Мереке

Ұлдарына қазақша есім берген чех отбасы

Қандыағаш қаласында тұратын Андрей Келлер мен Татьяна Вадюнинаның жұбы бүгінде Ержан, Нұржан, Валентин, Лианна атты үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп отыр. Балалар қазір қазақ мектебінде оқып жүрсе, кішкентай Лианна қазақ балабақшасында тәрбиеленіп жатыр.

Әр адам өзінің дүниеге келген жерін, елін Отаны деп білсе, бұл отбасының Отаны — Қазақстан. Себебі, жас отбасы мүшелері Қазақстанда өмір есігін ашып, білім алып, еңбек етіп келеді. Отбасында барлығы қазақ тілінде сөйлейді.

Келлердің отбасы жалпы үш ұлттың да салт-дәстүрлеріне көңіл бөлуге тырысады. «Әйтсе де, үйімізде қазақ ұлтының салтына басымдық береміз. Себебі, жастайымыздан қазақтың дәстүрін бойымызға сіңіріп, қазақ балаларымен ойнап, қазақ тілінде сөйлеп өстік. Жалпы алғанда, тек қазақ мейрамдарын тойлаймыз десек те болады», — дейді Татьяна.

Қазақтың тағамдары — күнделікті астары. Татьяна өзі мейрамханада аспазшы болып қызмет жасағаннан болар, қазақ ұлтының барлық тағамдарын дәмділеп пісіреді. Ал Андрей көлік жүргізушісі. Қарапайым, бақытты отбасы өз өмірлеріне дән риза.

«Қазақ халқы қашанда бауырмал ғой. Ешқашан бізді өзге ұлт деп бөлген емес. Күнделікті тіршілікте олармен араласудың, бірге жүрудің маған бергені мол болды. Ия, біздің қанымыз қазақ емес, бірақ жанымыз қазақ. Сол себепті басқа ұлтқа сіңісіп кетудің де ешқандай құпиясы жоқ деп санаймыз. Ол әр адамның игі ниетіне, алға қойған мақсатына, айналасына деген шынайы көзқарасына тікелей байланысты дер едім» деген Татьяна ата-аналарының өздерін қазақы тәрбиеде өсіргеніне қуанады.

Қазақтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген тамаша сөзі бар. Сол қағиданы біздің кейіпкерлеріміз де жалғастырып келеді. «Жақсылыққа —  жақсылық» деген ұғымды ата-аналары саналарына сіңіріп тастаған. Содан болар, ес білгелі кіндік қандары тамған елге алғыс айтудан шаршамайды. Отбасының ортақ достары да, көршілері де, араласатын адамдарының көбі — қазақ. Бала кезінен осы елде өскен чех ұлы мен орыс қызы бүгінде өз ұрпақтарының бойына қазақы тәрбиені сіңіруде. Тіпті үлкен балаларына қазақ есімдерін берген.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button