Жаңалықтар

Облыста эпидемиологиялық жағдай тыныш әрі тұрақты

Облыстық  тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев және «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы Ақтөбе филиалының басшысы Бақыт Жұмағалиевтер инстаграм әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирге шығып, жағдайды баяндады. Әдеттегідей мамандар оқырмандар сауалына жауап берді.

Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, 22 наурызда Ақтөбеде коронавирус инфекциясы бойынша бір жағдай тіркелді.

Испаниядан Мәскеу арқылы Ақтөбеге келген ұшақтағы жолаушыдан коронавирус инфекциясы зертханалық нәтижемен дәлелденді. «Аэрофлот» әуе компаниясының ұшағында науқастан бөлек 57 жолаушы болған. Бүгінгі күні барлық жолаушы оқшауланды. Талдаулар вирусологиялық зерттеулерге алынды, бүгінгі таңда нәтижесін шығару бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі таңда науқаспен байланыста болған тұлғалардың барлығы оқшауланып, медициналық мекемеде карантинде жатыр. Ұшақта болған жолаушылардың барлығының жағдайы қанағаттанарлық. Облыста эпидемиологиялық жағдай тыныш әрі тұрақты. Аймақта эпидемиологиялық іс-шаралар өткізілді, — деді Н.Беркімбаева.

Әлеуметтік желі арқылы тікелей эфир барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев облыста осу аурудың белгілері анықталған бір жағдайдың тіркеліп, қазіргі таңда науқасқа қажетті ем-дом жүргізіліп жатқанын айтты.

Коронавирус инфекциясын жұқтырған науқас облыстағы инфекциялық госпитальда жатыр. Жағдайы қанағаттанарлық. Оған вирусқа қарсы ем толық көлемде жүргізіліп жатыр. Жалпы облыстағы инфекциялық, провизорлық және обсервациялық керуетте 65 тұрғын жатыр. Оның ішінде 10 науқас инфекциялық госпитальға орналастырылды. Провизорлық госпитальдың базасында жатқан 18 науқас та қажетті ем алып, оларға дәрігерлік бақылау жүргізіліп жатыр. Сонымен қоса 37 тұрғын коронавирустық инфекциялық аурумен байланыста болуына орай, обсервациялық керуетке оқшауланды. Барлығының жағдайы тұрақты. Қазіргі таңда диагнозды дәлелдеу немесе жоққа шығару мақсатында оларға қатысты коронавирусты анықтау бойынша тесттік тексерулер жүргізіліп жатыр, — деді Ә.Қалиев.

Облыстың бас дәрігері қалыптасқан жағдайға байланысты әлеуметтік желілер арқылы оқырмандар тарапынан қойылған сауалдар мен сын-ескертпелерге талдау жүргізіліп жатқанын да мәлімдеді.

Тікелей эфирде бір тұрғын: «Әуежайда коронавирус инфекциясы бар адамның жанындағылардың бәрінен талдау алынды» деген мәселе көтерген болатын. Ондай мәлімет біздің тарапымыздан айтылған жоқ. Шын мәнінде бұл жерде біз алгоритмге сәйкес жұмыс жасадық. Алгоритмге сәйкес келген тұрғынды біз бірден оқшауладық. Бірақ ол кезде күмән болғанмен, оның зертханалық талдауы дәлелденген жоқ. Сондықтан науқаспен бірге ұшақта келген өзге жолаушылардан анкеталық мәліметтер алынып, олар үйлеріне жіберілген болатын. Зертханалық талдау дәлелденгеннен кейін олардың барлығы оқшауланды. Бұл — арнайы алгоритмге сәйкес жүзеге асырылған іс-шаралар, — деді облыстың бас дәрігері.

Оның айтуынша, ұшақтағы жолаушылардың бәрінің өміріне төніп тұрған ешқандай қауіп жоқ. «Қазір әлеуметтік желілерде осы жағдайға байланысты «қаланы жабады» немесе «басқа жерлерде коронавирустық инфекциямен аурулар анықталып жатыр» деген жалған мәліметтер толып кетті. Тағы да қайталап айтамыз, әзірге біздің облысымызда эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Осы жағдайға байланысты барлық мәселені қатаң бақылауда ұстап отырмыз. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің басшылығымен  облыс деңгейінде жедел штаб күнделікті жұмыс жасап жатыр. Дер кезінде оқшаулау,  дер кезінде анықтау, дер кезінде ем жүргізу, сондай-ақ тұрғындарды қажетті көлемде дәрі-дәрмекпен, азық-түлікпен әрі медицина қызметкерлерін қорғаныш киімдермен қамтамасыз ету шаралары күнделікті бақылауда. Ол үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп жатыр. Сондықтан құр дүрбелеңге салынып, жалған әрі теріс мәліметтерді талқылаудың қажеті жоқ. Барлық жағдайды Денсаулық сақтау министрлігінің және облыс әкімдігінің ресми мәліметіне сәйкес қабылдауларыңызды сұраймыз», — деді Әсет Қалиев.

Тікелей эфир кезінде мамандар оқырмандардың сауалына қатысты індеттің алдын алу шараларына байланысты атқарылып жатқан жұмыстар жайын да баяндады. Бүгінгі күні облыста өкпені жасанды желдету бойынша 120 аппарат бар.

Қазір облыста бетперденің бағасын төмендету мәселесі қолға алынған. Әсет Қалиевтің айтуынша, аймақтағы «Миллениум» сияқты бірқатар дәріханаларда бетперде 87 теңгеден сатылып жатыр. Осы аптаның аяғында Ақтөбеге 1 миллион дана бетперде әкелінеді деп күтілуде. Бұл бұйым бірінші кезекте әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы мүшелері мен мүгедектерге тегін таратылмақ.

Оқырмандар парацетамол препаратының дәрханаларда жеткіліксіздігін де мәселе ретінде көтерді. Облыстың бас дәрігері парацетамолға әсері ұқсас, құрамы бірдей дәрі-дәрмектер дәріханаларда сатылымда бар екенін, алайда аталған препараттың алдағы уақытта тапшылығын болдырмау мақсатында қазіргі күні жұмыстанып жатқанын айтты.

Тікелей эфир барысында базар, вокзал алаңдарына санитарлық талапқа сәйкес аптасына бір рет дезинфекциялық жұмыстардың жүргізілетіндігі де айтылды.

Өз кезегінде «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы Ақтөбе филиалының басшысы Бақыт Жұмағалиев қалыптасқан жағдайға байланысты тиісті орындарда атқарылып жатқан шаруалар жайын баяндады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button