Жаңалықтар

Мұғалжарлық мобильді топтар іске кірісті

Ел Президентінің төтенше жағдай жариялау туралы Жарлығына сәйкес Мұғалжар ауданында да жұмыс жоспары жасалып, арнайы мобильдік жұмыс топтары құрылды.

Топтардың бірі қоғамдық көлік және таксилерді бақыласа, екінші топ мейрамханалар мен кафелердің жұмысын қадағалайды, енді бір топ дүкен, базар, АЗС-тердегі бағаларға мониторинг жасайды. Сонымен қатар Қандыағаш,Ембі, Жем қалаларында және 12 ауылдық округтерде де осындай топтар құрылды.

Топтың құрамында аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасарлары, депутаттар, қоғамдық кеңестің мүшелері, төтенше жағдай қызметкерлері, санитар эпидемиологтар учаскелік полиция инспекторлары және аурухана қызметкерлері бар.

— Бүгінгі таңда қоғамдық көліктерде бетперде режимі сақталып, жолаушылар тасымалдау кезінде дертті жұқтырмау мақсатында дезинфекциялық жұмыстар жасалып жатыр. Денсаулық сақтау саласында медицина қызметкерлері арнайы мамандар арасында тренингтер өткізді. Қандыағаш және Ембі ауруханаларында арнайы инфекциялық бөлімшелер дайындалды. Аудан бойынша қажетті дәрі-дәрмек және дезинфекциялық құралдар жеткілікті. Мұғалжар ауданы бойынша 244 азық-түлік дүкені бар. Осының 112-сі Қандыағаш қаласында орналасқан. Мобильді топ мүшелері барлық дүкендерді аралап, ол жердегі азық-түлік қоры мен бағаны қадағалап отырады. Сенбі, жексенбі күндері Қандыағашта орналасқан базарда жәрмеңке өткізіліп, халыққа төмендетілген бағамен ет, көкөніс ұсынылады. Тамақты үйге жеткізіп беру қызметі де қарастырылуда. Мобильді топтың мүшелері мейрамхана-кафелерді аралап шыққан соң, төтенше жағдай мерзіміне белгіленген барлық той, мерейтой, тұсаукесер секілді барлығы 55 шара тоқтатылды, — дейді аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Ержанов.

Мұнай-газ, мұнай-сервис компанияларын қадағалайтын мобильді топ мүшелері Жаңажолда жұмыс жасайтындарға медициналық қызмет көрсетіп отырған «Медикер» компаниясының тыныс-тіршілігін көрді. Қазіргі таңда Жаңажолда 3266 жұмысшы тұрып жатыр.

Теміржол бойында орналасқан Ақкемер, Қандыағаш, Жұрын, Ембі, Жем ірі стансаларында бетперде режимі енгізіліп, Қандыағаш вокзалына және айналасына дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.

Қандыағаш стансасы арқылы 40 жолаушылар пойызы өтеді. Оның ішінде халықаралық бағытта қатынайтын 12 пойыз тоқтатылды. Қазіргі таңда республика ішіндегі 28 пойыз Қандыағаш арқылы өтіп жатыр, оларға өткен сайын дезинфекция жұмыстары жүргізіліп тұрады. Енді осы пойыздардың да шектелуі қаралып жатыр.

Ал тұрғындар көп шоғырланатын халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметтерді электрондық үкімет порталы арқылы алу жөнінде түсіндірме жұмыстар жүргізілуде. Аудандық мекеме басшылары күн сайын онлайн-конференцияға шығып отырады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button