Жаңалықтар

Тұрғындар өтініштерін айтты

Қоғамдық қабылдау

Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов кеше тұрғындарды қабылдады. Партияның қоғамдық қабылдауына бұл күні жиырма шақты адам жазылған.

Ай сайын өткізілетін қоғамдық қабылдауға бір ретте кемінде оннан астам адам келеді. Ербол Данағұловтың айтуынша, келушілердің дені тұрғын үй мәселесін шешуге көмек сұрайды.

— Нақты айтсақ, келушілердің 75 пайызы үй жағдайын жақсартуды, яғни үй алып беруді сұрап келеді. Олардың барлығына баспананы заңға сәйкес алатынын айтамыз. Жер мәселесі де тұрғындар тарапынан жиі айтылады. Науқас балаларға мүгедектік рәсімдеу, емдету мәселелері де жиі көтеріледі. Мүмкіндігімізше заң аясында көмек көрсетуге тырысамыз. Былтыр партияның Ақтөбедегі филиалдарынан 3067 адам түрлі мәселелер бойынша көмек сұраған болатын, оның 1068-інің өтініші оң шешімін тапты, — дейді Е.Данағұлов.

Кеше қоғамдық қабылдауға келгендердің де дені тұрғын үй сұрап келді. Мәселен, Хромтау ауданының Ақжар елді мекенінде тұратын Рыскүл Алпысбаева көпбалалы ана екендігін, отбасында тек жолдасы ғана жұмыс істейтіндігін айтты:

— Ауылда біреудің үйін жалдап тұрамыз, оның өзі төбесінен су ағып, тозып тұр. Жақында қожайынымыз үйді босатуды сұрады. Енді барар жер, басар тауымыз жоқ. Бес баламыз бар. Жолдасымның жалақысы үй алуға жетпейді. Бізге үй алуға көмектесуіңізді сұраймын, — деді. Ербол Данағұлов Рыскүлге жұмыс тауып беруге көмектесе алатынын, алайда баспананы тек заң аясында ғана алуға болатындығын айтты. Рыскүлдің анасы Нұрсұлу Жұмағазина да 14 жастағы ұлымен пәтерде тұрады екен. Жолдасы қайтыс болған. «Ұлымның көзі нашар көреді, соны емдетуге көмектессеңіздер. Сонымен бірге баспана алуға көмек сұрап келіп отырмын. Зейнетке шығуға алты ай ғана уақыт қалды», — дейді ол. Ербол Данағұлов ол кісіге биржа арқылы қоғамдық жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар екендігін, ал баспананы тек заң аясында ғана кезекке тұрып алуға болатынын айтты.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button