Жеңіс

Сталинге хат және Берсиевтің рекорды

Жеңіс-75

Облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы фотоқұжаттар топтамасында баспадан шыққан ерекше хат үлгісі сақталған. Құжат Екінші дүниежүзілік  соғыс кезінде жазылған. Бұл —  1943 жылы тылдағы Қазақ КСР-нің жұмысшылары мен 12 жастан асқан жеткіншектердің Мәскеу қаласы Кремль мекенжайына, КСРО Қорғаныс күштерінің Бас Қолбасшысы Сталинге жазған хаты.

Алғы сөзде бұл хатты Тянь-Шаньтаулы ауылдарынан Арқаға дейін, Ертіс пен Сырдария бойын жайлаған ұлан-ғайыр қазақ даласының ақсақалдары мен фашист басқыншыларға қарсы майданға аттанған ерін, досын және әкесін күтіп артта қалған әйелдер мен жас жеткіншіктер жолдап отырғаны жазылған. Одан әрі жау шебін бұзып, талай жеңістерге жетуге Қазақстанның қосып жатқан үлесі зор екені, майдан мүддесі үшін жайлау малға толып, колхоз малшылары қызыл әскерге жүйрік те, мініске төзімді жылқы дайындау нәтижесінде соңғы 20 айда елде мал басы 3 миллионға өскені хабарланады.

Хатта: «Майданда фашист басқыншылардың күші әлі де басым болса да, Отан соғысы даласында есімдері белгілі болған 28 панфиловшылармен бірге Кеңес Одағының Батырлары — Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров және бір жарым мыңнан аса қазақ КСРО орден-медальдарымен наградталды, Қазақстан жерінде құрылған төрт атқыштар дивизиясы мен бір бригадаға жоғары гвардиялық атақ берілді. Қан майданда ерлік көрсеткен ұлдары үшін тылдан шикізат пен азық-түлік жинап, қызыл әскерді керек-жарағымен қамту үшін еңбек ерлері де атсалысты. Солардың бірі  — Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Құрман совхозының тарышысы Шығанақ Берсиев. Ол 1940 жылы өзінің суармалы егістігінде әр гектардан 125 центнер тары алып, рекорд орнатты», — делініп, одан әрі әйгілі тарышының соғыс басталғаннан өз рекордын жаңартып, 1941 жылы — 155, 9 центнер, 1942 жылы 175 центнер тары алса, 1943 жылы 200 центнер тары алуды мақсат етіп отырғаны да жазылады. Тынымсыз еңбегі мен айналасындағы жүздеген мың колхозшыларға өзі үлгі боп, қиын-қыстау кезеңде қалай еңбек етуді үйретіп жатқан қызылордалық күріш өсіруші Ким Ман Сам айтылса, 1942 жылы Алексей Жеребцов бастаған Қостанай облысының Семиозерный МТС трактор бригадасы өз міндеттерін екі есе орындағаны жайлы да хатта аталып көрсетілді.

Тылдағы ерліктің үлгісі болған Қазақстан мал шаруашылығындағы даму мен жетістігі үшін КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі шешімімен жоғары дәрежелі наградаға — Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл Туы мен бірінші сыйақыға ие болды. 1941 жылмен салыстырғанда 1942 жылы мемлекетке Қазақстан 2 млн 657 мың пұт ет, 108 мың пұт жүн артық тапсырған. Ауыл шаруашылығының жетістіктерімен бірге өнеркәсіп және транспорт стахановшыларының жетістіктері де қатар жүрді, бірнеше өндіріс орындары сыйақылармен марапатталған. «Искине» мұнай кәсіпшілігі мен «Сталинуголь» тресі Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл Туын иеленсе, Қарағанды шахтерлері, Ембі мұнайшылары, Балқаш, Лениногорск және Шымкент түсті металл игерушілері, Коңырат пен Ащысай кеншілері, Каспий мен Арал балықшылары күннен-күнге еңбек өнімін арттыра отыра жоспардан тыс өнім қорын үздіксіз толтырғаны хатта аталып көрсетіледі.

Соғыстың ауыр күндерін жеңе білген тылдағы колхозшы азаматтар аз уақытта «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасының құрылысына өз жинақтары есебінен 270 млн 685 мың рубль жинап, қызыл әскер қоры мен өндіріс орындарының жұмысшыларына 732287 пұт нан, 82 000 пұт күріш, 33 889 пұт өзге де азық-түлік тапсырған. Қорғаныс техникалары құрылысы үшін Қазақстан колхозшылары және кеңестік зиялылардан 474 млн 558 мың рубль тағы жиналған. Тылдағы Қазақстан жұмысшылары Сталинге уәде бере отыра, 1943 жылы Бүкілодақтық социалистік жарыста бірінші боп шығумен қатар негізгі міндет пен борыш — неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғысып жатқан қызыл әскерді барлық шикізат, азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін тынбай еңбек етіп жатқаны, Жеңіске жетуге барынша күш жұмылдырылғаны туралы жазылған.

Сол тұста Ақтөбе облысы совхоздарының жұмысшылары 1943 жылы мынадай жаңа көрсеткіштерге қол жеткізуді жоспарлайтыны көрсетілген:

Мал шаруашылығы бойынша:

  • 1944 жылдың 1 қаңтарына дейін ірі қара санын — 38 000, жылқы — 2070, қой мен ешкі — 60 000, шошқа — 883, құс санын 3000-ға жеткізу.
  • 1943 жылдың 1 қарашасына дейін қызыл әскер қорын етпен қамтамасыз ету жоспарына сай мемлекетке 12 000 центнер семіз ет пен 8000 центнер майлылығы орташа ет тапсыру. Сонымен бірге мерзімінен бұрын, 1943 жылдың 1 қарашасына дейін 8900 центнер сүт өнімдерін; 1 шілдеге дейін 1450 центнер жүн-тері тапсыру.
  • Астық жинау науқанына дейін 1308 мың центнер жем-шөп дайындау жоспарын орындау.
  • 1943 жылдың 1 қазанына дейін мал тұрақтарын дайындап, қосымша 1 сиыр қора, 3 қой қора, 1 атқора салу және 1943 жылдың 15 қазанына дейін ескі қора-жай құрылыстарын жөндеп, аяқтау.
  • 1 сауын сиырдан орташа есеппен 900 литр сүт алынса, барлық колхоздан 2500 литр сүт алу және 1 қойдан орташа есеппен 3,1 кг жүн қырқылса, барлық совхоздан 1450 центнер жүн жинау жоспарға кіргізілген.
  • Малы жоқ колхозшылар мен қызыл әскер жауынгерлерінің отбасыларына жоспардан тыс артылған қой, бұзау, торайларды сату да жоспарға енгізілген.

Егін шаруашылығы бойынша:

  • Жаздық дақылдарды егу үшін 12390 гектар пайдалы және тың жерлерді игеру.
  • 12390 гектар жерге жаздық дақылдарды егу арқылы жоспарды 200 гектарға артық орындау.
  • 6 жұмыс күні ішінде дәнді дақылды, 5 жұмыс күнінде тары егу жұмыстарын аяқтау.
  • 10 қыркүйекке дейін 8000 гектар жерге күздік бидай егіп, жоспарды 100 гектарға артық орындау.
  • Бекітілген агротехникалық шаралар жоспарын толық орындау мақсатында жаздық және күздік дақылдарды егуде қатарлап себетін тұқымсепкішті пайдалану.
  • 2 жұмыс күнінде қатарлап себетін тұқымсепкішпен құнарлы жерлерге жақсы сұрыпталған тұқымдарды сеуіп, арамшөптерден толық тазарту және 4 жұмыс күні ішінде жақсы сұрыпты тұқымдарды жинап алып, егіннің ысырап болуына жол бермеу.
  • 16882 гектар жердің арамшөптерін отау мен екі есе өңдеу, техникалық дақылдар жерін екі есе өңдеу, егін шығынын болдырмай, 30 жұмыс күні ішінде жинап алу.
  • Барлық астықтұқымдастылардан орта есеппен 5,0 центнерден өнім алу.
  • Астықтұқымдастылармен және МТС натуртөлемдермен толық қамтамасыз етуді 1 қазанға дейін орындау. 10 000 гектар пар жерлерді 1 шілдеге дейін игеріп, жаз бойы кемінде 2 рет қопсыту.
  • 17 000 гектарсүдігер жырту арқылы жоспарды 200 гектарға артық орындау.

Бұл хатқа Ақтөбе облысы совхоз директорларының кеңесіне қатысушы 50 адам қол қойған.

Лаззат САҒИДОЛЛАҚЫЗЫ,

облыстық тарихи-өлкетану музейі қор сақтау ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button