Жаңалықтар

Бетперделер мен дәрі-дәрмектер толығатын болады

Өңірлік коммуникациялық қызметі алаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев пен облыстық тауарлар және көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева инстаграм әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирде оқырмандар сауалына жауап берді.

  • Бүгінгі күні облыста коронавирустық инфекцияға байланысты ахуал тұрақты. Инфекциялық, обсервациялық және провизорлық керуеттерде 67 тұрғын жатыр. Ал 82 тұрғын үй жағдайындағы карантинде бақылауға алынды. Өздеріңізге мәлім, бұған дейін бір адамнан коронавирустық инфекция анықталған болатын. Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты. Вирусқа қарсы қажетті емдік іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Бұл індеттің облыс аумағына таралуына жол бермеу мақсатында күнделікті жан-жақтан келіп жатқан тұрғындарға мониторинг жүргізілуде. Қазақстан Республикасының бас санитарлық дәрігерінің қабылдаған қаулысымен жаңа алгоритм бекітілді. Сондай-ақ облыс әкімінің басшылығымен арнайы штаб жұмыс жасап жатыр. Инфекциялық ауруханада науқастарды оқшаулауға арналған арнайы провизорлық, обсервациялық орындар бар, — деді Әсет Қалиев өз сөзінде.

Оның айтуынша, бүгінде өңірімізге Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан келіп жатқан жерлестерімізді тексеру жұмыстары жүргізілуде. 26 наурыздан бастап дәріханаларда қажетті дәрі-дәрмектер толығатын болады.

  • Қазіргі күні облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Коронавирус анықталған ақтөбелік тұрғынмен бірге ұшақта жақын отырған 4 адам изоляторға жатқызылды. Сондай-ақ науқаспен бірге ұшып келген 33 тұрғын 14 күндік карантинде бақылауда. Олардың барлығының алғашқы анализдері теріс нәтиже көрсетті.

Сонымен қатар бүгінде Қарттар үйлері мен Мүгедектер үйлерінде залалсыздандыруға байланысты бақылау жұмыстары күшейтілді.

Елімізде қауіпті дертті жұқтырғандар саны артып барады. Біз тұрғындарды санитарлық тазалық шараларын қатаң сақтауға, мейлінше халық көп шоғырланған жерлерге бармауға кеңес береміз, — деді Нұрсұлу Беркімбаева.  

Әлеуметтік желі арқылы өткен брифингте тұрғындар тарапынан әсіресе медициналық бетпердеге қатысты сауалдар көп қойылды. Әсет Қалиев алдағы сенбі күні облыс дәріханаларына 4 жарым миллион дана бетперде келіп түсетінін айтты. Оның бір бөлігін алдымен аз қамтылған отбасыларға беру жоспарланып отыр.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button