Басты жаңалықтарӘкімдер есебі

Жүйелі жұмыстар көрсеткіші 

Сенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Мәртөк ауданына барды. Облыс басшысы аудан әкімінің «Мәртөк ауданының 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2020 жылға арналған міндеттер туралы» тұрғындарға есеп беру кездесуіне қатысып, ауданда жаңадан ашылған денешынықтыру-сауықтыру кешені мен «Ашық әкімдік» орталығының жұмысымен танысты. 

Міндеттер пысықталды, сауалдар қойылды

Аудандық Мәдениет үйінде өткен аудан әкімінің тұрғындарға есеп беру кездесуіне халық көп жиналды. Кездесуге сондай-ақ облыстық басқармалар мен аудандық бөлімдердің басшылары қатысты.

Жиында алдымен аудан әкімі Ермек Кенжеханұлының «Мәртөк ауданының 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2020 жылға арналған міндеттер туралы» есебі тыңдалды.

— Өткен жылы ауданда экономиканың барлық салаларында оң өсім тіркелді, атап айтсақ, оның ішінде өнеркәсіп өндірісінің өсімі — 112 пайыз, ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі — 104,4 пайыз, бөлшек сауда көлемі — 105,8 пайыз, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі — 108,6 пайыз, құрылыс жұмыстарының көлемі — 106,4 пайыз, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі — 121,4 пайыз.

Сондай-ақ былтыр аудан бюджетінің кіріс бөлігі 862,3 миллион теңгені құраса, қосымша бюджетке 109,4 миллион теңге кіріс түсті. Ал бюджеттің шығыс бөлігі — 7,7 миллиард теңгеге жетті, — деді Е.Кенжеханұлы.

Оның айтуынша, бүгінгі күні аудандағы орташа еңбекақы көлемі 121,2 мың теңге болса,

өткен жылы ауылдық округ әкімдіктері мен жеке кәсіпорындар арасында жалақыны арттыру бойынша 172 меморандумға қол қойылып, нәтижесінде жалақы мөлшері 8-48 пайыз аралығында өскен. Ал биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауданда білім, мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орташа есеппен 30%-ға өседі. Сондай-ақ өткен жылы ауданда 994 жаңа жұмыс орны ашылып, 1934 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған.

— 2019 жылы аудан бойынша 643 отбасына 375,4 миллион теңгеге әлеуметтік көмек көрсетілді. Ал биыл атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа механизмдеріне сәйкес аудандағы 318 отбасы жалпы мөлшері 102,0 миллион теңге көлемінде көмек алады. Сондай-ақ биылғы жылы жоспар бойынша аудандағы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында бірқатар жаңа жобалар жүзеге асырылмақ. Атап айтсақ, Үкімет тапсырмасына сәйкес балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аудандағы 16 білім беру ұйымына бейнебақылау камералары орнатылып, №3 Мәртөк орта мектебі ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар №4 Мәртөк орта мектебін мектеп автобусымен қамтамасыз ету және мектепке дейінгі ұйымдарда кезек санын азайту мақсатында жеке инвестициялар есебінен Мәртөк және Саржансай ауылдарында балабақшалар ашу жоспарлануда. Ал денсаулық сақтау саласы бойынша биылғы жылы ауданға 7 санитарлық автокөлік сатып алу, орталық аурухананың лифттерін ауыстыру және материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жоспарлануда, — деді аудан әкімі.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 26,4 млрд теңгені құраса, егіс көлемі 25,2 пайызға артқан. Атап айтсақ, былтыр 62,0 мың гектар алқаптан 56,5 мың тонна өнім жиналып, ауыл шаруашылығы құрылымдары 20,8 мың тонна көкөніс-бақша дақылдарын, 21,6 мың тонна картоп алған. Сондай-ақ өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 5 млрд 375 млн теңгені құрап, өсім 112 пайызға жетсе, бөлшек сауда көлемі 4,3 млрд теңге болған. Бүгінгі күні ауданда шағын және микробизнес бойынша белсенді субъектілердің саны — 1857. Өткен жылы ауданда кәсіпкерлік саласы бойынша 37 нысан ашылып, нәтижесінде 72 жаңа жұмыс орны құрылған. Сондай-ақ  жол бойында қызмет көрсететін 4 нысан іске қосылған.

Аудан әкімінің айтуынша, биыл Мәртөк ауданының құрылғанына 85 жыл толады. Осыған орай аудан орталығын абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолын салу, елді мекендерді көгалдандыру, т.б. жұмыстар жоспарлануда. Сондай-ақ биылғы Жеңістің 75 жылдығы, Абай Құнанбаевтың туғанына 175, Әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуына аудан көлемінде 3 мыңға жуық іс-шара өткізілмек.

Бұдан кейін кездесуде аудан әкіміне тұрғындар аудан орталығына жаңа балабақша, Жайсаң ауылына жаңа емхана, Қаратоғай ауылына көпір салу, сондай-ақ дәрігер-мамандардың жетіспеушілігі мен фермерлерге субсидия беру мәселесіне қатысты өз сауалдарын қойды. Сонымен қатар тұрғындар аудан әкімінің өткен жылы атқарған жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға берді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Оңдасын Оразалин:

— Басты міндет — Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықтың әл-ауқатын арттыру, жағдайын жақсарту. Осы мақсатта өткен жылы Мәртөк ауданында барлық салада жүйелі жұмыстар атқарылған. Айта кету керек, жас та болса ауданды басқарып отырған Ермек Кенжеханұлы — облыстағы Президенттің кадрлық резервіне енген жастардың бірі. Облыс бойынша бүгінгі таңда 12 жас осы тізімге еніп отыр. Ал жалпы аудан бойынша өткен жылдың қорытындысы жаман емес, дегенмен алда атқарылатын жұмыстар әлі де көп. Осы орайда ауданның әлеуеті зор, ал тұрғындардың өзара ауызбіршілігі мол, еңбекқор екенін айта кету керек. Есеп беру кездесуінде сіздердің ортақ мәселелерді көтеріп, сауал қойғандарыңыз да осының көрінісі деп ойлаймын. Бүгінгі есепте ауданда жасалып жатқан жұмыстарға өздеріңіз жақсы баға беріп отырсыздар. Бұл, алдымен, аудан әкімінің, сондай-ақ аудандағы құрылымдардың бірлесіп жұмыс істеуінің нәтижесі. Сондықтан алдағы уақытта осы қалыптан таймай, нәтижелі қызмет атқаруларыңызға тілектеспін, — деді.

Спортшылармен кездесті, орталықты аралады

Бұдан кейін облыс әкімі бастаған топ ауданда жаңадан ашылған денешынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты.

Жалпы құны 323,0 млн теңге тұратын кешеннің құрылысын «Көктем Строй» ЖШС жүргізген. 160 орынға арналған кешенде жалпы ауданы 792 шаршы метр болатын спорт зал, 4 жолды бассейн, күрес және жаттығу залдары бар. Кешенде бір уақытта 270 спортшыға дейін спортпен айналысып, жаттыға алады.

Спорт кешенінің жұмысымен танысқан облыс басшысы жас спортшылармен кездесіп, ауданда жетістіктерімен көзге түсіп жүрген жастарға сәттілік тіледі.

— Биылғы жылы Ырғыз, Қарғалы, Әйтеке би, Байғанин, Темір және Хромтау аудандарында осындай кешендердің құрылыстарын аяқтау жоспарлануда. Бұл облыстағы спортпен айналысатын тұрғындардың санының артуына, жастардың спортқа ден қоюына, спортшылардың жетістіктерге қол жеткізуіне зор серпін береді. Сондықтан жылдың басында пайдалануға беріліп отырған жаңа кешеннің ашылуымен құттықтаймын,  — деп облыс әкімі мәртөктіктерге жылы лебізін білдірді.
Оңдасын Оразалин сондай-ақ аудандағы «Ашық әкімдік» орталығына да барды. Өткен жылы күрделі жөндеуден өткен үш қабатты ғимаратта бүгінде аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, аудандық жұмыспен қамту орталығы, жер бөлімі, АХАЖ секторы орналасқан.

Халыққа қызмет көрсету орталығының мәліметі бойынша, бұл жерде жалпы саны 618 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Орта есеппен бұл орталықта күніне қағаз жүзінде 70-80, электрондық негізде 100-120 қызмет көрсетілсе, бір күнде 150-200 азамат қызмет алады.

Облыс әкімі халыққа қызмет көрсету орталығын аралап, аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандарымен тілдесті.

Орталық директоры Игілік Жұмабаевтың айтуынша, бүгінгі күні аудан бойынша еңбекке жарамды 15020 тұрғын бар. Биыл 160 адам жұмыссыз ретінде орталыққа келіп тіркелген.

Биылғы жылы аудан бойынша жұмыссыздық деңгейі — 1,1 пайыз. Сондай-ақ өткен жылы ауданда 680 адам атаулы әлеуметтік көмек алса, биыл жыл басынан бері бұл бағытта 200 адам кеңес алып, 65 тұрғын құжат тапсырған. Оның ішінде 40 тұрғынға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.

Негізінен, көп нәрсе түсіндіру жұмыстарына байланысты. Сондықтан аудан тұрғындарына атаулы әлеуметтік көмекке қатысты биылғы өзгерістерді түсіндіріп, жан-жақты көмек берілуі керек. Әсіресе, азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету, олардың тұрақты табыс тауып, отбасын асырауына жағдай жасау керек, — деді облыс әкімі.

Айта кету керек, 2020 жылғы 1 қаңтардағы аудан тұрғындарының саны — 29 901. Ауданда 13 ауылдық округке қарасты 34 елді мекен бар. Оның ішінде 9 ауылдың даму әлеуеті жоғары болса, 22-сі — орта.

Данагүл ҚАЗИХАН,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button