Әкімдер есебі

Табанталда телефон байланысы қашан орнайды?

Табантал ауылында өткен жиында аудан әкімі Нағымжан Алдияров пен Табантал ауылдық округінің әкімі Ренат Сәрсенғалиев жергілікті тұрғындардың алдында есеп берді. Кездесуге облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашов  қатысты.

Аудан, ауыл әкімдері өткен жылы атқарылған жұмыстарын қорытындылап, биылғы міндеттер турасында есепті баяндамаларын жасады. Алдағы атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыты — халықтың тұрмыс сапасын арттыру, әлеуметтік саланы жетілдіру, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық бақылауды күшейту. Осы бағыттағы жұмыстар, нақты атқарылатын іс-шаралар әкімдер есебінде айтылды.

Аудан әкімі Нағымжан Алдияров өз сөзінде жоспарда тұрған нақты жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, биыл Хромтау-Ақтөбе бағытындағы тасжол күрделі жөндеуден өткізілмек. Табанталдағы медициналық пункт құрылысы аяқталып, жақын арада салтанатты ашылу рәсімінің өтетінін естігенде, халық ерекше қуанды. Бүгінгі күні Табанталда ұялы телефон байланысының жоқтығы —  жергілікті тұрғындар үшін өзекті мәселе. Бұл мәселенің жергілікті тұрғындар үшін қиындық туғызатынын айтқан ауыл ақсақалы  Сақтаған Мұқашевтың сауалына аудан әкімі:

Бұл — күрделі мәселе. Өйткені ауыл географиялық жағынан ойыста орналасқан. Осы жағдай кері әсерін тигізіп тұр. Оның үстіне ауылда халық саны аз, алайда ұялы телефон байланысын орнату қызметі жеке компаниялардың қолында болғаннан кейін олар өздеріне тиімді жағын көздейді. Дегенмен біз өз тарапымыздан мұндай компаниялармен байланысқа шығып, бір шешімге келуге тырысамыз, — деп жауап берді.

Ауылдағы «Алпыс и С» шаруашылық иесінің басшысы Талғат Жанғозин Көптоғай мен Табантал ауылдары арасындағы электр бағандарының тозығы жеткенін, соған жөндеу жұмыстары жүргізілсе деген ұсынысын айтты. Ауылдағы электр маманының айтуынша, былтыр Жайлаусай бағытындағы бағаналарға жөндеу жүргізілген, ал биыл Көптоғай бағытындағы бағана бойындағы желілерді жаңарту жоспарда бар шаруа.

Жиында «Көптоғай» жеке қожалығының басшысы Сейтжан Қалиев екі аралықта қар тазарту жұмыстарының қандай деңгейде жүргізіліп жатқанын сұрады. Ауыл әкімінің айтуынша, биыл жол тазарту жұмыстарына бюджеттен 4 миллион теңге қарастырылыпты.

Сондай-ақ ауылдықтар такси, медициналық қызмет көрсету сапасына қатысты бірқатар проблемаларды да алға тартты.

Жергілікті тұрғындар көкейде жүрген сауалдарына нақты жауап алып, әкімдер есебіне оң бағасын берді.

Л.ӘБДІРОВА,

Хромтау ауданы.   

Басқа жаңалықтар

Back to top button