Жаңалықтар

Бизнеске қатысты мораторий түсіндірілді

Анық-қанық

Осы жылдың ең маңызды өзгерістерінің бірі бизнес үшін көптеген тексерулердің жойылуы болды. Мораторийді кім пайдалана алады, жалпы оның жай-жапсары ақтөбелік кәсіпкерлерге «Атамекен» палатасының өңірлік филиалы ғимаратында түсіндірілді. Бұл — жоғарыда аталған мекеме мен Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы бірлесіп өткізілген шара.

Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасында тексерулерді  және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Дамир Көбенов атап өткендей, Президент Жарлығына сәйкес, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 2020 жылдың 1 қаңтарынан 2023 жылға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде микро кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру мен профилактикалық бақылау жүргізе алмайды. Осы орайда микрокәсіпкерлер —жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын, қызметкерлерінің орташа жылдық саны он бес адамнан аспайтын немесе орташа жылдық табысы 30 000 еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын, яғни 79,5 млн теңгеден аспайтын шағын кәсіпкерлік субъектілері екенін айта кеткен абзал.

Өз кезегінде мамандар мораторийге кірмейтін, яғни тексерулер жалғасатын

жағдайларға да тоқталды. Айталық, мораторий жарияланса да, егер кәсіпкерлер тарапынан халықтың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, заңдылық пен қоғамдық тәртіпке жаппай қауіп төндіретін бұзушылықтар орын алса, Конституциялық құрылыс пен ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төнгенде, сондай-ақ заңнама талаптарын бұзу фактілері анықталса, онда тексерулер орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органның бірінші басшысының шешімі бойынша жүргізілетін болады. Бұдан басқа, тексерулер кәсіпкерлік субъектілерінің өтініштері негізінде, соның ішінде рұқсат алуға өтініш бойынша жүргізілетін тексерулер мен профилактикалық бақылау, ҚР Қылмыстық іс жүргізу Кодексінде көзделген негіздер, кедендік тексеру, салық төлеуші мен оның дебиторлары арасындағы өзара есеп айырысуды айқындау, салық органдарында тіркеу есебіне қою, салық органы шығарған касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімдерді орындау мәселелері бойынша тақырыптық салықтық тексерулер, профилактикалық қадағалау, т.б. жағдайда жүргізілуі мүмкін.

— Алайда микро және шағын бизнесті тексерулерден 3 жылға босату кассаны тапсыру және чектер беру жөніндегі міндеттерді алып тастамайды.

Микро және шағын бизнесті негізгі салық пен тексерулерден босату туралы Президенттің Жолдауында да айтылды. Кәсіпкерлер бұл жөнінде біледі, бірақ көпшілігі бұл жаңашылдық оларға кассаларды тапсырмауға және чектерді шығармауға мүмкіндік береді деп ойлайды. Айта кету керек, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап бизнесмендер ескі фискалдық техниканы онлайн деректер беру функциясы бар жаңасына ауыстыруы тиіс, — деп атап өтті Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Дамир Көбенов.

ҚР Әкімшілік Кодексіне сәйкес, бақылау-кассалық машиналарды қолданбағаны, чекті бермегені және онлайн кассалық машинаны пайдалану кезінде басқа да құқықбұзушылықтар үшін шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін айыппұлдың ең төменгі мөлшері — 15 АЕК (шамамен 40 мың теңге).

Жиында фискалдық чекке де жаңа талаптардың қойылғаны айтылды. Енді бақылау-кассалық машиналар қолданылатын нақты мекенжай, тауардың бір бірлігінің бағасы, оның чегі туралы ақпарат бар штрих-кодты қамтуы тиіс.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Руслан Күйшінов олар мемлекеттік кірістер органдарының өкілдерімен бірлесіп құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тұрақты негізде өткізетін болады.

— Бұл жұмысты біз палата жанында жұмыс істейтін бухгалтерлер клубының қызметі аясында жүргізіп жатырмыз. Әр аптаның бейсенбісінде кәсіпкерлер палатасында салық салу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, — дейді ол.

Сондай-ақ, кездесуде «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы облыстық прокуратура органдарымен бірлесіп, Ақтөбе қаласы мен аудандарда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша мобильдік топтар құрғаны белгілі болды. Кәсіпкерлер мемлекеттік органдардың тексеруші қызметкерлерінің іс-әрекеттері немесе заңсыз тексерулері, жалпы құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу фактілері туралы келесі нөмірлерге хабарлай алады: 8(7132)744-602, 901-456.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button