БілімБасты жаңалықтар

Ақтөбенің педагогтері еліміздің оқушыларына дәріс оқиды

Қазір біздің облыстағы 10 үздік педагог «Балапан» және «Еларна» арналары арқылы еліміздің оқушыларына берілетін бейнесабақтарға түсіп жатыр. Өңір педагогтері ел оқушыларына биология пәнінен сабақ береді. Жалпы төртінші оқу тоқсанында 7 оқу аптасы бар. Соның 5 аптасының жүктемесі біздің ұстаздарға беріліп отыр. Ақтөбелік биологтар сәуірдің 20-сы мен мамырдың 22-сі аралығында жалпы саны 70 сабақ өткізеді.

Гүлмира НУКЕЕВА, облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы:

—Білім және ғылым министрлігі 7 аптаға жоспарланған жұмыстың 5 аптадағы жүктемесін орындауды біздің облысқа міндеттеп отыр. Бір айға бекітілген кестеге сәйкес жалпы саны 70 сабақ түсіру тапсырылды. Соның тең жартысы қазақ тілінде, қалған бөлігі орыс тілінде өткізіледі. Биология пәні 7-11 сыныптың оқушыларына жүргізіледі. Осы 5-сыныптың оқушыларына бейнесабақ беру үшін ең үздік 10 педагог таңдалып алынды. Әр сыныптың сабақтарын түсіру үшін бір-бір мұғалім бекітілді. Олардың 5-еуі — қазақ тілінде, қалғаны орыс тілінде сабақ өткізеді. Телеарналардағы бекітілген сабақ кестесіне байланысты аталған пәнді бір аптада оқыту жүктемесі — 14 сабақ. 7,8,9-сыныптарға аптасына бір реттен өткізілсе, 10-11 сыныптар үшін телесабақ аптасына екі реттен беріледі.

Бүгіннен бастап «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы арқылы биология пәнінің сабақтары түсіріліп жатыр. Уақыттың тығыздығына байланысты бір аптаның сабақтарын, яғни 14 сабақты бір күнде түсіруді жоспарлап отырмыз. Соған сәйкес 5 күнде 5 аптаның сабағы түсіріледі.

Сабақ өткізетін мұғалімдердің арасында М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың мұғалімі Гүлназ Мыңжасарова, облыстық педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері  Рано Дәрібаева мен Сәуле Ерназарова және облыстық дарынды жасөспірімдерге арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының мұғалімі Нұрлан Сүйеуов бар. Сондай-ақ, Ақтөбе қаласындағы мектептердің де үздік педагогтері тартылып отыр. Олар: Жанаргүл Бекенова (№23 мектеп-лицей), Гаухар Кеулімжаева (№8 мектеп), Юлия Ященко (№11 мектеп-гимназия), Венера Жалғаспаева (№26 мектеп), Света Әбдіқалықова (Благодар орта мектебі) Гүлмира Давлетбаева (№28 мектеп).

Біздің орталық тарапынан өңір педагогтеріне қашықтан оқыту тәсілін түсіндіру мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілді. Мұғалімдеріміздің бұл қиындықты еңсеретініне сенім білдіреміз.

Гүлназ МЫҢЖАСАРОВА, М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың мұғалімі:

—Мен 11-сыныптар үшін сабақ беремін. Телеарна бойынша апталық жүктеме — екі сабақ. Мектеп бітірушілер биология пәнінен төртінші оқу тоқсанында «Организм және ортаның өзара қарым-қатынастары» бөлімін бастап, сабақ «Организмдер арасындағы қарым-қатынастар» тарауынан аяқталады. Осы екі үлкен тарауды толық меңгерулері үшін оқушыларға 10 сабақ беріліп отыр (телеарна бойынша). Бейнесабақ ұзақтығы — 10 минут. Оның 6 минуты  жаңа сабақты түсіндіруге негізделеді. Сол 6 минутқа негізгі ойды сыйғызуымыз қажет. Сондай-ақ қалған 4 минутта жаңа сабақты меңгерту мақсатында тапсырмалар береміз. Сонымен қатар сол тапсымалардың жауаптарын да орындаймыз. Сабақтың мазмұнын аша түсу мақсатында суреттерді, кестелерді, бейнероликтерді қолдана отырып, оқушылардың қызығушылығын арттыруымыз қажет. Балалардың сабақты жеңіл, тез қабылдаулары үшін менің әріптестерім үлкен күш жұмсап жатыр.

Сәуле ЕРНАЗАРОВА, Ақтөбе қаласындағы №51 мектеп-гимназияның мұғалімі:

— Мен «Балапан» арнасы арқылы еліміздегі 9-сыныптың оқушыларына сабақ беремін. Бұл оқу тоқсанында оқушыларға  «Эволюция» бөліміндегі тақырыптар түсіндіріледі. 10 минуттың ішінде сабақты барлық бала тақырыпты меңгеретіндей етіп түсіндіре білуіміз керек. Оқушы назарын аудару үшін алдымен суретті пайдаланамыз. Тақырыпты аша түсу үшін кестелер, бейнероликтерді қолданамыз. Телесабақтан кейін сонда берілген тақырыпқа байланысты мектеп мұғалімдері балалармен кері байланыс жасайды. Балаға қосымша тапсырмалар беріп, жұмысын жүргізе береді.

P.S. Айта кету керек, еліміз бойынша 3 миллионнан астам бала қашықтан оқиды. Жаңа форматқа сай білім беру үшін «Балапан» және «Еларна» арналары арқылы ең негізгі пәндер бойынша жалпы саны 3360 бейнесабақ түсіру жоспарланған.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button