Жаңалықтар

Жаңа технологияның жетістігі — сапа мен өсім

Брифинг

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауылшаруашылық саласын автоматтандыруда Ақтөбе облысы көш бастап тұр. Әсіресе, ауыл шаруашылығы мақсатындағы  жерлерді цифрландыру көрсеткіші — 97,3 пайыз.

Бұл туралы облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Агроөнеркәсіп кешеніне сандық технологияларды енгізу» тақырыбында  өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Бүгінгі күні  9,2 миллион гектар жайылымдық жердің 9,0 миллион гектары цифрланды. Электрондық порталға 346 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 7328 алқабы орналастырылды. Жалпы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді цифрландыру жұмыстары аяқталды деп айтуға болады. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарын вегетациялау кезінде ғарыштық мониторингін жүргізуге, сонымен қатар жерді ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді, — деді басқарма басшысы.

Суармалы жерлерді қалпына келтіру бағдарламасы бойынша 10,6 мың гектар жерді айналымға енгізу жоспарланып, жобалық-сметалық құжаты әзірленген.

Ауыл шаруашылығын цифрландырып, жаңа технологияны пайдалану тәжірибесі артуда. Жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қызметтің бұл түріне көшкелі өнімнің өсімі байқалды. Айталық, өткен жылы Мәртөк ауданының «Родники Агро» ЖШС, Қарғалы ауданының «Интер Агро» ЖШС, «Дилэнд» ЖШС жалпы бағасы 1,7 миллиард теңгеге  жаңа заманауи құралдар сатып алған. Оны тиімді пайдаланып, агротехникалық талаптарды ұстану нәтижесінде 14,2 центнер өнім алған. Бұл облыс бойынша орташа өнімділіктің 8,3 пайызын құрайды.

Хромтау, Қарғалы, Мәртөк аудандарының егін алқаптарында техниканы 2,5 сантиметрге дейінгі қатараралық дәлдікпен автоматты жүргізуге арналған гидравликалық автоұшқыштар орнатылған. Сонымен қатар мал азығының қорын дайындауда «ақылды суару» бағыты бойынша заманауи жаңбырлатқыш машиналар қолданылады.

Бұдан былай жаңа технологиялардың күшімен мал бағу жұмысы жеңілдемек. Жерсеріктік навигация арқылы малдың тұрған жерін, жалпы малға қатысты барлық мәліметті арнайы құрылғылар арқылы бақылап отыруға мүмкіндік бар. Ақтөбе қаласындағы «Нұрдәулет», «Нан», Шалқар мен Мәртөк аудандарындағы «Болашақ», «Шәкір», «Дина» шаруа қожалықтары жылқыларға GPS сырғасын орнатқан. Оның көмегімен малды онлайн режимімен қадағалай алады.

Цифрландыру мен автоматтандырудың соңғы озық технологияларын пайдаланып, игілігін көріп отырған жетекші шаруашылықтардың бірі — «Айс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Онда израилдік «Afimilk» компаниясының автоматтандырылған модульдік жүйесі орнатылған. Тиімділігі сол — «Afimilk» бағдарламасы әр жануар туралы ақпараттарды жинаумен қатар, қажетті мәліметтерді есеп түрінде көрсетеді. Осылайша фермерлер нақты уақытпен жұмыс істеп, өнімдерінің сапасы мен өсімі туралы алдын ала біле алады.

Малдың тәуліктік орташа салмақ өсімін, жалпы жағдайын компьютер арқылы бақылау үшін «Актеп» ЖШС ірі қара малдарына радиожиілік құлақ сырғасын салды. Бордақылау алаңдарында радиожиілік құлақ сырғаларын қолданудың басты артықшылығы — мал азығы базасына жұмсалатын шығындарды 10-15 пайызға азайтады екен.

Облыстағы ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер тегіс осы жүйеге көшкен. Өңірдегі құс, шошқа фабрикалары толық заманауи құралдармен жабдықталды. «Greenhouse Kazakhstan» жылыжай кешені өндірісте  Ultra-Clima инновациялық жүйесі бойынша әлемдегі ең озық голландтық жабдықтармен қамтылған. Бұл жылыжай жылына 6,5 тонна өнім өндіреді. Міне, осындай технологияларымыздың арқасында экспортқа шығатын тауарларымыздың өсімі артты. Облыста ауылшаруашылық саласын цифрландыру жұмыстары жалғасын табады әрі сапалы жүргізіледі, — деп қорытындылады басқарма басшысы Қ.Сәрсембай.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button