Жаңалықтар

Арнайы пакеттерде — гигиеналық құралдар

Ауданда медициналық бетперде тапшылығын болдырмау мақсатында қобдалық тігіншілер бетперде тігу жұмыстарын қолға алған. Бүгінгі таңда аудан орталығындағы тігін цехтары 24 сағат бойы күшейтілген режимде көп қабатты бетперде тігіп жатыр.

Қобдалықтар дүниежүзін алаңдатып отырған бұл індеттен жұмыла біріксек қана аман құтыламыз деген пікірде. Аталған індеттің алдын алу мақсатында ауданда сауда орындарының, адам көп шоғырланатын орындардың, мәдени-спорттық, кәсіпкерлік нысандардың жұмыстары шектелген.  Шекара бойындағы «Жиренқопа-Первомайское», «Ақырап-Шукуновка», «Терісаққан-Новомарьевко» жеңілдетілген өткізу пункттерінің халықаралық қатынасы және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуасына сәйкес ауданның барлық мешіттерінде жұма және бес уақыт намаз оқу уақытша тоқтатылған.

Аудан әкімдігі жанынан коронавирус инфекциясы туындауының алдын алу жұмыстарын ұйымдастыруға арналған комиссия мен аудандық штаб құрылып, жұмыс жасалып жатыр. 

— Аудан тұрғындарын құлақтандыру мақсатында бірнеше бағыттағы жұмыстар қолға алынды. Қобданың 16 ауылдық округінің тұрғындары тіркелген 16 арнайы чат ашылып, сол жерге барлық ақпарат жіберіліп отыр. Ал қосымша сұрақтарға жауап іздеген тұрғындар аудандық сall-орталығына 8 (713-41)-21-5-46 нөміріне хабарласа алады.

Бүгінгі таңда ауданда азық-түлік, дәрі-дәрмек пен негізгі қолданатын гигеналық құралдардың қоры жеткілікті. Дәл осы сәтте әрбір азамат өз тарапынан сақтық шараларын сақтауға өз үлесін қосуы қажет. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген бар. Сондықтан қатаң жауапкершілікпен қарап, үрейге бой алдырмайық, дүрбелеңге жол бермеген жөн, — дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, штаб мүшесі Арман Қабылов.

Сондай-ақ қобдалықтар Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында «Біз біргеміз» акциясы аясында жасы үлкен қариялар мен мұқтаж жандарға медициналық бетперде, антисептиктер мен гигиеналық құралдар салынған арнайы пакеттер дайындап жатыр.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button