Жаңалықтар

Соңғы онкүндікте ақтөбеліктердің кітап оқуға деген сұранысы артқан

Сенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында болып 350 мың қоры бар кітапхана жұмысымен танысты.
COVID-19 індетінің таралып кетпеуіне байланысты кітапхана басшылығы 16 наурыздан бастап оқырмандарды қабылдауды тоқтатқан. Дегенмен кітапхана меңгерушісі Бахтлы Қошабаеваның айтуынша наурыз айында ақтөбеліктердің кітап оқуға деген сұранысы мен қызығушылығы күрт артқан. Мұны кітапхана ұжымы елдегі жағдаймен байланыстырып отыр.

Бүгінгі таңда оқырмандар Baishev.kz сайты арқылы кез- келген сұрақтарына жауап алады. Кітапханада «Өлкетану» бағыты бойынша 2015 жылдан бері 1500 кітап электрондық форматқа көшірілген. Сонымен қатар коворкинг орталығында «Ақтөбедегі Америка» бұрышы жұмыс жасайды. Мұнда ең қымбат, әрі кез-келген жерден табыла бермейтін 3000-нан астам ағылшын тіліндегі кітаптар қойылған. Кітапханаға 2018 жылы құны 4,5 млн болатын ЭларСкан үлкен көлемді сканер сатып алынған. Соның арқасында айына 50-60 кітапты цифрландыруға мүмкіндік бар.
Облыс әкімі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Нұрхан Кәдірбаевқа және кітапхана директорына көпшіліктің сұранысын қанағаттандыратындай жұмыстар атқару қажеттігін тапсырды.
— Азаматтар мұндай уақытта өзіне рухани азық ала білуі керек. Карантиндік режимге байланысты оқырмандардың сұранысындағы электронды кітаптар санын арттыру қажет. Оқырманға кез келген оқулық қолжетімді болуы тиіс,— деді Оңдасын Оразалин.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button