Жаңалықтар

Басым бағыттар — төртеу

Еріктілер жылы

Жұма күні Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының ғимаратында Ақтөбедегі волонтерлер қозғалыстарының Ашық есік күні өтті. Шараға еріктілерден бөлек, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, медиаторлар, студенттер мен оқушылар, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.

Ұйымдастырушылар сол арқылы волонтерлік қызметтің тұжырымдамасын таныстырып, бұл саладағы мақсат-міндеттерді түсіндіріп, жалпы пікір алмасуды көздегенін айтады. Жиында еріктілер 4 бағытқа ерекше күш салатыны айтылды. Олар: «Бірлік» — қоғамдық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру және қатысу, мұқтаждарға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға, түрлі апаттардың құрбандарына көмек көрсету, тарихи ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру; «Білім» — әртүрлі пәндер бойынша тегін сабақтар ұйымдастыруды, Достық үйі жанындағы тілдерді оқытуды, жетекші мамандардан бизнес-тренингтер ұйымдастыруды, мектеп оқушыларын кәсіби бағдарлау бойынша жұмысты, талапкерлерге ЖОО-ға түсу кезінде көмек көрсетуді, тәлімгерлік институтын танымал етуді қамтиды; «Тәрбие» — еріктілер спорттық-патриоттық іс-шараларды ұйымдастырады; «Келісім» — медиацияға қатысты бағыт. Ол даулар мен қоғамдық-әлеуметтік міндеттерді шешуге бағытталған. Бұның барлығы — Қазақстан халқы Ассамблеясының Волонтерлер қозғалысы орталықтары қызметінің бірыңғай форматын ұйымдастыру мақсатында әлеуметтік, білім беру, спорт және медиация бағыттары бойынша әзірленген тұжырымдаманың негізі.

Ашық есік күнінде облыстағы еріктілер ұйымының өкілдері сөз алып, ой-пікірімен бөлісті. Ұсыныстарын айтты. Солардың бірі — «Спортики» еріктілер тобының мүшесі Әсемгүл Сәрсенбаева:

— Өзім I курста оқысам да, ерікті болуға уақыт тауып жүрмін. Жарты жылдан бері спорттық волонтерлік қозғалысқа мүшемін. Біз мүмкіндігі шектеулі адамдарға, спортшыларға көмектесеміз. Түрлі спорттық шараларға қатысушыларға қолдан келгенше жәрдемдесеміз. Ол медициналық, аударма, ақыл-кеңес, басқалай көмектер, — дейді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button