Жаңалықтар

Бетперде: тапшылыққа тосқауыл

Коронавирусқа байланысты жер-жерде бетперденің бағасы аспандап, кей дәріханаларда болмай шықты. Бірақ облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің тапсырмасымен жергілікті кәсіпкерлер бетперде шығаруды қолға алды. Бұл — облыстағы бетперде тапшылығына тосқауыл болмақ.

Алайда әлі қала жұртын қамти алмай жатқанда бетперде аудандар мен ауылдарға жете бермесі анық. Осы тығырықтан шығу үшін барлық аудандар өздері жасайтын болды. Қазір ауыл тігіншілері жаппай бетперде тігіп жатыр. Өйтпегенде ше? Бұрын 20-30 теңге тұратын бір бетперденің бағасы он есе көтеріліп, 350-400 теңгеге жеткен. Арада алыпсатарлар да жоқ емес. Қаладағы дәріханалардың тең жартысында бетперде жоқ. Болса да жаңағыдай бағаға алу қала жұртының қалтасы үшін өте ауыр. Сол себепті қоғамдық жерлерде санитарлық талапты сақтамай жүргендер әлі де жетерлік. Ал, ауылдағы ағайынның той-садақадан қалмай қамсыз жүргені, кез келген жерге бетпердесіз бара беретіні тағы бар. Олардың айтуынша, ауданның дәріханаларында бетперде жоқ. Сақтықты сылтаумен алмастыратындарға бір мысал — қымбат.

Бұл бастаманы алдымен Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағанбетов бастады.

— Бетперденің тапшылығы біраз дүрбелең тудырды. Неге жоқ? Болса қайда? Ақыры мынадай шешімге келдім. Күні кешегіге дейін шешеміз қолдан құрақ тігіп, неше түрлі көрпелер жасаушы еді ғой. Сонда алақандай бетпердені жасауға шамамыз келмей ме? Қазір тігін машиналары бар. Неге өзіміз тігіп алмасқа? Жалпы әр үйдің нәзік жандылары ине ұстай алуы керек қой. «Жоқ» деп қарап отыруға тағы болмайды. Сөйтіп өз күшімізбен, қолымыздан келгенін жасауға тырысып жатырмыз, — дейді аудан басшысы.

Оның айтуынша, бетперделер санитарлық талапқа сай келеді. Шұбарқұдық кентінде ауданның тігіншілері бас қосып, бетперделер кәсіпкер Ләйлә Актуринаның тігін шеберханасында әзірленіп жатыр. Әзірге 20 мың бетпердеге тапсырыс берілген. Дайындалған бетперделер алдымен халық көп шоғырланатын базарлар мен дүкендерге, жергілікті мекемелердің қызметкерлеріне тегін таратылды.

Әкімшілік тарапынан тапсырыс берген бетперде сатылмайды. Ал, жеке кәсіпкерлер өздері тігіп сатамыз десе, қарсылық жоқ. Тек бағасын бақылауда ұстаймыз. Қазір тігіншілерді жинау үстіндеміз. Өнімділікті арттыру үшін күніне 500 бетперде шығаруды жоспарлап отырмыз. Бетперде жасар алдында оның сапасы мен қандай матадан тігілуі керек екені туралы арнайы мамандардан кеңес алдық. Оның ішінде сәтен матасы талапқа сай келеді екен. Жуып, үтікпен кептіріп бірнеше рет қолдануға да болады. Бетперде тігуге арналған тапсырыс берген материалдарымыз келіп тұр, — дейді аудан әкімінің орынбасары Нұрлыгүл Көшекбаева.

Елдегі төтенше жағдайға байланысты бүгінгі күннің ең басты сұранысына ие боп отырған бетперденің жетіспеушілігін азайтуды Ойыл ауданы да қолға алды. Жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп, жедел сақтық шараларын бастап кетті. Жеке тігінші кәсіпкерлер өздерінің шеберханасында бетперделерді көптеп әзірлеуде. Тігінші Арай Қазбекқызы мен Райса Дінжановалар бетперделерді халықтың қалтасына қарай, аса қымбат емес бағамен ұсынып отыр. Оған қосымша, аудандағы қолынан іс келетін әр тігінші үйінен бетперде жасап сатуда. Олар әзірге тапсырыстың тоқтап тұрғанын айтады. Демек, ауданда бетперде тапшылығы жоқ.

Ойылдағы бетперде бағасы — 100-400 теңге арасында.

Аудандық жастар ресурстық орталығы, еріктілер және  «Жас Отан» жастар қанаты қоғамдық бірлестігінің жастары адам көп шоғырланатын жерлерге ақпараттық жадынамалар іліп, коронавирустың алдын алу мақсатында жұмыстар жүргізуде.

Бұған дейін Мұғалжар ауданы орталығындағы дәріханаларда бетперде тапшылығы байқалған. Сондықтан сақтық шарасына байланысты аудандық кәсіпкерлік бөлімі кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізді. Бетперде шығаруды ауданның танымал кәсіпкері Роза Ахметова бастап, сұранысты қанағаттандыратын болады. Қандыағаш қаласындағы «Роза» тігін шеберханасы  тауарды сапалы шығаруды мойнына алды. «Бастау Бизнес» жобасы грантының иегері жас кәсіпкер Айпара Мерекеқызы бетперде тігіп, өз үлесін қосуды көздеп отыр. Аудандағы бетперделердің бағасын қымбаттатпау үшін түсінік шаралары жүргізіліп жатыр.

Бұндай жұмыс барлық аудандарда жалғасуда. Алдағы аз күнде бетперде бұрынғы бағасына түспесе де, едәуір арзандайтыны анық.

Самат НАРЕГЕЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button