Жаңалықтар

Сұрағыңызға тікелей эфирде жауап алыңыз!

Ақтөбе облысы бойынша шектеу шараларының енгізілуіне байланысты кеше түнгі сағат 22:00-де облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Қайрат Райымқұлов  және облыстық полиция департаменті бастығының  бірінші орынбасары Қанат Әлиев «Ақтөбе» телекомпаниясының тікелей эфирінде ақпараттық сағатқа қатысып, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

— Қазір өңірдегі ахуал тұрақты. Біздің облыс бойынша бүгінгі күні коронавирус инфекциясын жұқтырған 2 адам тіркеліп отыр. Дегенмен елімізде күн сайын вирус жұқтырған азаматтар саны көбейіп бара жатыр. Көршілес облыстарда да жағдай мәз емес, сондықтан облыс бойынша шектеу шараларын қолға алдық. Бұған дейін де, барлық халықаралық әуе рейстері, авто, теміржол байланыстары тоқтатылған болатын. Бірқатар мекемелердің жұмысына да шектеу қойылды. Дегенмен, жан-жақтағы жағдайды ескере отырып, 30 наурыздан 31 наурызға қараған түннен бастап 15 сәуірге дейін тағы да қатаң шаралар қолға алынады. Бір барлық жағдайды түсінеміз. Тиісті шаралар қабылданып жатыр. Халық тарапынан сұрақ өте көп. Мәселен, тек бүгіннің өзінде желіге 500-ден астам сұрақ келіп түскен. Барлық сауалдар тиісті мекемелерге жолданып жатыр. Сонымен қатар күн сайын тиісті басқарма басшылары тұрғындар сұрағына жауап беру үшін тікелей байланысқа шығады. Шектеу шараларын тұрғындар дұрыс түсінуі тиіс. Өйткені, оқшаулану — инфекцияны алдын-алудың ең басты алғышарты, — деді алдымен сөз алған Нұржауған Қалауов.

Бұған дейін хабарланғандай, коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында, Ақтөбе облысының Бас Мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Қаулысына сәйкес, облыс аумағында 2020 жылғы 31 наурызы сағат 00:00-ден бастап санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүзеге асырылады және жеке, заңды тұлғаларға арналған шаруашылық және өзге де қызметтердің ерекше жағдайлары енгізіледі.

Осыған орай енді бірқатар мекемелер мен қоғамдық тамақтану орындары өз жұмыстарын тоқтатады.  Ал шектеу шаралары жүргізілетін уақыт аралығында облыстағы барлық техникалық қызмет көрсету, көлік жуу, бизнес орталықтары мен ломбардтар, банктер мен ақша айырбастау пункттері сияқты өзге де нысандардың жұмыс уақытына шектеу қойылады. Яғни мұндай субъектілер таңертеңгі сағат 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс жасайды. Сондай-ақ санитарлық-дезинфекциялық талаптар қатаң сақталуы қажет. Ал азық-түлік дүкендері мен супермаркеттер, гипермаркеттер таңертеңгі сағат 9.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс жасайды. Дәріханалардың жұмысы штаттық режимде жүргізіледі.

Облыстық полиция департаменті бастығының  бірінші орынбасары Қанат Әлиевтің айтуынша, қоғамдық көліктер жұмысы тоқтамайды. Ал 3 адамнан көп адам отырған жеке көліктер тексерілетін болады. Сондай-ақ полицейлер себепсіз көшеде жүруге болмайтындығын ескертеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button