Жаңалықтар

Қазақстанның екі азаматынан коронавирус табылды

Кеше ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанның екі азаматынан коронавирус инфекциясы табылғанын мәлімдеді.

  • Үш айдан бері біз елімізде коронавирусқа жол бермеу мақсатында біраз шараны іске асырдық. Алайда, өкінішке қарай, бүгін бірнеше рет тексергеннен кейін Қазақстанның екі азаматынан коронавирус инфекциясы табылды. Бүгін біздің Алматыдағы лабораторияда Қазақстанның екі азаматынан «коронавирус» расталды. Олар — Германиядан келгендер, — деді Елжан Біртанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бас санитарлық дәрігердің қаулысымен бұл азаматтар карантиндік стационарға жатқызылған.

— Аталған азаматтар Алматы қаласындағы инфекциялық стационарда жатыр. Бұдан бұрын айтқанымыздай, елімізде коронавирус тіркелген жағдайда Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссия тиісті іс-шаралар жоспарын бекіткен еді. «Б» жоспары бүгін күшіне енді. Бірінші науқас 9 наурызда, екіншісі 12 наурызда келген. Олардың кім екенін жариялай алмаймыз. Бір ер адам және бір әйел. Екеуі де Қазақстанға ұшақпен ұшып келген. Бортта коронавирусты жұқтырғандармен бірге болғандардың бәрі де карантинге жатқызылады. Яғни 9 наурызда бірге ұшқан 73 адамның кім екені анықталды. Олар бақылауда. Қайда екенін білеміз. Карантинге жатқызу шараларына кірістік. Олар ауру адамдар емес, — деді Е.Біртанов.

Сонымен қатар ол бортта екі қазақстандықпен ұшып келген жолаушылардың тізімі бар екенін жеткізді. 12 наурызда келген ұшақтағы 12 азамат та қазіргі таңда карантинге жатқызылған.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда барлық шара бекітілген алгоритм бойынша жүргізілуде. «Коронавирус инфекциясына шалдықты» деп күдіктенген тұлғада аурудың клиникалық белгісі жоқ.

«Қазақпарат» сайтынан алынды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button