Жаңалықтар

55 жолаушыға жағдай жасалды

Қыс қаһарына енді мінгендей. Үскірік аяз бен боран, қатты жел жолдағы көлік жүргізушілерін әбігерге түсіріп тұр.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 16 қаңтарда «Қазгидромет» орталығынан ауа райының қолайсыздығына байланысты дабыл ескерту түскен. Содан кейін департаменттегілер шұғыл «ҚазАвтоЖол», «ҚазАвтоДор» мекемелерімен бірлесіп, облыс аумағынан өтетін 5 республикалық, 4 облыстық маңыздағы тас жолды жапқан.

Жол жабылған кезде ешқандай төтенше оқиғалар тіркелген жоқ. 16 қаңтар күні сағат 20.38 минутта Ақтөбе-Орск тас жолының 135-шақырымында, яғни Әлімбет ауылы маңында 5 жеңіл автокөлік және автобус жолаушыларымен қар құрсауында қалғандығы жөнінде ақпарат келіп түсті. Осы хабарлама бойынша Әлімбет ауылдық округі әкімдігінен 2 адам, 1 автокөлік және полиция қызметкерлері көмекке жіберілді. Нәтижесінде автобустағы жолаушылар, яғни 46 өзбек азаматы мен 5 жеңіл автокөліктегі 9 адам Әлімбет ауылындағы мектепке орналастырылып, ыстық тамақпен қамтылды, — деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау полковнигі Асқар Төлешев.

Департамент мамандарының айтуынша, сол күні сағат 20.15 минутта Қарғалы ауданы орталығынан 25 шақырым қашықтықта жеңіл автокөліктің де жол бойында қалғаны турасында хабар түседі. Шақырту орнына төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мекемесі №13 өрт сөндіру бекетінің жеке құрамынан 4 адам, 1 автокөлік жіберілген. Осы хабарлама бойынша қар құрсауында қалған көлік жолаушысымен бірге Қайрақты ауылына жеткізілді. Жолаушыларға келген ешқандай қауіп жоқ.

Қазіргі кезде барлық республикалық жол ашық, тек бір облыстық маңыздағы тас жол — Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық бағытының 17-шақырымынан 193- шақырымына дейінгі аралық қана жабық, — деді А.Төлешев.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button