Күн тәртібінде – жылды табысты қорытындылау
Міне, үшінші тоқсан да аяқталып, жылдың аяқталуына санаулы уақыт қалды. Ал оны лайықты қорытындылау үшін атқарылған істерді нақты талдап, жұмыстағы орын алған олқылықтарды анықтап, дер кезінде қалпына келтіру қажет. Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың төрағалығымен өткен жиын осы ауқымда өрістеді. Оған департаменттер мен басқармалардың басшылары, сондай-ақ қала және аудандардың әкімдері қатысты.
Өзінің маңыздылығына байланысты әрбір кеңестің дерлік күн тәртібінен түспейтін алдағы мал қыстатуға, жемшөп дайындауға қатысты аймақ басшысы бұл саладағы атқарылған жұмыстар үшін жиналғандарға алғыс сезімін білдірді. Қазіргі уақытта облыс бойынша 1 миллион 419 мың тонна шөп дайындалды. Бұл жылдық қажеттілікке шаққанда 120,6% құрайды.
Сонымен бірге әкім бүгінгі күні нормативті қажеттіліктің 70%-ын құрап отырған жем дайындауға жиналғандар назарын аударды. Бұл бағытта Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз, Қобда және Ойыл аудандарында атқарылған жұмыстарды үлгі ете отырып, Елеусін Сағындықов қалғандарының ыждағаттылық танытуы қажеттігін айтты. Аудан басшыларының алдына нақты міндет қойылды – 1 қарашаға дейін жемнің толық қорын дайындау қажет.
Кеңесте сондай-ақ алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселесі де қаралды. Бүгінге дейін облыс бойынша 527 білім беру және 501 денсаулық сақтау объектілеріне жөндеу жұмыстары аяқталды, 432 қазандық, 257,6 км. жылу желісі жөнделді, 117,1 км. су құбыры-канализациялық желілер жұмысқа әзір болды.
Бюджеттік ұйымдарды қазіргі уақытта отынмен және дизельдік отынмен қамтамасыз ету тиісінше 93,9% және 93,7% құрайды. Қатты отынды жеткізуде Ырғыз (66%) және Ойыл (85%) аудандары бойынша артта қалушылық бар екендігі атап өтілді. Аудандардың әкімдеріне жеткізілген отын үшін төлем бойынша бюджеттік ұйымдардың қарыздары жөнінде ескертілді, оның жалпы сомасы 139,8 миллион теңге құрайды.
Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту ісі де күн тәртібіне қойылды. Қазір облыс бойынша бұл саладағы қамтамасыз ету 77,6% құрайды. Жыл басынан бері облыста 6263 орындық шағын орталықтар мен 92 балалар бақшасы ашылды. Бұл балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды 12,9%-ға көтеруге мүмкіндік берді. Ағымдағы жылдың аяғына дейін 860 орындық 5 балалар бақшасын ашу жоспарлануда, соның нәтижесінде кемінде 80%-дық көрсеткішке қол жеткізілмекші (2010 жылдың басына – 64,7%).
Кеңес қорытындысында Елеусін Сағындықов аудандар мен тиісті мекемелердің басшыларына аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды одан әрі жақсартуға бағытталған тапсырмалар берді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.



