Жаңалықтар

Еңбек тәртібі түсіндірілді

Жұмысшы қашықтықтан жұмыс істеуге көшкенде немесе демалысқа шыққанда қанша жалақы алады? Төтенше жағдай кезінде қысқартылған ақтөбеліктердің құқығын Еңбек кодексі қалай қорғайды?

Облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Саламат Аманбаев өңірлік коммуникациялар қызметінің тікелей эфирінде жұмыс жасайтын тұрғындардың құқығына қатысты айтып берді.

Еліміздегі эпидемиялық жағдайға байланысты Еңбек министрлігі кәсіпорындар мен мекемелерге қызметкерлерін қашықтықтан жұмыс жасауға көшіру керектігін ұсынды. Әрине, еңбек түрі оған мүмкіндік берсе. Сонымен қатар жалақы мөлшері сол күйінде сақталады. Еңбек инспекторының айтуынша, жұмыс уақытын есептеу жұмыс берушінің актімен, анығы, кәсіпорын басшысының бұйрығымен реттеледі. Сондай-ақ жұмыс беруші қашықтықтан жұмыс істеу үшін қажетті жағдай жасауға міндетті.

— Егер еңбек түрі қашықтықтан жұмыс істеуге келмесе, онда жұмыс беруші жұмысты жарты күн етуге құқығы бар. Бұл кезде жалақы нақты жұмыс істеген уақытына қарай төленетін болады. Егер бескүндік жұмыс үш күнге дейін қысқартылса, сәйкесінше, жалақы да тек үш күнге төленеді. Егер жұмыс беруші сағаттан қысқартып, сегіз сағатты төртке дейін азайтса, онда еңбекақы төрт сағаттық жұмыс үшін есептеледі, — деп нақтылады Саламат Аманбаев.

Кинотеатрлар мен көңіл көтеретін орындарда еңбек ететіндерге жұмыс берушілер төменгі жалақы төлейді. Оның көлемі биыл 42500 теңгеге тең. Жұмыс беруші штат қысқартатын кезде жұмысшыға бір ай бұрын ескертуге міндетті және оған орташа айлық жалақы төленетін болады. Кәмелет жасына жетпеген баланың күтімімен үйде отыру қажет болған жағдайда ата-анасының біріне төленетін еңбек демалысы ұсынылады. Нұсқа ретінде, ата-ана жұмыс берушінің келісіміне сәйкес, жұмысты үйде жасауына да болады.

— Облыста мұнайгаз секторында қызмет ететін кәсіпорындар жетерлік. Вахталық жұмыс бұрынғы тәртіппен жұмыстарын жалғастыра береді. Қазіргі таңда 4 кәсіпорынның жалақы төлемегендіктен жиналған жалпы 61 миллион теңге қарызы бар. Екі кәсіпорынның қарызы үш айда жиналып қалды. Ал қалған екеуі банкрот жағдайында тұр, — деді облыстың бас еңбек инспекторы.

Саламат Аманбаев еңбек мәселесі биліктің ерекше бақылауында тұрғанын баса айтты. Еңбек дауына қатысты сұрақтар туындаса, Тілеу батыр көшесіндегі, 9б-ғимаратында орналасқан еңбек инспекциясы жөніндегі басқармаға хабарласуларыңызға болады.

Айжан ШАУҚҰЛОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button