Жаңалықтар

Мониторинг жүргізіліп жатыр

Елімізде жарияланған төтенше жағдайға орай Қарғалы ауданында нақты іс-әрекет жоспары бекітіліп, аудан бойынша тапсырмалар берілді. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асхат Айжарықовтың айтуынша, бүгінде жағдай тұрақты, ауырып келген адамдар тіркелмеген. Коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр.

— Эпидемияға қарсы барлық қажетті шаралар орындалып жатыр, бүгінде жеке қорғану құралдары жеткілікті мөлшерде бар. Күн сайын учаскелік қызмет Ресей Федерациясынан және Қазақстан қалаларынан келген азаматтар мен студенттер арасында мониторинг және санитарлық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Шұғыл әрекет ету штабы жұмыс істеп тұр. Коронавирус инфекциясы анықталған жағдайда қалай әрекет етудің алгоритмі жасалды. Инфекция жұқтырғаны туралы күдік болған жағдайда, емделушілерді арнайы стационар қабылдайды. Екі бокс дайындалып, жеке кіру мен шығуға жағдай жасалған. Төтенше жағдайға арналған 20 төсек орындары ашылды және дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда бір рет қолданылатын вирусқа қарсы  препараттар жеткілікті мөлшерде (маскалардың саны – 3200, қолғаптар – 6400, тамифлю-180кап, лукарил – 800, т.б. дезинфекциялық заттар).  Сонымен қатар ауданның ірі елді мекендері Бадамша, Петропавл және Қосестек ауылдарындағы жеке кәсіпкерлер дәкені пайдалану арқылы маскілер тігуді бастап кетті, бағасы 150 теңгеден сатылып жатыр,  — дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Аудан тұрғындарын ақпараттандыру мақсатында мемлекеттік және ресми тілде 5000 ақпараттық парақша әзірленіп, келуші науқастар арасында күнделікті таратылып жатыр. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде 100-ден астам түсіндірме ақпараттар жарияланған.

— Шекара қызметінен 2007 адам уақытша бекеттен өтті. Барлығы да тексерілді, олардан ешқандай да аурудың белгісі байқалмады. Қазіргі таңда шекара бекеті адамдарды өткізіп жатқан жоқ. Ақтөбе-Ресей Федерациясының Орск қаласымен шектесетін Әлімбет автобекеті термодетектормен қамтамасыз етілген.  Әлімбет, Қосестек және Хромтау бағытындағы жолдарға шектеу қойылды.

Аудандағы көтерме сауда, бөлшек сауда орындары бойынша дүкендер саны – 105. Күн сайын баға қалыптасуына және азық-түлік қорына мониторинг жүргізіліп отыр. Бүгінгі таңда, аудан аумағындағы дүкендерге азық-түлік тауарлары Ақтөбе қаласындағы «Анвар», «Дина», «Жазық Групп» секілді бірнеше сауда желілері арқылы жеткізіледі, — дейді Асхат Айжарықов.

Бөлім басшысының айтуынша, бүгінде ауданда барлық мемлекеттік мекемелер мен лицензияланған дезинфекция жасайтын мекемелер (серіктестіктер) арасында келісімшарт жасалған. Күн сайын 3-4 мезгіл дезинфекциялау шаралары өткізіледі.

Аудандағы кафелер басшыларымен арада түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, той, мерекелік іс-шаралардың бәрі тоқтатылған. Аудандағы барлық мемлекеттік мекемелер, сауда-саттық орындары, сондай-ақ халыққа қызмет көрсететін мекемелер (қазпошта, ЦОН) қызметкерлері медициналық бетперделермен (маска) толық қамтамасыз етілген.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button