Жаңалықтар

Жол жабылмайды, талап күшейеді

Сәрсенбі күні өңірлік  коммуникациялар қызметінде өткізілген баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Әлиев осылай деді.

Тікелей көрсетілім арқылы тұрғындардың сұрақтарына жауап берген ол қазіргі таңдағы төтенше жағдай кезінде екі мыңнан астам құқық қорғау қызметкерлері күшейтілген режимде  жұмыс жасап жатқанын айтты. Бұл іске сонымен бірге Ақтөбе қаласындағы әскери бөлімдердің жеке құрамдары тартылған.

Облыс бойынша  сырттан келетін адамдарды бақылау мен тауарларды реттеу үшін 40 бекет жасақталған. Оның 28-і — магистралдық бекет. Бекеттер қала, облыс аумағында орналасқан. Бұған 437 адам жұмылдырылса, оның 191-і — құқық қорғау қызметкерлері. Олар тәулік бойы жұмыс істейді.

Ақтөбе қаласы аумағынан шыға берістерде қойылған блок тастар жұрттың алаңдаушылығын тудырып отыр. Көпшілік ауданаралық жолдар жабылады деген күдікте. Бірақ департамент басшылары әзірге жолдың жабылмайтынын жеткізді.

Еліміз бойынша төтенше жағдай жарияланғанымен қала карантинге жабылған жоқ. Сондықтан аудан, ауылдарға баратын жолдарда шектеу болмайды. Ал, блок тастар — алдын- ала дайындықтың шаралары. Қазір жағдай кез келген уақытта өзгеруі мүмкін. Бәріне дайын болуымыз керек. Қазіргі кезде Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы  карантинге байланысты ол жақтан келетін республикалық жолдағы екі бекетке блок тастар қойдық. Бірі Қызылорда облысына шығатын Ырғыз ауданында болса, бірі Нұр-Сұлтан қаласына шығатын Әйтеке би ауданында. Ол жерлерде облысымызға келетін адамдар арнайы санитарлық тексеруден өтеді, — деді полиция полковнигі Қ.Әлиев.

Тікелей көрсетілім арқылы қойылған сұрақтардың дені қаладағы қауіпсіздік шаралары туралы болды. Егер коронавирус жұқтырғандар саны бес адамнан асқаны анықталса, карантин режимі орнайды. Қала бірнеше секторға бөлінеді. Ауру ошағы шыққан жер оқшауланып, қатаң бақылауға алынады. Өйткені аурудың таралып кетуіне барынша жол берілмеуі тиіс.

Сондай-ақ қызмет көрсету орындарының, түнгі мейрамханалар мен кафелердің жұмыс істеу уақыты, санитарлық талапты сақтамағандардың қандай айыппұлға ілінуі мүмкіндігі жөніндегі сауалдарға да жауап берілді. Бұған дейін төтенше жағдайлар кезінде сақтық шараларын сақтамаған, әкімшілік тәртіпті бұзған 24 дерек тіркелген. Егер мейрамханалар мен кафе-клубтардың жұмыс кестесі көрсетілген уақыттан асып кетсе, әкімшілік құқық бұзушылыққа жатады. Хаттама толтырылып, сотқа жіберіледі. Оның қанша айыппұл төлеп, нендей жаза тағайындалатынын сот шешеді.

Бірақ сақтық шарасын әр адам ең алдымен өзінен бастау керек. Көшеде ойнап жүрген кәмелетке толмаған балалардың әке-шешесіне айыппұл салу мен қоғамдық орындарда бетпердесіз жүргендерге әкімшілік жаза қолдануға негіз жоқ. Мұндай жағдайда құқық қорғау орындары белгілі бір талап қоя алмайды. Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ екенін естен шығармау керек.

Қала карантинге жабылған жағдайда қала іргесіндегі елді мекендерде тұратын жұмысшылар қайтеді? Ондай жағдайда мекеме жұмысының маңыздылығы ескеріліп, қызметкерлері рұқсатнама арқылы жүреді.

Облыста ауру тасымалдаушы ретінде қауіп күтілетін теміржол, әуе қатынастарының жайы қандай? Бұған байланысты сұрақтарға Ақтөбе стансасындағы желілік полиция басқармасының басшысы Сарыбай Сәрсенов жауап берді.

Қазіргі таңда Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласына қатысты теміржол қатынасы тоқтатылды. Ақтөбе қаласынан жүретін жолаушылар пойыздары оңтүстік өңірде Шу қаласына дейін, ал солтүстік өңірде Боровое станциясына дейін қатынайды. Бүгінгі күні қаламызға алты жұп пойыз қатынауда. Ал, көршілес мемлекетке баратын халықаралық жолаушылар пойызы түгелдей тоқтатылған. Вокзал аумағындағы барлық есіктер жабылды. Тек бір жерден ғана кіріп-шыға алады. Пойыз тоқтағаннан кейін адамдарды шығармас бұрын жолсеріктен бастап барлық жолаушылары вогонның ішінде санитарлық тексеруден өтеді.

Ақтөбе қаласының әуежайынан күніне бір ғана «Ақтау-Ақтөбе-Ақтау» қатынасындағы ұшақ қана ұшады. Сонымен қатар Түркия елінен келетін бір ғана жүк рейісі қабылданады. Қабылдау кезінде қос әуежай желісінің қызметшілері қарым-қатынас жасау барысында барлық карантиндік талаптарды сақтайды.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button