Жаңалықтар

131 отбасының қоныстойы

Өткен аптада Nur Otan партиясының еліміздегі  инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға арналған «Құтты мекен» жобасының аясында Қандыағаш қаласында салынған көппәтерлі үйлердің құрылысы аяқталып, үй кезегінде тұрған 131 тұрғынға  жаңа пәтердің кілті табысталды.

Жаңа жылда жаңа пәтерге көшкендердің 23-і — жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 16-сы — көпбалалы аналар, 48-і — мүмкіндігі шектеулі жандар, асыраушысынан айырылған отбасылар мен жалғызбасты аналар. Ал  39-ы бюджеттік кезекте тұрған және екеуі үйлері апатты деп танылған отбасыларға берілді.

— Адам жадында оның өмірінде болған ең жарқын сәттер мәңгілік сақталады. 2020 жыл менің отбасым үшін жағымды жаңалықпен басталды. Көптеген мұғалжарлықтар секілді біз де баспаналы болып, арманымызға қол жеткіздік. Осы қуанышты 12 жыл күткен едік, — дейді қуанышын жасыра алмаған Салтанат Анарбекова.

Пәтер кілтін табыстау шарасына аудан әкімінің орынбасары Б.Құлмағамбетов, Nur Otan партиясы Мұғалжар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары К.Бектұрғанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ. Аймағанбетов пен аудандық қоғамдастық кеңесінің төрайымы Ж.Тасмағамбетова қатысып, жаңа пәтер иелерін құттықтады.

Айтпақшы, мемлекеттік тапсырысқа сай тұрғын үй құрылыстарымен «Бабэк-Құрылыс» ЖШС және «Абай & С» ЖШС айналысты.

Әйгерім ДАРХАНҚЫЗЫ,

Қандыағаш қаласы.

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button