Жаңалықтар

Өз азаматтарымызды өзекке теппейік

Кеше Ақтөбе облысында коронавирус індетін жұқтырғандар саны бірден 55-ке көтерілді. Бір күнде 28 адам тіркеліп, жұртшылық арасында кәдімгідей үрей туғызды. Өткенде де солай болған. 11 адам болып тұрған жерінен бірден 27-ге көтерілген. Жұртшылық көріп отырғандай, «өсім», негізінен, сырттан келгендердің есебінен болып отыр.

Оның бәрі ақтөбелік емес. Сондықтан да ел арасында «неге сырттан келгендерді кіргізе береміз, олар неге дәл Ақтөбе аумағы арқылы өтуге тиіс?» деген пікір жоқ емес. Қазақстан пандемияға қарсы күресті дер кезінде бастап, нақты іс-қимылға көшті. Шетелде жүрген отандастарымызды елге алдырып жатыр. Меніңше, өте дұрыс. Әрбір азамат бұндай қиын кезеңде артында елі, мемлекеті бар екенін сезінуге тиіс. Ал енді сол сырттағы азаматтарды елге жеткізу, ыңғайына қарай, әртүрлі өңірлер арқылы жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі — тоғыз жолдың торабында орналасқан Ақтөбе. Осындай ретпен облысымызға шетелден ұшақпен, автобуспен оралған республикамыздың түкпір-түкпірінің өкілдері келіп жатыр. Ал оларды тыңғылықты тексеріп кіргізу — дәрігерлердің міндеті. Сондықтан да облысқа кірер «есіктің» бәріне блок-бекет қойылды. Өйткені ел шекарадан басталады. Келген адам қай өңірдікі екендігіне қарамастан, мұқият тексеріліп, оның қорытындысы шыққанша Ақтөбеде карантинде болады. Егер кімнің бойынан қауіпті вирус анықталса, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылып, толық айыққанша тиісті емін алады. Ал сау шыққандар арнайы ұйымдастырылған көлікпен өз өңірлеріне жетіп, ары қарай жергілікті дәрігерлердің бақылауында болады. Тәртіп солай! Бұның сыртында алыс-жақын шетелден, әсіресе Ресейден өз бетімен келіп жатқан отандастарымыз да бар. Азық-түлік, құрылыс заттары, медициналық құралдар мен дәрі-дәрмек тасыған жүк көліктері де өтіп жатыр. Бәрі де жоғарыда айтылған ретпен тексеріледі. Бұлай істемесе, болмайды. Бойында вирус бар науқас жол жүрген сайын ауруды тарата береді. Қазір күллі Қазақстан біртұтас организмге айналды. Аурудан түгел айығу үшін бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, күресуіміз керек. Ана өңір, мына өңір деп бөлінудің түбі жақсылыққа апармайды. Пафос боп көрінсе де айтайын, қазір нағыз «әр қазақ — менің жалғызым» дейтін кез. Індет мәңгілік емес. Бұл күндер де өтеді. Тағдырдың жазуымен Ақтөбенің дәмін татып, ауруханасында ем алғандар кейін біздің өңір туралы, оның білікті дәрігерлерін сүйіспеншілікпен еске алары хақ. Лайым, сол күндерге тезірек жетейік.

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button