Жаңалықтар

Тосқауылдың мақсаты — жол қауіпсіздігі

Қаламызда жолаушы тасымалдайтын такси жүргізушілерінің қызметіне бұдан былай қадағалау шаралары күшейтіледі. Заңды түрде тіркелген таксилерге сары жолақпен арнайы белгі салынып, жолаушы тасымалын заңсыз жүргізіп жүрген көліктерге тосқауыл қойылады.

Бүгінгі күні облыс аумағындағы тұрақты маршруттарда жолаушылар және багаж тасымалдауды ұйымдастырумен 29 тасымалдаушы заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер айналысады. Бірақ қаламызда ресми тіркелген таксилерден гөрі, заңсыз такси қызметімен айналысатындардың саны көп. Сондықтан бұдан былай  такси қызметімен айналысатындарға қатаң талап қойылады. Такси жүргізушілері өз көлігіне арнайы шашка белдігін орнатып, белгіленген тұрақтарға орналасуы қажет.

— Әрбір такси жүргізушісі қауіпсіздік шараларын орындап, көлігін тұрақты тексеріп отыруы қажет. Бірақ кейбір жеке жолаушы тасымалымен заңсыз айналысатындар бұл тәртіпті ескере бермейді. Салық төлеуден қашып, багаждың сақталуына ешқандай жауапкершіліктері болмайды. Пайда табудың жолында олар жол қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын бұзып отырады. Сондықтан мемлекеттік органдардың таксилерді сары жолақпен таңбалаудағы басты мақсаты — такси қызметін ретке келтіріп, жолаушылар қауіпсіздігін сақтау. Бұдан былай таксилердің сыртқы қыр жағы  шахматты тәртіппен орналасқан қара және сары тіктөртбұрыштан құрылған биіктігі — 30, ұзындығы 10 сантиметрден кем болмайтын белдіктермен әрленеді, — дейді «Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары бойынша Ақтөбе қаласындағы «Батыс» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясы» ММ көлік-коммуникация кешеніндегі бақылау бөлімінің бас маманы Нұржан Ақаласов.

Бүгінде облыс аумағындағы мемлекеттік тізімде 5 бекет бар. Олар: қаламыздағы «Автовокзал-Сапар» ЖШС, Қандыағаш, Хромтау, Шұбарқұдық, Алға аудандарында орналасқан. Қаламыздың басқа жерлері мен өзге аудандарда автотұрақтар бекітілмеген. Ал аралық тұрақтағы жолаушыларды отырғызу орны ереже талаптарына сай емес. Облыс ішіндегі Ақтөбе-Херсон, Ақтөбе-Кеңкияқ, Ақтөбе-Көкүй, Ақтөбе-Байғанин маршруттарында тасымалдаушы анықталмаған. Бұл көрсетілген маршруттарда жолаушылар байланысы қиындап, заңсыз тасымалдаушылар тарапынан әкімшілік құқықбұзушылықтар жиі кездеседі. Дерекке сүйенсек, жыл басынан бері заңсыз тасымалдаушылар тарапынан 27 қылмыстық іс тіркелген.

— Жеңіл автокөліктермен жолаушыларды тасымалдауда апатты жағдай қалыптасып отыр. Көп жағдайда жолаушылар тасымалы жергілікті атқарушы органның келісімінсіз жүзеге асады. Жүргізушілер медициналық, техникалық тексеруден өткізілмегендіктен әрі азаматтық-құқықтық жауапкершілікті дұрыс білмегендіктен,  көбіне қайғылы жағдайларға әкеліп соғады. «Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары бойынша Ақтөбе қаласындағы «Батыс» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясы» ММ көліктік бақылау бекетінде шаруашылық субъектілер қызметінің тексеруімен жыл басынан бері 300-ге тарта қылмыстық іс анықталды. Олардың 250-іне әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды, — дейді Н.Ақаласов.

Келешекте автобус жүргізушілеріне де талап күшейтіледі. Заң жобасында автобусты жүргізетін тұлғалардың жүргізушілік өтілі үш жылдан кем болмауы (және жүк автокөлігін жүргізген бір жылдық өтілі) тиіс. Сондай-ақ қаламызда тәртіптік еңбек және демалыс тәртібін толық бақылауға алуға мүмкіндік беретін сандық тахографтар енгізіледі. Жалпы, автокөлік жүргізушісі рөлде 8 сағаттан артық отырмауы тиіс. Әлемдік тәжірибеде тахографтарды қолдану арқылы жол апаттарын 2,5 есе азайтуға болатындығы дәлелденген.

Бұдан былай заңсыз такси жүргізушілеріне арнайы белгіленген тұрақта да тоқтауға рұқсат етілмейді. Әзірше, қала бойынша, 44 такси тұрағы белгіленді. Жыл аяғына дейін олардың саны көбейтіледі. Айта кетелік, бұл шартты ескермей, құлақ аспағандарға қатаң жаза қолданылады.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button