Әкімдер есебі

360 адам флюоротексерістен өтті

Жылдағы дәстүр бойынша көктаулық тұрғындар алдында әкімдер есепті кездесуін өткізді. Аудан әкімі Нағымжан Алдияровтың есепті жиыны Көктау ауылында жалғасын тапты.

Күн тәртібі бойынша, жергілікті тұрғындар алдында Көктау ауылдық округінің әкімі Бақытбек Усмаханов  өткен жылы округ бойынша атқарылған жұмыстар және 2020 жылға қойылған міндеттемелер турасында баяндады. Бүгінде 2500-ге жуық халқы бар округке көшіп келушілер бар. Былтыр 3 отбасымен толыққан бұл ауылда 67 бала дүниеге келген. Демек, көшіп кеткендердің орны толығуда. Ауылдың болашағы зор, орта мектеп, балабақша жұмыс жасайды. Жыл сайын түлектер ҰБТ емтиханын тапсырып, жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр.

Қазіргі күні аталған округте бір амбулаторлық пункт жұмыс жасайды. Есепті мерзім ішінде Көктау ауылдық округінің елді мекен тұрғындарына медициналық көмек көрсетуге жылжымалы автокөлік келіп,  халыққа рентген,  невропатолог, терапевт, акушер-гинеколог, хирург сияқты дәрігер мамандар  медициналық көмек көрсетіпті. 360 адам тегін флюорографиялық тексерістен  өткен. Сонымен қатар ауыл бойынша бір дәріхана жұмыс жасап тұр. Амбулатория ішінде екі адамға арналған күндізгі ем қабылдау орны және бар. Ең бастысы — ауылдықтар жедел жәрдем көлігімен қамтылған.

Жиын барысында аудан, округ бойынша атқарылған әрбір саладағы жұмыстар жан-жақты айтылды, халыққа мемлекеттік бағдарламалармен қатар, басқа да қолдаулар жайы түсіндіріліп өтті. Кездесуде тұрғындар тарапынан сауалдар қойылып, жауап берілді. Көктау ауылының тұрғыны А.Әбдіров баспана алу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, үй алу кезегі жылжымайтын көрінеді. Бұл сауалға Нағымжан Алдияров былайша жауап қайтарды:

Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімімен бірге үй мәселесін шешу жағын қарастырып жатырмыз. Қазіргі таңда 10 үйдің иесін сотқа бердік. Енді  сот шешімін күтіп отырмыз, — деді.

Сол сияқты Көктау мен Аққұдық ауылдары арасындағы жол қатынасын реттеу, ауылға пошта байланысының қажеттігі туралы мәселелер көтерілді. Зейнеткерлер жағы ауылдың ескі бөлігіне медициналық пункт керектігін де тілге тиек етті. Бұл мәселелерді мұқият тыңдаған Н.Алдияров өз сөзінде Көктау ауылына жаңа әкімдік ғимараты тұрғызылатыны жоспарда бар екенін, егер қазіргі әкімшілік жаңа ғимаратқа көшірілсе, сол кезде медпункт пен пошта мәселесі шешілетінін айтты.

Әкімдердің халық алдындағы осындай кездесуі округке қарасты Қарабаз ауылында да ұйымдастырылды. Мұндағылардың басты мәселесі — ауылда жарық жиі өшеді, екі аралықта қар тазалау жұмыстарының дұрыс ұйымдастырылмауы.

Ауылдықтар әкімдер есебіне жоғары бағасын беріп, алда атқарар жұмыстарына сәттілік тіледі.

Ләззат ӘБДІРОВА,

Хромтау ауданы.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button