Жаңалықтар

24 мың дана тест емханаларға таратылып беріледі

Тұрғындар арасында карантин мерзімі мен коронавирусқа қатысты сұрақтар көп. Осы орайда облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева, облыстық  денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев және облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Ардана Саймағамбетов тұрғындар сауалына жауап берді.

Қазіргі таңда облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Алайда соңғы екі күнде екі адамнан коронавирус анықталған. 15 сәуір күні тіркелген бір адам науқастанғаннан кейін емханаға және туыстарының үйіне барған. Өкінішке қарай, туысының үйіне барғанын жасырып қалған. Қылмыстық Кодекстің талаптарына сәйкес адам өміріне қауіп төндіретін ақпаратты жасырғаны үшін хаттама толтырылып, құқық қорғау органдарына жіберілген.

Нұрсұлу Беркімбаева тұрғындарға карантин мерзімі ұзартылғанын айтып, себепсіз үйден шықпай, сақтық шараларын жасауды ескертті.

Әсет Қалиев қазіргі күні 24 мың дана тестке тапсырыс берілгенін, алдағы екі-үш күнде қалаға жететінін айтты. Тест емханаларға таратылып беріледі. Қауіпті топқа жататын, яғни үй карантиніндегі, науқастармен байланыста болған адамдар тест арқылы өзінде коронавирустың бар немесе жоқ екенін анықтауына болады.

Ардана Саймағамбетов себепсіз сыртқа шығып, карантин талабын бұзған азаматтар жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Инстаграм әлеуметтік желісі арқылы тұрғындар көкейлерінде жүрген барлық сұрақты қойды. Басшылар әрбір  сұраққа толық жауап берді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button