Әкімдер есебі

Жер жұмыс істейтін адамға берілуі қажет

Әкімдердің халық алдындағы есебі — олардың жұмысының тиімділігін айқын көрсететін науқан. Қарғалы Мәдениет үйінде аудан әкімі Асқар Жүсібәлиевтің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы жоспарлар жөнінде халық алдындағы есебі басталды. Бұл шара барысында Бадамша селолық округінің әкімі Ернар Дабылдин де есепті кезеңде жасалған жұмысты қорытындылады.

Шара басталмас бұрын келушілерге ауданның 2019 жылғы даму қарқыны туралы бейнефильм көрсетілді.

—    Былтыр 72 жаңа субъект тіркелді, оның ішінде 70 жеке кәсіпкер, бір шаруа қожалығы және бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Бес жаңа бизнес нысаны ашылды: 3 дүкен және 2 шаштараз. Округтегі 26 бизнес субъектісі жалпы сомасы 84,3 миллион  теңге болатын несие алды. «А.Бисекенов» жеке кәсіпкерлігі жарнама студиясын ашу үшін «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы 2 миллион теңге көлемінде грантқа ие болды, — деді Е.Дабылдин.      

Округ әкімі баяндамасында айтылғандай, «Энергосистема» ЖШС аудан орталығындағы ағаштан және темірден жасалған бағаналарды ауыстырған. Атқарушы билік тарапынан алынған жазғы суару жұмыстарына арналған ұзындығы бір шақырым болатын пластик трубаларды ауыстыруды «Бадамша Сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жауапкершілігіне алған. Е.Дабылдиннің айтуынша, бұған қоса былтыр күзде техникалық суға арналған 1700 метр  құбыр алынған. Бұл құбыр «Бадамша Сервис» кәсіпорны ғимаратынан бастап саябаққа дейінгі аралықта жүргізіледі, ол осы саябақ пен бадамшалықтардың үй маңындағы бақшаларын суару үшін қолданылмақ. Әкімнің айтуынша, бұл ауылдағы ағайынның жазғы суару жұмыстары уақытында суға деген қажеттілікті белгілі бір деңгейде қанағаттандыратын болады.

Бадамша тұрғындарының қауіпсіздігі үшін қоғамдық орындарға бейнекамералар орнатылғаны,  Астана, Еңбекшілер, Горняк, Т.Имашева атындағы көшелердегі жолдың жөнделгені туралы да айтылды.

Биыл да  ауылдық округте көп жұмыс істелмек: көшелер мен гүлзарларды тазалау, абаттандыру, көп қабатты үйлердің маңына контейнерлер орнату, көшелерді жарықтандыру, су құбырлары желілерін қалпына келтіру.

Ауыл шаруашылығын дамыту, осы саладағы мәселелер туралы да айтылды.  А.Жүсібәлиевтің айтуынша, пайдаланылмай отырған ауыл шаруашылығы алқаптарын мемлекет меншігіне қайтарып алу үшін қатаң шаралар қолданылатын болады, себебі жер азып-тозып босқа тұрмауы керек, ол жермен жұмыс істей алатын адамға берілуі тиіс. Аудан әкімі ауданда асылтұқымды мал басын арттыру, осы бағытта жұмыс істейтін шаруашылықтардың санын көбейту мәселесін де қозғады. Бүгінде ауданда жалпы алғанда 1125 шағын және орта бизнес субъектісі бар. А.Жүсібәлиевтің айтуынша, ауданның былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жоғары болды, оған бюджеттің 130 пайызға орындалғаны дәлел болып отыр.

Былтыр ауданда мемлекеттік бағдарламалар аясында көшелерді жөндеу, су құбырлары желілерін дұрыстау, орталық саябақ, мектеп-интернат, сауықтыру кешендерінің құрылысы сынды жұмыстар қолға алынған. Балаларға арналған өнер мектебінің ашылатыны жөніндегі жаңалықты естігенде әкім есебін тыңдауға келген тұрғындар қуаныштан қол шапалақтап жіберді.

Тұрғындар тарапынан да сұрақтар қойылды. Зейнеткер Зейнелғабдин Дербісбаев  Аймауытов көшесінің тұрғындары атынан сөз сөйлеп, көшедегі электр бағаналарының бұтақтандырылып бекітілмегенін, соның салдарынан кейде олардың құлап қалып жататынын алға тартты. Округ әкімі биыл көшелердегі бағаналардың ауыстырылатынын айтты. Кәсіпкер Мәдина Ысқақованың агротехникалық колледж жайы туралы сұрағына аудан әкімі бұл оқу орнының жабылмайтынын, ал салынатын жаңа мектеп құрылысының аталған колледжді сонда орналастыруға мүмкіндік беретінін айтты. Тұрғындар ауылдың сәнін бұзып тұрған қаңырап бос қалған ғимараттар туралы да айтты.

 Қанат БАХТИЯРОВ.

Қарғалы ауданы.   

Басқа жаңалықтар

Back to top button