапат сынды болды.

Әншейінде «Сақтансаң — сақтармын» деген тәмсілге оншалықты көңіл қоя бермейтіндердің өзі осы жолы белгіленген тәртіпке бағынуға мәжбүр болды. Соның нәтижесінде қауіпті дерттің кеңінен жайылып кетпеуі үшін тосқауыл қойылды.

Ең бастысы, қиын сәтте бірлігіміз білінді. Адамдар алғы күннен жақсылық күтіп, жамандыққа бой алдырмады. Содан да болар, тіршілік тынысы тоқтаған жоқ.    

302 жоба, 12 мың жұмыс орны

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр Ақтөбеге жұмыс сапары барысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының орындалуы жайымен танысты.

Биыл жолдарды жөндеуге баса назар аударылмақшы. 40,5 миллиард теңгеге 800 шақырымавтожолдыжөндеужоспардатұр.

Облыста жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 46 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді, бұл бағытта 302 жоба жүзеге асырылады. Аталған  жобалар 12 мыңға жуық жұмыс орнын құруға жол ашады.

Ақтөбе-Атырау республикалық маңызы бар жолдың 100-160 шақырымдағы жұмыстың жоба  құны — 14 млрд теңге. Жол  жөндеу жұмысы 2021 жылы аяқталады деп белгіленген.

Биыл 160-220 және 275-330 шақырымдар аумағындағы  жолдарды жөндеу аяқталады деп күтілуде.

Диқандар алқапқа шықты 

Сәуір айында көктемгі дала жұмыстары басталып та кетті. Мемлекет тарапынан шаруашылықтарға қолдау білдіретін «Еңбек» бағдарламасы белгіленген.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалына 11 шаруашылықтан жалпы сомасы 61 миллион теңгенің жобасы түсті.

Мысалы, Хромтау ауданындағы «Наурыз» шаруа қожалығы қор арқылы көктемгі дала жұмыстары үшін биыл алтыншы рет несие алып отыр. Қожалық 1300 гектар жерге егін егеді.

Алға ауданындағы «Меңдібай-Қарағаш» шаруа қожалығы биыл тұқым мен жанар-жағармай әрі қосалқы бөлшек алу үшін қордан 6 миллион теңге несие алды. Мұнда 600 гектар алқапқа егін егіледі. Оның ішінде арпа, сұлы, мақсары егу жоспарланған.

Қазіргі уақытта агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша «Егінжай» бағдарламасына да қатысуға мүмкіндік бар. Бұл бағдарлама егін егіп, бау-бақша өсірумен айналысушылар үшін тиімді.

Өнім бағасы өскен жоқ

Облыс басшысы Оңдасын Оразалин әлеуметтік маңызы бар 19 өнімге, яғни бірінші сұрыптағы ұннан жасалатын нан, қарақұмық, күріш, өсімдік майы, сиыр еті, жұмыртқа, картоп, қырыққабат, сәбіз, пияз, қант, айран-сүт, сүзбеге бекітілген азық-түлік бағасының тұрақтылығын бақылауға алды.

«Жаңа Әлжан ұн зауыты» ЖШС жылына 110 мың тонна ұн, 7,2 мың тонна макарон өндіреді. Мұнда алдағы өнімге дейін бидай қоры жеткілікті, сондықтан бағаны көтеруге еш негіз жоқ. Қазір кәсіпорында күніне 500 тонна өнім шығарылуда.

«Ақтөбе Фудс», «RokosGroupGlobal» кәсіпорындары да толық қуатында жұмыс жасап, өсімдік майын өндіріп, шұжық өңдеуде. Бұл жерлерде де баға тұрақтылығы сақталған.

«АгроОптСервис» ЖШС көтерме базары сауда орталығының қорында 400 тонна картоп, 130 тонна сәбіз, 180 тонна қырыққабат, 300 тонна пияз сақтаулы.

Тарифтер төмендеді

Халықты әлеуметтік қолдау және қаржылық ауыртпашылықты азайту мақсатында облыс бойынша тұрғындар үшін коммуналдық қызметтердің тарифтері төмендетілді.

Нақты айтатын болсақ, коммуналдық қызметтерге наурыз айына есептелген төлем бұған дейінгі қарастырылған деңгейден төмен болады.

Мәселен, «Ақбұлақ» АҚ Ақтөбе қаласы бойынша тарифтерін 20%-ға азайтты. «Теміржолсу-Ақтөбе» ЖШС да осындай жеңілдік жасайтындығын хабарлады.

Шалқар, Алға, Мұғалжар, Хромтау аудандарында да, сондай-ақ Кеңқияқ елді мекенінде сумен жабдықтау қызметі 50-20%-ға жеңілдетілді.

«Ақтөбеэнергоснаб» ЖШС электр энергиясын тұрмыстық мақсаттарға тұтынатын тұрғындар тобына 10% жеңілдік қарастырды.

Сонымен қатар осыған дейін коммуналдық қызметтер көрсететін барлық субъектілерге, берешек туындаған жағдайда, қызмет көрсетуді тоқтатпау туралы ұсыным жолданды.

Іскер әйелдер игілігі

«Біз біргеміз» қайырымдылық акциясына Ақтөбенің іскер әйелдері белсене қатысты. Олар ұйымдастырған бір шара барысында 70 аз қамтылған отбасы мен жалғызбасты қарияларға көмек көрсетілді.

Шағын және орта бизнесті дамытып жүрген нәзік жандылар қайырымдылық ісінен тыс қалмағаны қуантады. Іскер жандар қауымдастығы бұл жолы бір миллион теңге көлемінде ақшалай қаражат жинап, әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға азық-түлік пакеттері мен гигиеналық құралдарын жеткізіп берді. Қауымдастық жанындағы «Жас қанаттар» ұйымына біріккен өз кәсіптері бар қыз-келіншектер де бастамаға қолдау білдірді.

* * *

 …Сонымен, мамырға да келіп жеттік. Бұл айда Ұлы Жеңістің 75 жылдығы атап өтіледі. Аталарымыз бен әкелеріміздің ел қорғаудағы ерлігі, қайтпас қайсарлығы, жасымас жігері бүгінгі буынға да жұғысты болғай деп тілейік.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button