Жаңалықтар

Тіл апталығы

Ықылас пен ықпал

22 қыркүйек — Қазақстан халықтарының тілдері күні. Осыған орай Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында тіл апталығы өтіп жатыр. Сейсенбі күні апталықтың ашылуы болды.

Басқосуда сөз алған оқу орнының ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Абылай Мұхамбетжан жиналғандарды мерекелерімен құттықтап, оқу орнында мемлекеттік тілді дамытуға байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Бұдан кейін философия ғылымының докторы, Әлеуметтік ғылымдар академиясының  академигі Аманкелді Айталы мемлекеттік тілдің бүгінгі жай-күйін әңгімеледі.

—Бүгінде біздің тіліміз өмірдің көп саласынан шеттетілген.  Оның себептері өте көп. Негізгі себебі — тарихымызда, санамыздың орыстануында  жатыр. Дегенмен, соңғы жиырма жылда қазақ тілінің мәртебесі өсіп келе жатқаны анық.  Мәселен, 1991 жылы Қазақстанда 3 миллионнан астам бала мектепке барса, соның 32,13 пайызы қазақша білім алған екен. Содан бермен қарай көп нәрсе өзгерді. Жылдан жылға басқа ұлт өкілдерінің  мемлекеттік тілге деген қызығушылығы артып келеді. Бүгінгі күні біздің елімізде мектеп жасындағы оқушылардың 64 пайызға жуығы мемлекеттік тілде оқиды. Жастар қаншалықты өз тілінде білім алса, соншалықты мемлекеттік тілдің болашағы айқындалады. Демек, осылай дами берсек, қазақ тілінің мәртебесі өсетіні анық. Биыл 26 шілдеде өткен  Үкіметтің арнайы кеңесінде тіл мәселесі сөз болды. Осы жиында қазақ балаларының 84 пайызы қазақ тілінде  білім алатыны айтылды.  Ал  28264 басқа ұлт балалары қазақ мектептерінде оқып жатыр екен. Бірақ бұл көрсеткіш бір пайызға да жетпейді. Дегенмен, бетбұрыстың басталғаны анық. Сондай-ақ грант негізінде білім алатын жастардың  64,83 пайызы —  қазақ мектептерінің түлегі. Десекте,  36 пайыз қазақ жастарының орыс тілінде  білім алатыны қынжылтады, — деді ол.

Одан әрі елімізде қазақ тілін қолдау мақсатында 2007 жылы Елбасының тікелей бастамасымен «Мемлекеттік тілді қолдау» қоры құрылғанын, қордың үлкен жұмыстар атқарғанын жеткізді. Сондай-ақ Аманкелді Айталы бүгінгі таңда әлемде тілдік таластың  жүріп жатқанын айтты.  Мәселен, Франция Африка елін отарласа, күні бүгінге дейін сол елде француз тілінің ықпалы мықты. Осы секілді әлемнің алпауыт елдері бұрын отары болған мемлекеттерде өз мәдениеті мен тілінің үстем болғанын қалайды. Осы бағытта тіпті түрлі қоғамдық қор, ұйымдар құрылуда. Мәселен, ғалымның  айтуынша, Ресейде «Орыс әлемі» қоры құрылып, оған 1 миллиард теңге қаржы бөлінген. Осы секілді өзге де ұйымдар бұрын Ресейдің  қарамағында болған мемлекеттерге орыс тілі мен мәдениетін насихаттауда үлкен жұмыстар атқаруда. Бұл тұрғыда оқу орындарының да қосатын үлесі көп. Мәселен, А. Айталы Астанадағы Мәсекеу университетінің филиалы осының айқын үлгісі екенін жеткізді. Сөзінің соңында ол бұндай басқосулардың тәрибелік маңызы зор екенін, еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік тілдің бекінісі болуы керек екенін жеткізді.

Бұдан кейін сөз алған  педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Ниетжан Беріков мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында бірқатар жұмыстардың атқарылып жатқанын, осы бағытта тіл жанашырлары бас қосып  Үкіметке ұсыныс жасағандарын жеткізді. Өз кезегінде облыстық тілдерді дамыту басқарамасының ономастикалық жұмыстар және талдау бөлімінің бастығы Алмат Пангереев те пікірін білдірді.

Оқу орнының қазақ тілін оқыту орталығының директоры Ерболат Дүзмағамбетовтың айтуынша, мерекеге орай  апта бойы институтта түрлі шаралар ұйымдастырылады. Ақын, жазушылармен кездесулер өткізіледі. Орталық 2007 жылы институт ректоры Ғалымжан Нұрышевтың басшылығымен  құрылыпты. Оқыту әдісі коммуникативті негізде жүргізіледі. Яғни, күнделікті қолданыста қазақ тілінде сөйлеу үйретіледі. Бағдарламалардың барлығы компьютерге енгізіліп қойылған.

Жиын соңында институттың өнерлі жастары ән айтып, би биледі.

Кәмшат СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ.

***

Дәрігерлер, қазақша сөйлеңіздер!

Медицина саласында қызмет етіп жүргендердің дені орыс тілінде сөйлейтіні рас. Кейбірі мемлекетік тілді мүлде білмейтін болса, кейбірі медициналық терминдердің қазақ тілінде нақты аудармасы болмағандықтан, қағаздарды орысша толтырады. Сосын бірін түсінсең, бірін түсінбей жүргенің.

Емханаға барып өз ауруы жайлы орыс тілді дәрігерлерге түсіндіре алмай жүргендер баршылық. Тіпті, дәріханаларда фармацевттерге ауруының белгілерін айтып, қандай дәрі ішу керектігін сұрай алмай тұратындар да бар.

Осындай келеңсіздіктерге байланысты медицина саласы қызметкерлеріне арналған мемлекеттік тілді оқыту кешені дайындалған. Кеше Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасы жанындағы «Тілдерді оқыту орталығы» МКҚК осы кешеннің тұсаукесерін өткізді. Бұл шараға тілдерді дамыту басқармасы, тілдерді оқыту орталығы, денсаулық сақтау департаментінің өкілдері, қаладағы емдеу мекемелерінің басшылары мен мемлекеттік тілді оқыту курсын ұйымдастыруға жауапты мамандар, кешеннің авторлары қатысты.

Кешен 2 оқулықтан, 1 мәтіндер жинағынан, 1 тест жинағы мен 1 грамматикалық анықтағыштан және 2 электронды оқулықтан тұрады. Оқулық терапия, хирургия, гинекология, жұқпалы аурулар, балалар аурулары тақырыптарын қамтыған тараулардан тұрады. Бұл кешен қаладағы барлық емдеу мекемелеріне тегін таратылады.

— Мемлекеттік тілді кәсіби саламен байланыстыра оқыту үшін осындай арнаулы оқулықтар қажет. Жалғыз медицина саласы ғана емес, барлық салада мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту міндеті тұр алдымызда.

Мемлекеттік тілді оқыту кешені емдеу мекемелеріне тегін таратылады. Емдеу мекемелері басшылары қызметкерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейін үнемі қадағалап отыруы керек. Ендігі жерде медицина саласы қызметкерлері арасында «ҚазТест»жүйесі арқылы мемлекеттік тілді білу деңгейі тексеріліп тұратын болады. Қызметкер мемлекеттік тілді өз деңгейінде білгенге дейін сынақтан өтіп тұратын болады, — дейді тілдерді дамыту басқармасы бастығының орынбасары Гүлайым Төлебаев.

М.САТАЕВА.

***

Тіл баспасөз — беттерінде

Қазақстан халықтарының тілдері күніне орай қаламызда «Мемлекеттік тіл — ұлт бірлігінің басты факторы» атты тіл апталығы ұйымдастырылып жатқаны белгілі.  Осыған орай, кеше Ақтөбе гуманитарлық колледжінде «Тіл — баспасөз беттерінде» атты тілші-журналистер, оқытушылар мен студенттердің қатысуымен пікірталас өтті.

Жиында тіл мәселесіне байланысты баспасөз беттерінде  жарық көрген мақалалар оқылды. Әр мақала төңірегінде қызу пікірталастар жүргізіліп, студенттер өз ойларын ортаға салды. Ардагер ұстаз Зоя Бралова қазақ тілінің өзекті мәселелері жайында баяндама жасап, жастарға біраз мағлұмат берді.

— Тіл мерекесіне орай, біздің колледжде  онкүндік жүріп жатыр. Көптеген шаралар ұйымдастырдық. Тіл тақырыбында дебаттар, айтыс, дөңгелек үстелдер өтті. Сонымен қатар, Нұрпейіс Байғаниннің 150 жылдық мерейтойы мен Кеңес Одағының Батыры Қожабай Жазықовтың 90 жылдығына байланысты кездесулер ұйымдастырдық. Ата заңымыздың 15 жылдығына байланысты да шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз, — дейді  колледж директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасыры Кабира Ниетбаева.

Шара соңында студенттер өздерінің тіл туралы өлеңдерін оқыды.

Ақтөбе қалалық әкімдігі мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастамасы бойынша  ұйымдастырылып жатқан апталық аясында әлі де біраз шаралар өткізілмек.

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

***

Фестиваль

Өнердің өркені

Ырғыздық өнер сүйер қауымның жыл сайын тағатсыздана күтетін «Аймақты әнмен тербетіп…» атты өнер мерекесі өз мәресіне жетті. Биыл он төртінші рет ұйымдастырылып отырған байқауға облысымыздың жеті ауданымен қатар көршілес Қостанай облысының Жангелдин ауданының өнерпаздары да келген еді. Барлығы сегіз ауданның таңдаулы өнерпаздары екі күн бойы Ырғыз аспанын әнге бөлеп, күймен көмкерді.

Күндізгі бөлімде ауыл қариялары терме мен қазақтың қара домбырасынан төгілген түрлі күйлер тыңдап, таңдай қағысты. Осынау өнер мерекесінің тағы бір қызықты сәті, әр өңірден келген белдері бекем, білекті жігіттер «Түйе палуан» атағы үшін боз кілемнің шаңын қақты. Нәтижесінде Әйтеке би ауданынан келген Жамбыл Жайлыбаев қарсыластарының барлығын қапы қалдырып, «Түйе палуан» атанды. Оған ауданымыздағы «МТС» өндірістік кооперативінің төрағасы Нақыпбай Садықов әкесі, Ырғыз өңірінің құрылыс саласының абыройын көтерген азамат Бақберген Садықов атындағы жүлдені табыс етті.

Өнер мерекесінің нағыз қызатын екінші күнгі Гала концертте озып шыққан талапкерлер халық алдына қайта шығып, өз өнерлерін ортаға салды.

Сөйтіп, эстрада бойынша бас жүлдені ырғыздық әнші, бүгінде Ақтөбе мемлекеттік педогогикалық институтының музыка бөлімінде оқып жатқан Гүлфарида Жұбаева жеңіп алды. Терме жанрында Хромтау ауданынан келген Ермек Мұңсызбаев бірінші орын алса,  күйден көпшіліктің қошеметіне бөленген Алға ауданының өнерпазы Әлібек Мәкенов жүлделі орынның биік сатысынан көрінді.

Өнер мерекесінің екі күнінде де ұтыс ойындары ойнатылып, бағалы сыйлыққа ие болған көрермендер қуанышқа кенелді.

Аталмыш фестивалдің жабылу салтанатында аудан әкімі Мирхан Дуанбеков ырғыздықтар мен конкурсқа қатысқан барлық талапкерді құттықтап, жүлделі орынға ие болған өнерпаздарды Алғыс хаттармен марапаттап, арнайы төсбелгі тақты.  Гран При атағын жеңіп алған Гүлфарида Жұбаева дипломмен бірге елу мың теңгелік ақшалай сыйлыққа ие болды.

Дархан МЕКТЕПБАЙ,

Ырғыз ауданы.

***

Поэманы бірге оқуға шақырамыз!

Елімізде 2007 жылдан бері Қазақстан Республикасының  Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен «Бір ел — бір кітап» акциясы өтіп жүр.

Осы шара үшін биыл Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» поэмасы таңдап алынып отыр.

Дәстүр бойынша «Бір ел — бір кітап» акциясы биыл елімізде төртінші рет ұйымдастырылуда. Ұлттың өте маңызды мәселелері туралы жазылған қазақ кітаптарын насихаттау, жастарды рухани  және патриоттық тәрбиеге баулу, оқырмандарды кітапханаға кітап оқуға тартып, қызығушылығын  арттыру мақсатын көздеген жоба барлық  облыстық, қалалық, аудандық кітапханаларда өткізіледі.

Бүгінде әлемнің көптеген елдеріне кең тараған «Бір ел — бір кітап» акциясының  тарихы 1990 жылдар соңында АҚШ-тың Чикаго, Сиэтл қалаларындағы көпшілік кітапханаларда ұйымдастырылған «Бір кітап, бір Чикаго» және «Бүкіл Сиэтл бір кітапты оқыса» атты жобаларынан  бастау алады.

Біздің еліміз  бұл бастамаға  2007 жылы қосылды. Сол жылғы акция бойынша  еліміздің тұрғындары Абайдың «Қара сөздерін» оқыды. 2008 жылы Ұйымдастыру комитеті М.Әуезовтің «Қилы заман» кітабын, өткен жылы  Мағжан Жұмабаевтың  «Жан сөзі» кітабын таңдады.

«Мен — қазақпын» поэмасы өткен ғасырдың жетпісінші жылдары шыққан, өз ұлтын асқақтатқан шын мәніндегі патриоттық шығарма болатын. Күн өткен сайын жастарымыздың бойында өз елі мен халқына деген сүйіспеншілігін арттырып, азаматтық қоғамды қалыптастыруда осы шығарманың  рөлі ерекшелене түсуде.

Облыстық Сағи Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасы акция аясында Ж.Молдағалиевтің «Мен — қазақпын» поэмасын насихаттау мақсатында шаралар жоспарлап, қызу дайындық үстінде.

Қыркүйек айының  20-27 күндері  аралығында «Қазақ болу — зор бақыт» апталығы барысында «Мен — қазақпын, мен енді — Тәуелсізбін», «Мен — қазақпын, азат қыз, ерікті ұлмын» атты поэзия сағаттары, ауызша журнал, танымдық-патриоттық  сабағы, кітап көрмесі, слайд-шолу өткізіледі. Сонымен қатар кітапхана Жұбан  Молдағалиевтің «Мен — қазақпын», «Я — казах»  поэмасының электронды нұсқасын дайындап шығарды. Электронды нұсқаның мазмұнына акцияның тарихы,  әр жылдары акцияның тойлануы туралы ақпарат енгізілді. Облыс көлемінде акция аясында өткізілетін шараларға, жалпы оқырман қауымына осы электронды нұсқасын ұсынамыз.

Құрметті оқырман! Облыстық С.Жиенбаев  атындағы  жасөспірімдер  кітапханасы сіздерді ұйымдастырылатын шараларға қатысуға және «Мен қазақпын» поэмасын оқуға шақырады.

Әсемгүл АРЫСТАНБАЕВА,

әдістеме-библиография бөлімінің маманы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button