Жаңалықтар

42500 теңге: енгізілген кейбір өзгерістер

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңгеге қатысты кейбір өзгерістерді айтып, көптеген сұрақтарға жауап берді.

Еңбек министрі әуелі 42 500 теңгенің мемлекеттік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлем екенін, төтенше жағдайға дейін жұмыс істеп, ресми, бейресми тіршілік жасап жүргендерге, анығы, осы қиын сәтте табысынан айырылғандарға бір рет тағайындалып, осы қиын кезеңде ғана ай сайын берілетінін айтып өтті. Аталған ақшалай көмектің кімдерге берілетініне тағы да тоқталды. Оның айтуынша, 42 500 теңгені қазіргі таңда төтенше жағдай салдарынан жұмыстары тоқтап, табысынан айырылып отырған ресми және бейресми жұмыс істеп жүрген жалдамалы қызметкерлер ала алады.

— Екі күн бұрын бұйрыққа енгізілген өзгерісті айтайын. Біріншіден, жалдамалы қызметкерлер қатарына енді коммерциялық емес ұйымдардың да жұмысшылары қосылды. Әрине, егер олар ақысыз еңбек демалысына жіберілген болса, осы жәрдемақыға өтініш білдіре алады. Алайда, бұл мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарға тарамайды. Екіншіден, ресми және бейресми жұмыс жасайтын жеке тұлғаларға қатысты. Анығы, жеке кәсіпкерлер, авдокат, сот орындаушы, нотариус секілді жеке практикамен айналысатындар, азаматтық-құқықтық сипатта жұмыс істейтіндер төтенше жағдайға дейін тиісті әлеуметтік төлемдер мен жарналарды төлеп жүрген болса, жәрдемақыға ие бола алады. Бұлардың қатарына төтенше жағдайға дейін бірыңғай жиынтық төлемін (БЖТ, орысша «ЕСП — единый совокупный платеж») аударып жүрген кісілер де жатады. Бейресми жұмыс істеп жүргендер — қандай да бір тіршілік жасап, күнделікті табысымен өзін және отбасын асырап жүрген азаматтар. Бірақ, олар ешқашан еңбек шартын жасамаған, салық,  әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарнасын төлемеген, тіпті бірыңғай жиынтық төлемді де төлемегендер. Олар — осының бәрін мойындамай, өзінің күнкөрісімен жүрген азаматтар.

Ел Президенті «бейресми жұмыс істеп жүргендерге де осы 42500 теңгені төлейік» деді. Бірақ Мемлекет басшысы сіздерге Үндеу жасады, «ол үшін  сіздер мәртебелеріңізді бір рет рәсімдесеңіздер, 42 500 теңгені төтенше жағдай кезеңінде ай сайын алатын боласыздар» деді. Мәртебеңізді бір рет рәсімдеу дегеніміз бірыңғай жиынтық төлемін төлеу. Анығы, бұрын-соңды ештеңе төлемеген бейресми жұмыс істейтіндер бірыңғай жиынтық төлемді осы сәтте төлеп, ертеңіне көрсетілген арнайы сайттарға өтініш берулеріне болады, — деді Еңбек министрі Біржан Нұрымбетов.

Жиі қойылатын сұрақтардың бірі — декреттегі отыратын аналарға бұл жәрдем тиесілі ме? Декретте отырған аналарға бала күтіміне байланысты бір жылға дейін мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бір жылдан соң аналар сұранып жұмысқа барар еді, қазір ешкім оларды жұмысқа алмайды. Сондықтан Еңбек министрі осы төтенше жағдай кезінде баласы бірге толып кеткен декреттегі аналар бірыңғай жиынтық төлем төлеп, осы 42 500 теңгені алуға үміттене алатынын айтты. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы басқарып отырған компаниясының жұмысшысы ретінде өз атынан өтініш бере алатынын да айтып берді.

Бүгінгі таңға 938 мың адамнан 1 миллион 284 мың өтiнiш түсті. Әрине, қателесіп, қайта-қайта жібергендер болуы мүмкін. Алайда екі-үш рет жіберсем, сонша рет ақша аламын деу қате. Ақпараттық жүйе әр өтінішті сұрыптап отырады. Өтініш бергенде соңғы жағында «мен жұмыс істеп жүріп төтенше жағдайға байланысты табысымнан айырылғанымды растаймын» деген сипатта жазу тұр. Соны өтініш беруші растайды, біз сенеміз. Ал ақпараттық жүйе сіз туралы бәрін біліп қояды. Қазір табыс көзі жоқ. Отбасын асырау керек. Біз табысынан шынайы айырылған адамдар алса екен дейміз. Бір ғана мысал келтірейін: өтініш қабылданған алғашқы күні  412 мың адамның ішіндегі табысымнан қағылдым деген 1873 адамның қаңтар, ақпан, наурыз айларында орта есеппен 500 мыңнан жоғары табыс тапқанын білдік. Мұндай азаматтарға 42 500 теңге берілмейді. Сонымен қатар кейін бір жұмыстарға керек боп қалар деп, жеке кәсіпкерлік ашып қойып, бірақ ресми тіркеліп, басқа жерден табыс алып отырғандардың да кәсіпкер ретінде берген өтініші өтпейді. Бермегендеріңіз әділ шығар, — деп бірқатар ескертулерге де тоқталып өтті.

Одан әрі Біржан Нұрымбетов өтініш бергендерге 42 500 теңгені аудару үшін міндетті түрде есепшоты болуы керектігін, алайда кейбірінің есепшоттары жоғын, тіпті өмірі есепшот ашпағанын жеткізді. «Мұндай азаматтар қазір үлгермей қалатын болдық деп, барлығы банктерге есепшот ашуға жүгініп жүр. Өз кезегінде банктер де наразылық білдіріп жатыр. Осыған қатысты бір-екі күндікте мынадай өзгеріс енгіземіз. Өтініш берген кезде есепшотты көрсететін жерге ештеңе көрсетпей толтырып, жібересіз, барлық жағынан талаптарға сай келіп тұрсыз, біз сосын 42 500-ді тағайындаймыз. Алайда, есепшот ашқанға дейін бір айға дейін күтеміз. Өз кезегімде бүкіл банктерге үндеу жасағым келіп тұр. Қазіргі қиын кезеңде біз секілді «бір терезеден» халықтың өтінішін қашықтан қабылдап, олардың мәліметтерін алып, есепшотын сырттай жасап, карталарын үйлеріне жеткізіп беру әрекеттерін жасауға болады. Соған шақырамын. Қазір «Қазпошта» мен Halyk Bank осымен айналысып жатыр. Басқа банктерді де бізбен бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын», — деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Айта кетейік, қазіргі таңда 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем алу үшін өтініш қабылдау eGov.kz және 42500.enbek.kz порталдары арқылы жүріп жатыр.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button