Жаңалықтар

Дезинфекция жұмыстарына 42 млн теңге бөлінді

Сейсенбі күні Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров онлайн режимде төтенше жағдайдағы ахуал бойынша журналистер мен бұқараның сұрақтарына жауап берді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте шаһар басшысы алдымен Ақтөбе қаласының аумағы пандемияға байланысты 23 секторға бөлініп, арнайы базаның жасақталғанын атап өтті.

— Бұл тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып отыр. Егер жағдай бұдан да қиын болса, біз барлық мәліметті осы секторлар арқылы жеткізетін боламыз. Мұндай орталықтар негізінен мектептерде орналасатынын, олардың мекенжайы әлеуметтік желілер арқылы хабарланатынын айтқым келеді. Жоспар бойынша мемлекеттік органдардың өкілдері сол жерде қызмет ететін болады.

Дей тұрғанмен, қазіргі таңда Ақтөбедегі ахуал тұрақты. Ешқандай жолдар жабылмады. Даурығатындай негіз жоқ. Жоғарыда аталған мәселелер — жағдай ушыққанда ғана қолға алынатын жұмыстар, — деді Асхат Шахаров.

Ақтөбеліктер тікелей эфир арқылы: «Жер-жерден туристердің ұшып келуіне неге тыйым салмайсыздар?», «Олардың вирус таратпайтынына кім кепіл?» сықылды сауалдарды көптеп қойды. Қала әкімі жолаушылар қатаң бақылауда екенін, медицина мамандары барлығын жіті тексеріп жатқанын айтты.

Асхат Шахаров өз сөзінде медициналық масканың жетіспеушілігі барын жоққа шығармады. Ол қазіргі таңда бұл мақсатта өңірдегі кәсіпорындар мен шағын тігін цехтары қызу жұмыс істеп жатқанын, тәулігіне 5 мың бетперде жасай алатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ, дененің қызуын түсіретін «Парацетомол» препаратының соңғы уақытта дәріханаларда таптырмайтынынан хабардар екенін, бұл мәселенің алдағы айда толыққанды шешілетінін қосты.

Егер алда-жалда коронавируске шалдыққандар анықталып жатса, Ақтөбеде 3200 кереуеттің дайындалып қойылғаны белгілі болды.

Тұрғындар Орталық базар, теміржол вокзалы аумақтарының санитарлық жағдайы қазіргідей уақыттың өзінде сын көтермейтініне, қоғамдық көліктердің іші әлі күнге лас екендігіне шағымданды. Бұған қатысты шаһар басшысы төмендегідей жауап берді:

— Күніне екі рет автобус пен аялдамаларға толықтай дезинфекция жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни барлығы 347 автобус пен 280 аялдамаға залалсыздандыру шаралары жасалады. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша адамдар көп шоғырланатын жерлерде де бұл жұмыстар жалғасатын болады. Жергілікті бюджеттен бұл мақсатта 42 миллион теңге бөлінді. Бұны әрі қарай жалғастыруға қосымша тағы да қаражат қарастырылады.

Егер тәртіп бұзу фактілері болса, 906-606 немесе 109 телефон номерлеріне хабарласуыңызды сұраймыз. Базар мен көпшілік орындардың тазалығы арнайы құрылған штабтың бақылауында, — деді.

Көпшілікті азық-түліктердің қымбаттауы да алаңдатады. Тікелей байланысқа шыққан Асхат Шахаровты ғаламтор пайдаланушылары базарлар мен супермаркеттердегі бағаны бір шолып шығуға шақырды. Жаңадан тағайындалған әкім бұл сырттан тасымалданатын өнім түрлеріне, әсіресе қантқа қатысты екенін растап, қалғаны арнайы штабтың қадағалауында екенін білдірді. Оның сөзінше, қымбатшылықтың алдын алу үшін Ақтөбеде 22 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп тұр. Ал бұлардың қайда орналасқанын жұртшылық Ақтөбе қаласы әкімдігінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан біле алады. Таяуда олардың тізімі тағы да жарияланбақ.

Брифинг барысында тақырыптан тыс сауалдар да жолданды. Айталық, тұрғындар «Ақбұлақ» АҚ-ның жылу маусымын 30 сәуір күнге дейін созғанына наразы. Әдетте бұл науқан 15 сәуірде тоқтайтын-ды. Асхат Шахаров жағдайды реттеуге уәде берді. Сол сияқты ақтөбеліктерді өздері тұратын аумақта спорттық һәм ойын алаңдарының жоқтығы, әбден тозығы жеткен жолдардың жайы, қаланың күл-қоқыстан көз ашпай отырғаны ерекше толғандырады. Суағар мен арықтардың салынбауы да айтылмай қалмады.

— Барша мәселеден хабардармын. Бұны шешу үшін облыс басшылығы тарапынан да қолдау бар. Тек түсіністік танытып, уақыт берсеңіздер деймін. Сәуір айынан бастап жолдарды жөндеуге кірісеміз. Нақты қай жерлер екенін көп ұзамай жариялаймыз. Ал сенбілік жұмыстары төтенше жағдайға байланысты уақытша тоқтап тұр. Бұйыртса, екі айлық жариялап, жаппай тазалық жұмыстарын жүргізетін боламыз. Бұған сіздер — тұрғындар да атсалысады деген үміттемін. Ең бастысы, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамын. «Тәртіпке бас иген құл болмайтынын» естеріңізге салғым келеді,— деп сөзін түйіндеді Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button