Әкімдер есебі

Шұбарши ауылында 320 орындық мектеп салынады

Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағанбетов бірнеше ауылда тұрғындардың алдында есеп берді.

Сондай кездесудің бірі жаңа құрылған Жақсымай ауылдық округінің тұрғындары алдында өтті. Жиында аудан, ауыл әкімдері өткен жылы атқарылған шаралар мен алға қойылған мақсаттар туралы баяндамаларын оқыды. Айталық, алдағы жылы ауылдық округтің орталығы — Шұбарқұдық ауылында көп жылдардан бері жөндеу көрмеген кәріз желілерін қалыпқа келтіру көзделіп отыр.

Есеп беру кездесуі Ақсай ауылдық округінде жалғасты. Тұрғындар тарапынан Ақсай ауылын газдандыру, облыстық маңызы бар Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық тасжолының бойында орналасқан Шығырлы, Бірлік және Ащысай ауылдарын сапалы ұялы байланыспен, кең жолақты интернет желісімен қамту, сондай-ақ Шығырлы ауылына су желісін тарту мәселелері көтерілді. Бұл мәселелерді шешу осы жылдың жоспарына енгізіліп отырғаны айтылды.
Аудан әкімі Кеңқияқ ауылының тұрғындарына да есеп берді. Бұл жолы кездесуге облыстық дін істері басқармасының басшысы Ә.Тұралиев, аудандық мәслихат хатшысы Б.Ізбасов қатысып, тұрғындардың жеке мәселелері бойынша сауалдарына жауап берді. Басты мәселелер ретінде тұрғын үй, жұмыссыздық және ауызсу жайы көтерілді.

Ал Шұбарши ауылының тұрғындарымен өткен кездесуде биыл 320 орындық мектеп пен 60 орындық интернат пайдалануға берілетіні жөнінде сүйінші хабар белгілі болды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button