Жаңалықтар

Жедел жәрдем көлігіне жол беріп, өзгеге өмір сыйла!

Акция

Кез келген жүргізуші, жедел жәрдем немесе арнайы қызметтік көліктердің дабыл сигналдарымен келе жатқанын көргенде, жол беруге міндетті. Дегенмен ережені ескере бермейтіндер де бар. Осы мәселеге назар аударған «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі облыстық полиция департаменті және денсаулық сақтау басқармасы өкілдерімен бірлесіп «Жол беріп — өмірді сақта» атты акция өткізді.

Шараның мақсаты — жолаушылар мен көлік жүргізушілеріне жолдағы өзара сыйластық пен қауіпсіздік шараларын түсіндіру.

— Біз мұндай акцияны биыл екінші рет ұйымдастырып отырмыз. Бүгінгі акцияда медициналық жедел жәрдем көлігіне жол бермеген жүргізушілер арасында профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Жол үстіндегі әр секунд адам өмірін сақтау үшін өте маңызды. Ал жол беру — азаматтық парыз, заң алдында жауапкершілік. Мұндай акциялар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатын болады, — дейді «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің баспасөз хатшысы Зульфия Набиулина.

Шара барысында арнайы қызметтік көлікке жол бермеген кейбір жүргізушілер айыппұл төледі. Науқастарға медициналық көмек көрсетуге асыққан бригада қызметкерлері Алтынсарин көшесі бойындағы облыстық перинаталды орталықтың кіреберісінде жиі кептеліске тап болатындарын айтады. Себебі аула іші балаларды перзентханадан шығарып алу рәсіміне жиналғандардың көлігіне толып кетеді.

Өз кезегінде медициналық жедел жәрдем қызметкерлері шараны ұйымдастырушы аталған жобалық кеңсе өкілдеріне өз алғыстарын білдірді.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button