Жаңалықтар

Себепсіз көшеге шықпа

Қазіргі күні Ақтөбе қаласында 17 адам стационарлық карантинде жатыр. 1 «б» санаты бойынша 558 адам үй карантиніне алынған, ал 313 адамды дәрігерлер қоңырау шалу арқылы бақылап отыр.

Облыстық  тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің  басшысы Нұрсұлу Беркімбаева мен облыстық  денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев әлеуметтік желі арқылы тұрғындар сауалына жауап берді.

Ақтөбеде 29 наурыз күні коронавирус жұқтырған тағы бір адам тіркелді. Пациент Түркиядан келген. Ақтаудан Ақтөбеге ұшып келген сәтінде дәрігерлер тексеріп, вирус жұқтырғанын анықтады. Әсет Қалиевтің айтуынша, қазір науқас арнайы бокста оқшауланған. Жағдайы қалыпты. Ал бұның алдында тіркелген науқастың ем алғанына  бүгін сегізінші күн болады. Жағдайы қалыпты. Дәрігерлер қайтара сынама алып жатыр. Егер нәтижесі жақсы болса, ауруханадан шығарылады.

Сұрақтардың көпшілігі енгізілетін шектеулерге қатысты болды. Нұрсұлу Беркімбаева тұрғындарға себепсіз көшеге шығуға болмайтынын ескертті. Бір мезгіл үй алдында балаларды ойнатуға, азық-түлік дүкеніне, дәріханаға және жұмысқа ғана барып келуге болатынын айтты.

Медициналық бетперде мен парацетамол дәрісін сұраушылар көп болды. Әсет Қалиев жақын күндері облысқа гуманитарлық көмек келетінін айтты. Сондай-ақ қазір «Биосфера» дәріханасына парацетамол дәрісінің бір бөлігі түскенін, алдағы аптада тағы бір бөлігі келетінін мәлімдеді. Парацетамол дәрісінің аталған вирусты емдейтіні жөнінде ғылыми дәлел жоқ. Сондықтан тұрғындар өз бетімен ем қабылдамауы керек. Осыны ескерткен басқарма басшысы тұмаудың белгісі байқалып, қызу көтерілсе дәрігердің ғана көмегіне жүгіну керектігін тағы ескертті.

Індетті емдеп, оның алдын алуға үлес қосып жатқан дәрігерлерге қосымша еңбекақы төленбек. Сонымен бірге дәрігерлерге облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасымен жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылып жатыр.

Тікелей желіде тұрғындар көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Барлық сұраққа жауап берілді.

Кәмшат ҚОПАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button