Жаңалықтар

Шетелге шығатын рейстер тоқтатылады

Елімізде төтенше жағдайдың жариялануына байланысты және коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында 16 наурыздан бастап шетел азаматтарының елімізге келуіне және емделуге баратындарды қоспағанда, Қазақстан азаматтарының шет мемлекеттерге шығуына шектеу енгізілді. 23 наурыздан бастап «Ақтөбе-Мәскеу» әуе рейсі тоқтатылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында онлайн режимде өткен брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашов мәлімдеді.

— Бүгінде елімізде 15 сәуірге дейін жарияланған төтенше жағдайға байланысты аэропорт, теміржол, автовокзал жұмыстары бойынша тиісті шаралар қабылданды. Транзиттік әуе рейстері мен пойыздар тоқтатылды. Ақтөбе қаласындағы «Экспресс» автовокзалынан Ресейдің Орынбор, Қазан, басқа да шетелге қатынайтын рейстері тоқтатылды. Тек Ақтөбе-Орал, Ақтөбе-Қостанай бағытындағы, басқа да ел ішіндегі автобустар жүріп жатыр. Рейстердің тоқтатылуына байланысты барлық билеттер қайтарылады. Шетелге емделуге баратын Қазақстан Республикасының азаматтары денсаулық сақтау мекемелерінің растайтын құжаттарын ұсынып, шыға алады, — деді ол.

Сондай-ақ брифингте басқарма басшысы сәуір айынан бастап жол салу маусымы басталатынын атап өтті. Биыл 23 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл мақсатта облыстық және республикалық бюджеттен 5,2 миллиард теңге қаржы бөлінген.

Жиын соңында М.Ибрашов тікелей эфирде қойылған тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button