Жаңалықтар

Кітапханашылар бетперде тігіп таратты

Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының жанынан құрылған «Сырғалым» эстетикалық клубы қыздарды кітап оқуға шақырумен бірге тігін тігу, ас мәзірі, сән үлгісі, тағы басқа пайдалы істерге баулып келеді.

Клуб жетекшісі — кітапханашы Бибігүл Шәмеденова бұл жолы оқырманның көңілін сергіту мақсатында шыт матаны қолға алып, медициналық бетперде тігуге кірісіп кетті. Тігуге қажет құралдарды әріптестері — кітапхана ұжымы жиналып, сатып алып беріпті.

Аталған кітапхананың директоры Гүлжайнар Қалдинаның айтуынша, кітапхана мамандары дайын болған бетперделерді әзірге 15 қарт оқырманның үйлеріне тегін жеткізіп берді. Клуб жетекшісі демалыста да бетперде тігумен айналысып жатыр. Ал кеше дайын болған бетперделерді «Сырғалым» клубының мүшелері көпбалалы Сақтағановтар отбасына апарып берді. Сондай-ақ балаларға оқуға кітап ала барыпты.

Ісмер Бибігүл Шәмеденова білгенін үйренем деген талапкер сіңлілеріне үйретуден жалыққан емес. Айталық, шебер оқырманның көңілін сергітіп қана қоймай, эстетикалық тәрбие беру мақсатында кітапхананың әлеуметтік желілерінде үйде отырған аналарға лентамен, бисермен қалай жұмыс істеу керектігін үйретіп, шеберлік кластар жүргізеді.

Елдегі жағдайға жұртпен бірге алаңдап отырған кітапханашылар Еріктілер жылында осылайша өз әлдерінше ізгілікті іс жасады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button