Жаңалықтар

Жыл көрсеткіштері және жаңа форматтар

Есеп

Облыстық полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Атығай Арыстанов халық алдында есеп берді.  Бұл шараға облыстық мәслихат депутаты Дмитрий Довматенко, ішкі істер органдары ардагерлері, қала тұрғындары, барлығы 200-ден астам адам қатысты.

Алдымен ведомство басшысы азаматтарды 2019 жылғы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындылары және құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және өңірдегі қылмысқа қарсы күрес бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Сонымен қатар ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша Жол картасын жүзеге асыру аясында 2020 жылға арналған басым міндеттер де айтылды. 

Облыстағы криминогендік ахуал өткен жылмен салыстырғанда біршама жақсарған. Оған ПД бастығы келтірген стастистикалық деректер куә: былтыр қылмыстық құқықбұзушылықтардың жалпы саны 23,5 пайызға азайған. Көшеде жасалған қылмыс, бөтеннің мүлкін ұрлау, тонау, бұзақылық 24-42 пайызға дейін азайып отыр.

— Сонымен қатар, кісі өлтіру — 16,4 пайызға, денсаулыққа ауыр зиян келтіру — 9,4 пайызға, қарақшылық шабуыл — 14,3 пайызға, пәтер ұрлығы — 14,7 пайызға, мал ұрлығы 20 пайызға төмендеп отыр. Қылмыстық құқықбұзушылықтардың ашылуы 2018 жылмен салыстырғанда барлық қылмыс түрлері бойынша жақсарды.

Облыс үшін өзекті мәселе болып отырған кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс саны 10,3 пайызға азайып отыр. Өкінішке қарай, ауыр қылмыстар саны сәл көбейгені байқалады: 12,5 пайыз. Оның ішінде тонау, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру, алаяқтық саны артып отыр, — деді А.Арыстанов.

Кәмелетке толмағандар арасында алдыңғы жылы 190 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған болса, былтыр 122 адам  тартылған. Оның ішінде мектеп оқушыларының саны — 42,8 пайызға, колледж оқушылары саны 9,9 пайызға азайған. Жалпы алғанда өткен жылы балалардың түнде ата-анасының еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін — 3837, түнгі уақытта кәмелетке толмағандарды жібергені үшін көңіл көтеру орындарының иелеріне қатысты 107 дерек тіркелсе, жасөспірімдерге алкогольді ішімдіктер сатқан 179 саудагер жауапқа тартылған. Бұл деректер 2018 жылмен салыстырғанда едәуір азайғанын көрсетеді. Алайда, ІІД бастығының айтуынша, бұл шаралар күткендей нәтиже берген жоқ, оған куә — былтыр қоғамда бірқатар резонанс тудырған жасөспірімдердің кісі өлтіру оқиғасы…

— Біз бұрын ата-анамыздың көзіне қарауға қорқатын едік, қазіргі балалар ата-анасын тыңдамайды: түнімен көшеде жүреді, ата-аналарына ескертпей кетіп қалады. Ал олар полицияның қолына түскеннен кейін біз шара қабылдап, жауапқа тартамыз. Осы ретте ата-аналар балаларын полицияға жеткізбейтіндей жағдай жасауы керек, тәртіп мәселесі ең алдымен үйде қаралуы тиіс, — деді А.Арыстанов.

Жол-көлік оқиғаларының саны артқан. Апаттар салдарынан қаза болғандар мен жарақат алғандар көп: 2018 жылы 643 жол-көлік апаты тіркеліп, 110 адам қаза болып, 1173 адам жарақат алған.

— Осындай бейбіт заманда жолда 110 адам қаза болды деген сұмдық жағдай. Жалпы, жол апаттарының 99,9 пайызы жүргізушілердің кесірінен болады. Былтыр жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында 124 959 жол қозғалысы ережесін бұзу, оның ішінде жылдамдық режимін бұзуға қатысты 25 мың және қарсы қозғалыс жолағына шығуға қатысты 868 деректің жолы кесілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай көп. Көлікті ішімдік ішіп басқарған 2511 жүргізуші ұсталды, оның ішінде 257 жүргізуші есірткіге масайған. Бұрын құқықтарынан айырылған тұлғалардың мас күйінде көлік құралын басқаруының 261 фактісі анықталды, — деді А.Арыстанов.

Өз баяндамасында ведомство басшысы халықпен жұмыс жасаудың жаңа форматтары іске асырылып жатқанын айтты. Мәселен, департамент бөлімшелерінде «Азаматтарға арналған қабылдау бөлмесі» жұмыс істейді. Бұл өтініш білдірген азаматтардың мәселелерін жедел шешуге, сол жерде қажетті кеңес алуға мүмкіндік береді.

Өткен жылдың аяғында облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен құқық қорғау саласында жасалып жатқан жұмыстар сараланып, кемшіліктерді болдырмау, жұмысты одан әрі жандандыру бағытында мәселелер талқыланған жиын өткен болатын. Бұл жиында аймақ басшысы құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу бағытында атқарушы билік тарапынан полицияның материалдық-техникалық жабдықталуына көмек көрсетілетінін айтқан-ды.

ІІД бастығының есебінен кейін қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Қала тұрғыны Гүлмира Асаева осыдан бес жыл бұрын күйеуін суицидке апарған жағдай туралы айтты. Оның айтуынша, бұл оқиғаға қатысты екі қылмыстық іс қозғалған, алайда бес жылдан бері қылмыс ашылмаған. Атығай Арыстанов бұл іс қайта көтеріліп, тексеру жүргізілетіндігін айтты.

Ішкі істер органының ардагері Өмірсерік Дүйсенбаев учаскелік полицейлердің жұмысына көңілі толмайтындығын алға тартты. Ал ІІМ органдарының тағы бір ардагері Дүйсенғали Сүлейменов құқық қорғау органдарына халықпен тығыз қарым-қатынас орнату жөнінде ұсынысын білдірді:

—  Қылмыстар бұрын да болды, қазір де бар, бола да береді. Мәселе оның қандай масштабта болатындығында. Бұл жағдайда халықпен байланысты нығайту керек. Қажет болса, халық жасақтарын құру қажет. Бұл шараға құқық қорғау органдарымен бірге жергілікті атқарушы билік, кәсіпкерлер, еріктілер де қатысуы тиіс. Халықпен тығыз диалогқа келмесе болмайды. Екіншіден, ішкі істер органдары қызметкерлерінің тәртібін қадағалау керек. Біздің кезімізде де, өкінішке қарай, өз миссиясын толық орындамайтын, дөрекі сөйлеп, күш көрсететін, ішімдік ішіп, аузына келгенін айтатын қызметкерлер болды. Ондайлармен тәрбие жұмыстарын жүргізу жолға қойылған болатын, қазір де осыны жаңғырту ләзім, — деді ардагер.

Есептік кездесуге дайындық барысында іс-шараға тікелей қатысуға мүмкіндігі жоқ азаматтар өз сұрақтарын электрондық пошта, сондай-ақ ресми интернет-ресурс арқылы жіберді. Кездесу барысында Атығай Арыстанов тұрғындардың бірқатар сұрағына жауап беріп, айтылған барлық мәселелердің тексерілетінін айтты.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button