Жеңіс

Майданнан жеткен үшбу хат

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жыл. Бұл соғыстың қасіреті бүгінге дейін аз айтылған жоқ: кітап болып жазылды, кино болып түсірілді, тарих болып хатталды. Елге аман-есен келген жауынгердің сыр сұхбаты болып та баяндалды. Қазіргі таңда кейінгі буын «Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды» ұстанымын атадан балаға өсиет қылып насихаттап келеді. 

Дегенмен Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңін кең ауқымда көрсетуге септігін тигізетін эпистолярлық жазбалар, яғни ұрыс даласы мен бейбіт өмірді жалғаған жауынгер хаттары әлі де болса ғылыми тұрғыда арнайы зерттеу нысанына айналған жоқ. Жауынгер хаттары — солдаттың елге деген сағынышы ғана емес, майдан өмірі, окоп шындығы. Дала поштасынан жолданған бұл хаттардың көбі бүгінгі күнге жеткен жоқ. Алайда елім деп еңіреген ерлердің үшбу сәлем хаттарын еміренген елі, асыл аналар көздің қарашығындай сақтап, ұрпағына рухани мұра қылып жеткізді.

Мәселен, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк (Мәнсия) Мәметованың Орал қаласындағы музейінде қаһарман қазақ қызының алты хаты сақтаулы тұр. Оның біреуі 1938 жылы латын графикасында жазылған хат болса, бесеуі — орыс тілінде майдан даласынан жазылған хаттар. Музей қорындағы әріптері көмескіленіп, тозығы жеткен Мәншүктің хаттары бізге дейін түпнұсқалық текстологиясы толықтай қалпына келтіріліп оқылған да, жарияланған да емес. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында алғаш рет Жеңістің 70 жылдығы қарсанында Мәншүктің майдан даласынан жазылған бес хаты 2015 жылы 9 мамыр күні «Приуралье» газетінде жарияланып, Ақжайық жұрты көзайым болған еді.

Бұл істе материалдармен танысуға мүмкіндік жасаған музей қызметкері ӘлияЖантөреқызы болатын.

Мәншүк Мәметованың хаттарына үңілсек,онда амандық сұрасу, ақпарат бөлісу, бірінші жақтан баяндалатын көңіл күй реңктері сынды эпистолярлық стиль ерекшеліктері тән. Ал хат мәтініндегі жеке сөйлемдер оның дүниетанымы мен заман шындығын көрсетеді. «Дорогая апа» деп басталатын бірінші хатында анасын 1 мамыр мерекесімен құттықтап, қызыл әскер қатарында Отанын жаудан қорғауда алғы шепте жүргендігін мақтан ететін тұстан кейінгі: «Выполняя приказ Сталина, не отступать ни на шаг назад. И я лично оправдаю доверие партии, храня в груди кандидатскую карточку»,— дегенекісөйлемоқырманның ерекше назарынаударады. Ал Мәншүктің1943 жылғы 20 мамырда жазған хаты көңілкүй реңкіне толы. Онда батыр қыздың елге деген сағынышы, елден келген хатқа ерекше қуанатыныанық сезіледі. Осы хаттағы: «Я всегда буду жива, здорова и меня никакая немецкая пуля не возьмет, только лишь Вы пишите письма почаще», — деген сөйлемі бір Мәншүктің аузымен айтылғанымен, елден келген үшбу хат жауымен бетпе-бет келіп алысып жатқан мыңдаған жауынгерге қаншалықты қуат беретінін боямасыз көрсетіп беруімен де құнды. Жалпы болашақта Мәншүк Мәметованың өмір жолын зерттегісі келетіндер табылса, оныңмайданнан жазған хаттарына ерекше көңіл бөлуге кеңес береміз. Себебіхаттарда Мәншүктің әлемін тануға септігін тигізетін детальдар жетерлік.

Ал Мәншүктің бесінші хаты қысқа, бас-аяғы жеті-сегіз сөйлемнен ғана тұрады. Ажалды көзімен көріп, көңілмен қорытқан Мәншүк анасына жазған хатын: «Дорогая мама! … А сейчас я нахожусь в передовой, сумею ли еще раз написать письмо не знаю… Теперь ждите письмо после боя. Хош, крепко целую Вас, дочка Манчук» — деп аяқтаған. Бұл Мәншүктің 1943 жылдың 11 қазандаелге жазған соңғы хаты еді.

Негізінен соғыс жылдары жазылған хаттар — есен-амандық қана емес, өмір шындығын бүкпесіз көрсететін тарихи құжат. Бір ғана Мәншүктің хаттары мезгілсіз қиылған миллион тағдырдың арманы мен аманатын, ызғарлы жылдардың саясаты мен салқынын тануға септігін тигізетіндей.

Осы орайда біз Мәншүктің хаттарын жариялаудан кейін Жайық жұртынан жиналған жауынгер хаттарының негізінде «Сарғайған солдат хаттары» атты кітапты шығаруды жоспарлап отырмыз. Кітаптың ерекшелігі, жауынгерлердің өз қолымен жазған хаттары сол күйінде беріледі. Бұл оқырманға көне жәдігерді көзбен көруге мүмкіндік туғызумен қатар, түпнұсқаның редакцияланбай, теріліп басылғанына көз жеткізеді. Сондай-ақ, кітапта эпистолярлық жанр табиғаты мен заман шындығын таныту мақсатында хат мәтініне ғылыми талдау жасалады.

«Сарғайған солдат хаттары»еңбегі біржола тозығы жетіп, жойылып кетпей тұрған кезде жинақталып, көптомдық кітап болып жарық көруі тиіс. Бірліктің күші мен бейбіт өмірдің қадірі — жауынгер хаттарында. Бүгінгі таңда Орал қаласындағы  Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті жанындағы академик Қажым Жұмалиев атындағы ғылыми-зерттеу орталығы бұл жұмысты кезең-кезеңмен жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Сондықтан осы сауапты іске сіздер де атсалысыңыздар, оқырман!

Айта кету керек, жауынгер хаттарын осы күнге дейін сақтап жеткізген әулет адамдары мен хаттарды жинақтап бізге жеткізуші архив, музей, кітапхана қызметкерлерінің есімі жарияланымда міндетті түрде көрсетілетін болады. Хаттарды сканерлеп, мына электронды поштаға жолдауларыңызға болады: mamyrov.69@mail.ru

 Азамат Мамыров,

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің

доценті, филология ғылымдарының кандидаты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button