Жаңалықтар

Орталықтар бұрынғыша қызмет көрсетеді

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс кестесі өзгерген жоқ. Олар таңертеңгі 9-дан кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. Орталықтардың басшылығы коронавирустық инфекцияның алдын алуға байланысты барлық шараларды қабылдауда. Қызметкерлер қорғаныс маскалары мен антисептиктерді пайдаланса, техникалық қызметкерлер әрбір екі сағат сайын хлор ерітіндісімен тазалау-сүрту жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ офистерде аталған сырқат және оның алдын алу туралы ақпараттар орналастырылған.

Өңірлік коммуникация қызметінде миграциялық қызмет өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз конференциясында бірнеше күн ішінде ғана 356 ақтөбеліктің шетелдік төлқұжат рәсімдегені мәлімделді.

Азаматтардың сауалдарына онлайн-режимде миграциялық қызмет басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ұлбике Оспанова мен полиция басқармасы миграциялық полиция бөлімінің бастығы Дәуренбек Ізтілеуов жауап берді.

— Бірінші кезекте еліміздегі төтенше жағдайға байланысты тұрғындарға мына жайларды ескерткіміз келеді. Жақында Ақтөбедегі халыққа қызмет көрсету орталықтарында шетелдік төлқұжаттарды рәсімдеуге байланысты қызметке дүрлікпе сұраныс орын алды. Жұртшылыққа айтарымыз — бұл процедура бізде тұрақты жүргізіледі, кестеге сәйкес қызметкерлер саны жеткілікті. Орталықты жабу жөнінде ешқандай нұсқау түскен жоқ, жұмыс бұрынғы кестемен жүруде. Құжаттарды қажет болған жағдайда ғана рәсімдеу қажет екенін айтқымыз келеді.

Елімізде болу мерзімі аяқталатын шетелдіктер миграциялық қызметке немесе миграциялық қызмет орталықтарына хабарласа алады. Ол жерлерде визалық және визалық емес режим бойынша елде болу мерзімін 30 күнге дейін ұзартады,— деп түсіндірді Ұлбике Оспанова.

Мекеменің сайты неге жұмыс істемейді, қазақстандық студенттер елге келе ала ма, сондай-ақ, Ресей азаматтары үйлеріне қайта ала ма — ресми орган өкілдері осындай сауалдарға жауап қайтарды.

Шетелдік төлқұжатты рәсімдеу құны бұрынғысынша 20 488 теңге. Дайындау мерзімі 15 күнге созылады, жедел талап етілсе — бір күннен үш күнге дейін.

Ақтөбеліктер сыртқа сапарға шығу мәселелері бойынша мына мекенжайға хабарласа алады: Ахтанов көшесі, 54, анықтама телефоны: 93-45-99.

А.БЕРКІНБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button