Әкімдер есебі

Жаңа ғимараттар салынып, жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі

Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниев Қауылжыр, Мөңке би, Ақтоғай, Бершүгір ауылдық округтерінің орталықтарында болып, тұрғындар алдында ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және биылғы жылға арналған міндеттері туралы есебін берді.

Алдымен ауылдық округ әкімдерінің, кейіннен аудан әкімінің есебін тыңдаған халық атқарылған жұмыстарды оң бағалап, толғандырған сауалдарын ортаға салды.

Қауылжырлықтар теміржол стансасындағы шағын мектепке қосымша спорт зал салынса деген ұсыныстарын білдіріп, сол станса ішіне тартылған газ құбырларының жүруге кедергі келтіретінін айтты. Бұл сауалдарға жауап берген аудан әкімі саманнан, қамыстан салынған шағын мектептерге қосымша құрылыс жүргізуге болмайтынын айтып, оны шешудің басқа жолдарын қарастыру керек екендігін жеткізді. Ал станса ішіндегі тартылған газ құбырларын өзгертудің өзіндік тәртіптері бар екенін түсіндірді.

Мөңке би ауылының тұрғындары атынан сөйлеген ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Тарғын Әміралин:

— Биыл округ орталығының бір көшесіне асфальт төселмек. Ауылдың ауызсу мәселесі де шешімін тапқалы тұр. Мұның барлығын үлкен игілікті іс деп айтуға болады. Енді ауылымызда заман талабына сай Мәдениет үйі болса, — деген көптің тілегін жеткізді. Аудан әкімі тиісті азаматтарға округ орталығына жаңа клуб ғимаратын салу үшін жобалық-сметалық құжаттарды дайындауға тапсырма берді.

Ақтоғай ауылының ақсақалдары жұмысшылар пойызы сенбі, жексенбі күндері де жүрсе деген ұсыныстарын жеткізді.

Бұл сауалға аудан әкімі: «Жұмысшылар пойызы тек теміржол бойына қатынайтын жұмысшы-қызметкерлерге ғана арналған. Сондықтан жұмыс күндері ғана жүреді»,— деп жауап берді. Сондай-ақ ол Ақтөбе-Шалқар аралығына қатынайтын қалааралық пойызына жаңа жылдан бастап екі вагон тіркелгенін жеткізді.

Бершүгірліктер 1905 жылы салынған балабақша ғимаратына жөндеу жүргізілсе, қазіргі күні бос тұрған бұрынғы интернат ғимараты қайта жарақталып, жастардың демалыс орнына айналса деген тілектерін білдірді. Аудан әкімі бұл ұсыныстарды қолдап, істің оңтайлы шешілуі үшін жауапты адамдарға тапсырмалар берді.

Есептік кездесу барысында аудан әкімі Бауыржан Қаниев Бозой ауылына дейінгі жолға асфальт төселетінін, Шалқардан Қандыағашқа дейінгі аралықта тегіс жолдың салынатынын айтты. Сондай-ақ жиында Қарашоқат елді мекенінде мектеп ғимаратының салынатыны белгілі болды. Басқа да елді мекендерде клуб, медпункт, спорт алаңдарын салу көзделуде.

Кездесулерге облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Аққұл қатысып, облыстың өткен жылғы жетістіктеріне тоқталды және елді мекендерді экологиялық сауықтыру үшін жасалатын жұмыстар жөнінде әңгімеледі. Сонымен қатар кездесулерге халыққа қызмет көрсететін бөлім басшылары да қатысып, тұрғындардан түскен сауалдарға жауап берді.

Қыдыралы ӘЛИН,

Шалқар ауданы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button