Жаңалықтар

Бауыржан Байбек Атырау облысындағы үкіметтік емес ұйым белсенділерімен кездесті

«Nur Otan» партиясы төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің еліміздің мұнайлы астанасына жасаған жұмыс сапарының екінші күні Атырау қаласында жалғасып, партияның облыстық филиалы мен бастауыш ұйымдары өкілдерімен, өңірдің зиялы тұлғаларымен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен және облыстың жастар ұйымдарымен болған кездесулердегі келелі әңгімелермен жалғасты.

Дәрігерлер қауымымен еркін пікір алысуға жол ашқан партия төрағасының Бірінші орынбасары өз сөзінде партия мүшелерінің елеулі бөлігін әлеуметтік сала қызметкерлері құрайтынын атап өтіп, қарапайым дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, дәрігерлердің еңбегін орынды бағалау жайына егжей-тегжейлі тоқталды.

Біз дәрігерлер еңбегін, осы саладағы жасалып жатқан жұмыстарды халыққа насихаттап түсіндіруіміз қажет. Адам ауырып қалса кімге барады? Дәрігерге барады. Адам білім жинау үшін кімге барады? Ұстазға барады. Сондықтан ең маңызды мамандықтар осы. Дәрігерлер челленджін бастаған кезде азаматтар өз өмірінде дәрігерлерге байланысты орын алған жағымды оқиғаларды таратса деген ойым бар. Осынау маңызды мамандық иелерін қорғап, қолдауымыз қажет, – деді Б. Байбек.

Сонымен қатар мемлекетіміз тарапынан медицина саласында атқарылып жатқан ауқымды істер мен көрсетіліп отырған қомақты қолдау да тілге тиек етілді. Оның айтуынша, Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның ХVIII Съезінде алғашқы медициналық санитарлық көмекті дамытуға қосымша 120 млрд. теңге бөлуді тапсырған. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында үш жылдық бюджет аясында денсаулық саласының дамуына қосымша 2,3 трлн. теңге қаржы бөлінетінін айтты. Соның нәтижесінде 2019 жылы денсаулық сақтау қызметкерлерінің еңбекақысы ішінара 30%-ке көтерілді. Атырау облысы бойынша 8 мыңнан астам қызметкердің жалақысы өскен. Ал 2020 жылдың қаңтарынан бастап дәрігерлердің жалақылары орта есеппен 30%-ке өсті.

Сапарын ары қарай жалғастырған Бауыржан Байбек өңірдің зиялыларына арнайы ат басын бұрды. Елдің сөз ұстар тұлғаларымен болған бұл кездесуді Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов ашып, жүргізіп отырды. Келелі бас қосуда өңір руханиятына, мәдениетіне, дін мен тілге қатысты өзекті мәселелер қозғалып, жан-жақты талқыланды. Өз сөзінде Бауыржан Байбек партияның мақсаты мен міндеттеріне, мәдениетті, ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында қолға алған шараларына кеңінен тоқталды.

– Біздің партияның бірінші міндеті – халықтың мұңын мұңдап, сөзін айтып, халықтың пікірін билікке жеткізу. Билік тарапынан көп нәрсе жасалып жатыр. Бірақ кейбір кезде бұл жасалған жұмыстар халыққа дұрыс насихаттала бермейді. Сондықтан барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, атқарып жатқан жұмыстарды халыққа қарапайым тілмен жеткізу керек. Ол – партияның екінші міндеті. Үшінші міндеті, әрине, біз нақты істердің партиясымыз. Сондықтан біз негізсіз нәрселерді ешқашан көтермейміз. Қазіргі кезде әкімдермен бірлесіп әрбір өңірде партияның бағдарламасын талқылап жатырмыз, – деді Бауыржан Байбек.

Жиын ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, емен-жарқын сұхбатқа ұласты. Өз кезегінде өңірдің зиялылары партия төрағасының Бірінші орынбасарына толғандырып жүрген сауалдарын қойып, өз ойларын бүкпесіз ортаға салды. Бауыржан Байбек әрбір сұраққа егжей-тегжейлі жауап беріп, кейбіреулерінің сол сәтінде шешімін де қоса ұсынып отырды.

Өңірге жасаған екі күндік сапарда Бауыржан Байбек еліміздің мұнайлы өңірін аралап, шалғай аудандарға дейін барып, қарапайым тұрғындармен тікелей кездесу арқылы аймақ халқының тұрмыс-тіршілігімен кеңінен танысты. Жұртшылықты толғандырып жүрген мәселелерді анықтады. Жергілікті атқарушы органдармен бірге олардың шешімін қарастырды. Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған саяси ұйымның өңірлерге сапарлары ары қарай жалғасып, әрбір аймаққа тән мәселелер мен ерекшеліктер есепке алынып, аумақтық бағдарламаларда көрініс таппақ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button