Жаңалықтар

Қосымша қаражат бөлінеді

Сейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов төтенше жағдай кезінде бизнесті дамыту, жұмыс орындарын сақтап қалу мәселелеріне қатысты мәлімдеме жасап, тұрғындардың сұрақтарына онлайн режимде жауап берді. Сондай-ақ өз салаларына қатысты сұрақтарға облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Қайрат Райымқұлов пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының облыс бойынша басшысы Анар Даржанова жауап берді.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, Президент тапсырмасы бойынша кєсіпкерлік саласына барынша қолдау көрсету мақсатында бюджеттен 1 триллион теңгеге жуық қаражат бөлу жоспарланған. Қазіргі уақытта әрбір өңір өз саласы бойынша қаржы бөлуге сұраныс берген.
Тұрғындар тарапынан еліміздегі төтенше жағдайларға байланысты орын алған µзгерістерге қатысты сұрақтарға брифинг спикерлері нақты жауап берді.
— Біз 1 миллиард 14 миллион теңге қосымша қаражат сұрадық. Себебі шағын және орта бизнеске банктен несие алғанда берілген субсидия есебінен ставка бойынша қаржы бөлініп, пайызын аламыз. Екінші жағынан, бұл — кепілдік. Кейбір кәсіпкерлерге несие алғанда кепілдік жетіспейді. Мысалы, 360 миллион теңге несие алса, 85 пайызға дейін, 1 миллиард теңгеге жуық несие алынса, 50 пайызға дейін кепілдік беру қарастырылған. Ал қазіргі шағын және орта бизнесте қиыншылықтар бары белгілі,— деді өңір басшысының орынбасары.
Туристік бизнесті дамытуға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілетіні жөніндегі сұраққа Анар Даржанова жауап берді.
— Туризм саласы «Қарапайым заттар экономикасының» шеңберінде маңызды секторлардың қатарына қосылды. Біздің кейбір кєсіпкерлеріміз бұған дейін зейнетақы жүйесіндегі өзгерістерге байланысты өтінім берген болатын. Енді оларда ұсыныс беретін толық мүмкіндік бар. Бүгінгі күні туризм бойынша Ақтөбе қаласынан, Мәртөк, Қарғалы аудандарынан түскен ұсыныстар бар, — деді ол.
Президент қатысқан жиында 55 жастан асқан ересектер үйде отыруы тиістігі жөнінде айтылған болатын. Бұл жөнінде сауал жолдағандарға облыс әкімінің орынбасары былай жауап берді:
— Иә, бұл мәселе Мемлекет басшысы қатысқан жиында қаралды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дәрігерлерінің мәліметінше, егде жастағы адамдарға вирус жұғу қаупі басым. Сондықтан барлық мекемелерде жұмыс жасайтын ересек адамдарға қала ішінде жүруге, жұмысқа баруға шектеу қойылды. Сондықтан олардың кейбірін қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшіріп, еңбек демалыстарына жіберді, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Бұдан бір күн бұрын облыс басшысы вирусқа қарсы өнім шығаратын өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысқан болатын. Осыған байланысты тұрғындар антисептикалық бұйымға қатысты сауалдар жолдады.
Дезинфекция жұмыстарына арнайы сұйықтықтарды қайдан алуға болатындығы жөніндегі сауалға облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы жауап қайтарып, «ТК Фарм» жєне «Грантадал» кәсіпорындарының жұмысына жоғары баға берді.
Бүгінгі күні екі өзекті мәселе бар. Біріншісі — медициналық маска, екіншісі — антисептикалық тазалық құралдарымен қамтамасыз ету. «ТК Фарм» өнеркәсіп кешені бұрыннан да хлоргиксидин жєне спирт негізіндегі антисептиктерді өндіріп келеді. Қазіргі уақытта бұл кәсіпорын өз жұмысын екі есеге арттырған. «Миллениум» дәріханалар желісіне өнімдерін таратып жатыр. Бетперде өндіру бойынша жұмыс режимі екі ауысымға өзгерген. Бір күннің ішінде 20 мыңға жуық бетперде тігілген.
— Қазір шығарып жатқан екі өнімнен бөлек қосымша тағы екі өнімді шығаруға ұсыныс берілді. Министрлікке бұл жөнінде хат жолдадық, сертификаттарын алсақ, тағы қосымша екі антисептик түрі шығарылады. Сонымен қатар «Грантадал» кєсіпорны бар. Бұл спирттік негізде антисептик өндіруге дайын кәсіпорын кешені. Қазіргі уақытта ансептиктерді екі бағытта шығаруға жұмыс жоспары жасалып жатыр. Көшелерді, тұрғын үй подъездерін, автобустарды тазалау үшін құрамында хлоры бар антисептик шығарылады. Жергілікті дезинфекция жасайтын мамандарды осы антисептикпен қамтып отырмыз. Сонымен қатар «Грантадал» кәсіпорны сертификат иеленіп жатса, дәріханаларға антисептиктерді тасымалдау жұмыстары қолға алынады, — деді өз сөзінде Қайрат Райымқұлов.
«Газель» секілді автокөліктерге Ресейге қатынауға рұқсат берілмейді. Өз көлігімізбен азыќ-түлік жеткізе алмай отырмыз». Бұл сұраққа Анар Даржанова:
— Қойылған талаптарға байланысты халықаралық транспорт куәлігіне ие көлік түрлері ғана шекарадан шыға алады. Бұрынғы кездері «Газель» автокөлігі Ақтөбе-Орынбор бағытында еркін қатынайтын еді. Бірақ бүгінгі күні ондай мүмкіндік жоқ, — деді.
Қазір кейбір мекемелердің төтенше жағдайға байланысты жабылуы жұмыс қолының азаюына әкеп соқтырды. Жұмыстан қысқарғандар санына қатысты сұраққа облыс әкімінің орынбасары:
— Бүгінгі күні 500-ге жуық жұмысшы еңбек демалысына жіберілді. Шағын орта бизнес саласындағы мекемелер жұмысының тоқтап қалғандығына байланысты қиындықтар болып жатыр. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша кәсіпкерлік саласындағы басшылармен кеңесе отырып, жұмыс орындарының сақталуын қамтамасыз ететін шараларды қолға алдық, — деп жауап берді.
Қазіргі уақытта кейбір тауарларды сыртқа тасымалдауға шектеу қойылған. Бұл шаралар ішкі нарықты қорғауға, өндірістің қауіпсіздігін сақтау мақсатында іске асырылып отыр. Оның ішінде ұнды тасымалдауға рұқсат етілмейді. Өйткені Қазақстанның барлық өңірлері алдымен ұнмен қамтылуы тиіс. Алдағы уақытта бұл тізіміге енетін тауарлар саны артуы мүмкін. Сонымен қатар азық-түлік бағасының тұрақтылығын бақылайтын мониторингтік топ құрылған.

Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button