Мереке

Бақыт балалы үйде тұрақтайды

Қазір көпбалалы отбасын көрсек, таңдай қағып, таңғалатынымыз сөзсіз. Әрине, көпшіліктің көкейінде пендешілікпен «оның бәрін қалай асырайды» деген сауал туындайды. Бірақ «бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген халық даналығын есімізге алып, «қай баланың да өз несібесі бар» деп те жатамыз. Десе де, әр баланың қажеттілігін тауып беріп, оқытып, қатарынан қалмасын деп, бар жағдайды жасап, үйлендіріп-ұзатып, тойын жасап, тіпті баспанаға дейін алып беру — әр ата-ананың мақсаты. Осыларды ойға орап, көпбалалы отбасын көрсек, таңырқап та, тосырқап та қарайтынымыз шындық. Сондықтан, 36 жасында 10 балаға әлемнің жарығын сыйлап үлгерген Ләззаттың бұл ерлігі өзге әйелдерге үлкен өнеге.
Біз де бүгінгінің батыр анасымен кездесуді жөн көріп, шаңырағына бас сұқтық.
Жылы шыраймен қарсы алған Бақберген мен Ләззатты көріп, берекесі мен бірлігі жарасқан, ынтымағы мен пейілі үйлескен үлгілі отбасының куәсі болдық.
— Біз жолдасымыз екеуміз көпбалалы болуды армандайтынбыз. Өзім де, жолдасым да көпбалалы отбасынан шыққан жандармыз, ол үйде де, біздің үйде де жеті баладан бар. Содан болар, көпбалалы отбасы болудан біз де қашпадық. Әр бала өмірге өз несібесімен келеді дегенге сенемін. Мен үнемі 10 балам болады деп айтатынмын. Алланың өзі аузыма салған болар, бүгінде шүкір, 10 балам бар. Әрбіреуі — бір төбе. Тұңғышым Нұрсеріктің жасы 18-де, Ақтөбе қаласында колледжде оқиды. Ал кенжетайым Медина 6 айлық, — дейді «Алтын алқа» иегері Ләззат.
Бүгінде Бақберген мен Ләззаттың Іңкәр, Әйгерім, Абылайхан, Азамат, Сәкен және Ақылбегі мектепте оқиды. Ал төрт жасар Айару мен үш жасар Димаш анасының қасында үйде.
Отағасымен де әңгімеміз лезде өрбіп, атасы Көбейдің кіндіктен жалғыз болғанын, ұрпағы көп болсын деген ниетпен атын Көбей қойғанын айтқан Бақберген сол ырымның айналып өз отбасына келгеніне дән риза.
— Біз бұрын Қарақалпақстанда тұрдық. Сол жақта үйленіп, бес баламыз дүниеге келді. Ол жақта газ саласында жақсы жұмыс жасадым. Табысым да жақсы болды. Алайда, балаларымызды туған елімізде өсіріп, қазақша сөйлетіп, салт-дәстүрімізді ұмытпасын деген ниетпен елге оралуды жөн көрдік. Сөйтіп, Жұрын ауылына көшіп келдік. Бүгінгі күнімізге шүкір дейміз, — дейді Бақберген.
Олардың Жұрын ауылындағы үйі апатты деп танылып, Қандыағаш қаласына көшіп келген. Қазіргі таңда жергілікті әкімдіктен 4 бөлмелі ұзақ жылдарға жалға алынған пәтерде тұрады. Әрине, 4 бөлмелі үйдің 10 баласы бар отбасына тарлық ететіні анық. Отағасының тапқан 50 мың теңге жалақысы жыртыққа жамау бола алмайды. «Алтын алқаға» берілетін жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмектің ақшасына ептеп күн көріп, тағдырына тәубе айтып отырған Ләззаттың отбасы жеке тұрғын үйлерінің болғанын армандайды.
— Жер үйіміз болса, жазды күні бау-бақша егіп, одан өнім алып, ауласына тандыр пеш салып, нан пісіріп, қосымша болатын нәпақамызды тауып отырсақ, қанекей! Балаларымыз да өз үйлерінің аулаларында емін-еркін ойнап жүрсе жақсы ғой, — дейді Ләззат.
Жаз бітіп, сабақ басталар уақытта балаларға мектеп формасын, спорттық киімдерін алу, оқу құралмен қамтамасыз ету жалпы балалы үй үшін оңай шаруа емес. Ал 10 баласы бар отбасына бірнеше есе қиын. Алтын құрсақты батыр ана балаларын қатарларынан қалдырмау үшін алғашқы қоңырау қарсаңында банктен несие алып, балаларын бастан аяқ киіндіріп, сабақтан қалдырмай мектепке жібереді екен.
Балабақша жасындағы Айару мен Димаш күні бойы үйде отырады. Ләззаттың оларды балабақшаға бергісі-ақ келеді. Бірақ «ақшасын төлей алмай, қиналып қаламын ба» деп шегіншектейді. Бізге теледидардан көрген би қимылдарын қайталап, гимнастикалық қозғалыстар жасап, өз өнерін көрсеткен 4 жасар Айарудың да талабы таудай.
Батыр ана бізге балапандарының болашағынан зор үміт күтетінін, әрқайсысының өз қызығушылығы барын әңгімелеп берді. Үлкен қызы Іңкәрдің спортқа жақын, екінші қызы Әйгерімнің өнерлі екенін, 3-сыныпта оқитын ұлы Сәкеннің сабақта үздік, тоғызқұмалақты жақсы ойнайтынын, бүгінде олардың Бурабайда 45 күндік сауықтыру орталығында оқып жатқандығын айтқан Ләззаттың жанарынан аналық мейірім төгіліп тұрды.
— Балаларымыз өте сезімтал болып өсіп келеді. Қас-қабағымызға қарайды, жағдайымызды жақсы түсінеді. Бәрі де оқуда озат. Балаларымның денсаулығы мықты, ақылды, мейірімді, адал, еңбекқор болып өсуі үшін бар күш-жігерімді салып, тәрбиелеуге тырысып жүрмін. Балапан ұшқанда отбасынан көргенді іледі емес пе?! Сондықтан отбасындағы татулықты, бірлікті, мейірімділікті көріп өскен балаларым болашақта жаман болмайды деген сенімім бар. Қазірдің өзінде олар бір-біріне қамқор болып, сабақтарына көмектесіп, қорғап, жанашырлық танытып жүреді. Алдағы күндерде олар өсіп, бір мамандықтың иесі болып, өз орындарын тапса, бақыттың шырқау шегі —сол болар, — деп ақ тілегін ақтарды ана.
Осылайша, ауданда тату-тәтті отбасылардың көшін бастап тұрған ерлі-зайыпты Бақберген мен Ләззаттың балалары мейірімге бөленіп, шаттығы мол шаңырақта өсіп келеді. Біз де «балаларым — бақытым» деп білетін бұл отбасының балапандары «тіл-көзден аман болып, азамат болып ержетсін» деп тілейміз.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ,
Мұғалжар ауданы.

ИНДИРАНЫҢ АРМАНЫ

Шаңырағын көп баланың күлкісіне толтырып, «балаларым — бақытым» деп өмір сүріп жүрген аналардың бірі — Ақтөбе қаласындағы «Нұр Ақтөбе» ауданының тұрғыны Индира Сарина.
Он балаға жарық дүние сыйлаған оған «Неге туа бересің?» деген сөз жиі айтылады екен. Қатаң ескерту ретінде дәрігер мен педагог айтса бір жөн, кейіпкерімнің көңіліне келетіні, мүлде танымайтын адамдардан еститіні.
— Күйеуім Марат өз отбасында жалғыз боп өсті. Сондықтан да балаларының көп болғанын тілепті. Мен де балаларымның көп болғанын қалайтынмын. Тілеуімізді Алла беріп, көрінген балаларымызбен базар боп отырған жайымыз бар. Енем де өмірден өткенше немерелерінің ортасында бізбен тұрды, — дейді Индира.
Жұбайының қас-қабағына қарап, үй шаруашылығын да үйлестіріп, балаларын мұнтаздай етіп киіндіріп қойғанынан-ақ Индираның пысықтығы мен еңбекқорлығы байқалады.
— Қарап отырсам, күйеуім екеуміз 17 жыл құрылыста еңбек етіппіз. Әуелгіде үйлерге еурожөндеу жүргіздік. Бала кезден ас үйде түрлі тағамдар жасауға тырысатынмын. Содан торт жасауға кірісіп кеттім. Кейін мұздатқыш пен еттартқыш сатып алып, қолдан тұшпара, манты түйіп саттым. Тіпті, кешенді түскі ас жасап, тараттық. Сөйтіп жүргенде қолдан жасалған тағамдарға арнайы орындардан сертификат болмаса, айыппұл салынатынын білдік. Көп ойланбастан жақын жерден үш бөлмелі үйді жалдап, кулинарлық цех аштық. Бірақ, санитар дәрігерлер жалға алған орнымның кондитерлік өнімдері өндірісі үшін жарамайтындығын, технология бойынша жұмыстың әр кезеңіне бөлек бөлме қажеттігін айтып түсіндірді. Ал біз бұл талаптарды орындай алмайтын болдық. Одан да кафетерий ашу оңайырақ болды. Бірақ, ол өзіндік шығындары бар басқа бизнес еді. Осы кезде маған мемлекеттік құрылымдар көмек қолын созды. Кәсіп аша бастаған кезде Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне бардым, олар бар көмектерін аямады. Сондай-ақ, былтыр атаулы әлеуметтік көмек пен екі кішкентайым үшін алған жәрдемақыны да бизнеске салдым, — дейді Индира.
«Үйлену — оңай, үй болу — қиын» демекші, бұл отбасы да көп жыл бойы пәтерден пәтерге көшіп жүріпті. «Жалға берушілер балаларымызды көрсе, бізге пәтерлерін бермей қоятын. Шүкір, қазір өзіміздің баспанамыз бар. Балаларымыздың несібесі болар. Көпбалалы отбасы ретінде тұрғын үй кезегі арқылы біздің отбасыға «Нұр Ақтөбеден» үш бөлмелі пәтер берді», — деп еске алады кейіпкерім.
Жаңа қонысқа көшіп келгелі бері торт пісіруді қайта қолға алыпты. «Нұр Ақтөбе» тұрғындарынан ғана емес, инстаграм арқылы қаланың қай жерінен болса да тапсырыстар қабылдайды. Дайын болған тапсырысты жұбайы Марат жалдамалы көлігімен жеткізіп береді екен. Оқушы қыздары да кішкентайларынан көргенін жасап, аналарының қолғанаты боп жүр. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген рас-ау, қыздарым торт, басқа да тәтті нандарды қызығушылықпен жасауды үйреніп жүр», — дейді көпбалалы ана.
Марат пен Индира жеті қыз, үш ұл тәрбиелеп отыр. Оқушы балалары №60 орта мектепте оқиды. Атап айтсақ, «Жарқыраған жұлдыз болсын» деп есімін атасы қойған тұңғыштары — Жұлдыз — 8-сынып оқушысы. Бибіайша — 7 сыныпта, Бибізәуре — 6-сыныпта, Маруа — 4-сыныпта, ал Румиясы 2-сыныпта оқып жүр. 1-сыныпта оқитын Шаһабудиннің оқу үлгерімі жақсы. Былтыр қалалық әкімдіктің қолдауымен ментальды арифметика курсына тегін қатысқан ол есепке жүйрік. Әлиакбар — 5-те, Резвангүл — 4-те, Карима — 2 жаста. Ал Рахматулланың өмірге келгеніне небәрі бес ай болыпты. Алайда Индира бала туып, үйде отырғасын кішкентай балапандарының да қасында болғанын қалап, балабақшаға бермепті.
«Алтын алқа» иегерінің бар арманы — балалары өскенше кондитермен байланысты бір бизнесті жолға қою, бастаған кәсібін кеңейту.
Отбасы тыныштығын, береке мен бірлігін сақтап, балаларын жылылық пен жан шуағына бөлеп отырған қазіргі Аналардың бір үлгісі — осы.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button