Жаңалықтар

Игі  істің  еленуі 

Жақында «Ақтөбе» газетінде танымайтын адамның пәтерақысын төлеп берген учаскелік полиция инспекторы Бақтияр Жақыпов туралы жазған едік. Кеше Бақтияр Жақыпов осы игі ісі үшін ІІМ грамотасымен марапатталды.

ҚР ІІМ-де бейнеконференц-байланыс режимінде төтенше жағдай кезінде көзге түскен ҚР ішкі істер органдарының 47 қызметкері мен әскери қызметшілерін ведомстволық наградалармен марапаттау рәсімі өтті. Бұл туралы Ақтөбе облысы полиция басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов хабарлады.

Ішкі істер министрлігі басшысы ел үшін қиын кезеңде ішкі істер органдары қызметкерлерінің төтенше жағдай кезінде өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндіре отырып, ерекше режимде жұмыс істеп жатқандығын айтты. Карантиндік іс-шараларға қатысумен қатар олар құқықтық тәртіпті қорғау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тәулік бойы қызмет атқарады.

— Мемлекет басшысы ішкі істер органдары қызметкерлерінің төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесін жоғары бағалады. Президенттің тапсырмасы бойынша карантиндік іс-шараларға тартылған барлық қызметкерлер мен әскери қызметшілер лауазымдық жалақы мөлшерінде сыйақымен, барлығы жеке құрамнан 52 мыңнан астам қызметкер ынталандырылады,  —  деді министр.

Марапатталғандардың арасында Ақтөбе қаласының учаскелік полиция инспекторы Бақтияр Жақыпов та бар. Ол Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен ІІМ грамотасымен марапатталды.

Сондай-ақ, олАқтөбе облысы ЖП бастығы Б.Арыстановтың бұйрығымен 2 айлық жалақы көлемінде ақшалай сыйақымен марапатталды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button