Жаңалықтар

Электронды кітаптарды қайдан қарауға болады?

Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында Ақтөбе қаласында карантин жарияланғаны белгілі. Осыған байланысты қалада қалыпты тіршілік режимі өзгеріп, тұрғындар қауіпсіздік үшін үйлерінде отыруға мәжбүр.
Карантин уақыты — кітап оқуға таптырмас мүмкіндік. Осыған дейін ойда жүрген кітаптарды оқып, жаңа авторлармен танысуға болады.

Соңғы уақыттарда ақтөбеліктердің кітап оқуға деген ынтасы арта түскен. Біз осы орайда қаладағы кітапханалардың жұмысымен танысып, электронды кітаптарды қайдан оқуға болатынын білген едік.

Көп сұралатын әдебиеттер

  • Елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы оқырмандарға онлайн режимде қызмет көрсетуді қолға алды. Оқырмандар кез келген сұрағына baishev.kz сайты арқылы жауап ала алады. Ғаламтордан сілтемеге кіру арқылы кітапхананың электронды ресурсын пайдалануға толық мүмкіндік қарастырылған. Электронды кітап нұсқаларын kazneb.kz, kitap.kz порталдары арқылы тауып, оқуға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда облыстық кітапханада 18 бөлім жұмыс жасайды. Төтенше жағдай жарияланған күннен бастап әрбір бөлім өз қызметтерін онлайн түрде жүргізуде. 17 наурыздан бүгінгі күнге дейін «Библиографқа сұрақ» виртуалды анықтамалық қызметі арқылы 85 пайдаланушыға 313 әдебиет тізімі берілді. Сондай-ақ облыс кітапханалары бойынша онлайн режимде 869 оқырман тіркелді, — дейді облыстық кітапхана директорының орынбасары Бақытгүл Снабаева.

Оның айтуынша, қазіргі таңда оқырмандар тарапынан түрлі сұрақтар жолданады. Ең көп сұралатыны — көркем әдеби шығармалар мен дипломдық жұмыс жазуға көмек ретінде ұсынылатын әдебиеттер. Кей оқырмандар өздерінің атқаратын қызметтеріне байланысты кітапханада қандай әдебиеттер бар екендігін білгісі келеді. Кітапханадағы бөлім қызметкерлері кітапхананың электронды каталогі арқылы оларды кітапхана қорында бар әдебиеттермен таныстырады. Егер электронды каталогтан табылмаса, республика көлеміндегі  басқа кітапханалардың электронды каталогтарына жүгінеді.

  • Мәселен, кітапхананың тұрақты оқырманы, белгілі ғалым Амангелді Айталы ағамыз осыдан 25 жыл бұрын Абайдың 150 жылдығына байланысты «Жұлдыз» журналына берген өзінің мақаласын іздеп табу үшін кітапхана көмегіне жүгінді. Бірақ ол журнал кітапхана қорында болмаған соң, Абайдың туған елі Семей кітапханасынан табылып, мақаланың электронды көшірмесі жеткізілген болатын. Осылайша ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің қызметкерлері кітапхана қызметіне жүгінген әр оқырманның сұранысын барынша қанағаттандырып, оларды қызықтырған әдебиетті қалай да тауып беруге тырысады, — дейді Б.Снабаева.

 

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Облыста ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты 234 кітапхана жұмыс жасайды. Жалпы кітап қоры 3 738 830 дана болса, оның ішінде өлкетану бағыты бойынша 1275 кітап электронды форматқа көшірілді. Ал Ұлттық кітапхана жүйесінде 384 дана кітап цифрландырылса, Kitapkz сайтына 39 кітап берілген.

Абай шығармалары электронды нұсқаға көшірілуде

Бүгінде QR-кодтар бойынша Абай шығармаларын оқуға бағытталған «Scan and read» жобасы өз жұмысын бастады. Бұл жүйе Ақтөбе және облыс тұрғындарына Абай шығармаларын кеңінен насихаттау мақсатында Ақтөбе халықаралық әуежайы, «Сапар» автовокзалы, Ақтөбе теміржол вокзалының күту аймақтарында орналастырылды. Бүгінде Абай Құнанбайұлының кітапхана қорында сақталған 33 кітабы электронды нұсқаға көшірілді.

Қазіргі төтенше жағдай кезінде ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттау мақсатында «Дауыстап оқу» онлайн акциясы өткізілуде.
— Облыс кітапханалары мамандандырылған «RABIS» бағдарламасымен жұмыс жасайды. Бүгінде аталған бағдарлама 101 кітапханада орнатылған, оның ішінде ауылдық жерде — 84. Ал «Web-RABIS» халықаралық мамандандырылған бағдарламасы бойынша облыста 5 кітапхана қызмет атқаруда.

Төтенше жағдай жарияланғанымен, облыстағы барлық кітапханалар онлайн режимінде өз қызметтерін жалғастыруда. Індеттің  ел ішінде одан әрі таралмауы үшін үйде болған жандардың, оның ішінде кітапсүйер қауымның жағдайын жасауға біз әрқашан дайынбыз, — дейді Б.Снабаева.

Қалада 14 кітапхана қызмет көрсетеді
Қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Құралай Райымбаева қала тұрғындарына тұрғылықты мекенжайы бойынша Ақтөбе қаласында барлығы 14 қалалық кітапхана қызмет көрсететінін айтты.

  • Барлық қалалық кітапханалардың инстаграм әлеуметтік желісіндегі жеке парақшаларында күн сайын тікелей эфир жүргізіліп, «Кешкі оқулар» айдары, шеберлік сағаттары, белгілі тұлғалармен сұхбаттар, кітап оқуға байланысты оқырмандармен сауалнамалар жүргізіледі. Кітапханаларда 350 мың дана кітап қоры болса, оның ішінде электронды және аудио кітаптар саны — 750 дана. Оқырман формуляры электронды түрде жүзеге асырылады. Көп оқылатын сұраныстағы кітаптар QR-кодтар арқылы жолданып, сілтемелер оқырманның электронды поштасына жіберіледі. Баспасөз беттеріндегі мақалаларды арнайы библиограф мамандарымыз өлкемізге қатысты маңызды мақалаларға сипаттама жаза отырып, каталогқа енгізеді, — дейді Қ.Райымбаева.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button