Жаңалықтар

Мәжіліс депутаттары қобдалықтармен кездесті

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Глеб Щегельский, Құралай Қаракен, Сергей Симонов, Асылбек Смағұлов бейсенбі күні Қобда ауданына қарасты Талдысай, Әлия ауылдарында болып, тұрғындармен кездесті.

Алдымен халық қалаулылары Талдысай ауылынан 15 шақырым жерде жатқан «Бұлақ BEEF» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. 2016 жылы құрылған шаруашылық асылтұқымды ірі қара малын өсірумен айналысады. Болашақта репродуктивті шаруашылық құру жоспарында бар. Шаруашылық басшысы Қазбек Тапақов «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 200 млн теңге несие алып, 218 бас абердин-ангус тұқымды сиыр сатып алған. Бүгінде серіктестікте асылтұқымды 365 сиыр, 10 бұқа бар. 6 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Бұдан соң Мәжіліс депутаттары екіге бөлінді. Сергей Симонов пен Асылбек Смағұлов Талдысай ауылына барса, Глеб Щегельский, Құралай Қаракен, Дания Еспаевалар Әлия ауылының тұрғындарымен кездесті.

Мәжіліс депутаттары тұрғындарымен кездесу барысында ауыл халқын елімізде жүргізіліп жатқан реформалардан хабардар етті.  Олар елімізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізіліп жатқан міндетті медициналық сақтандыру туралы,  көпбалалы отбасылар үшін жаңа форматта төленетін мемлекеттік жәрдемақылар мен атаулы әлеуметтік көмекті  тағайындаудың жаңа ережелерін түсіндірді.

Облыстық «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығында өткен кездесуде сөз алған Глеб Щегельский Президент Жолдауын іске асырудағы басым бағыттар туралы айтып, Мәжілістің заңнамалық жұмыстарынан хабардар етті. Ол ауыл тұрғындарының негізгі күн көрісі малмен байланысты екендігін айта келе, мал ұрлығына қатысты жазаның күшейтілгендігін, енді ол қылмыстық кодексте бөлек норма ретінде қарастырылатындығын айтты. Сонымен қатар  «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдауына байланысты өзгерістерді түсіндірді.

Ал өз кезегінде сөз алған Құралай Қаракен еліміздің бюджетінің 50 пайыздан астамы әлеуметтік салаға бағытталғанын айта келе, әлеуметтік жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмектің кімдерге тағайындалатындығын түсіндіріп берді. Сонымен қатар ол 1 қаңтардан бастап іске қосылып жатқан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің маңызына тоқталды.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жүзеге асырылуы медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталған. Мемлекет медициналық сақтандыру қорына 15 категориядағы қазақстандық үшін жарна төлейді. Олардың қатарында зейнеткерлер, үш топты мүгедектер, 18 жасқа дейінгі балалар, студенттерге, жұмыссыз азаматтар (жұмыспен қамту орталықтарында міндетті түрде тіркелген болуы тиіс), бірыңғай әлеуметтік көмек алатын азаматшалар мен декреттік демалыста отырған азаматшалар, бас бостандығынан айырылған азаматтар, жұмыссыз оралмандар бар, — деген депутат елімізде денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан игілікті істер мен жаңалықтарға тоқталды.

Кездесу барысында депутаттар ауыл тұрғындарының өтініш-тілектерін тыңдап, олардың тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Айта кетейік, республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» автожолының бойында орналасқан Әлия ауылында 1000-нан астам тұрғын бар. 25 шаруа қожалығы мен 27 жеке кәсіпкер тіркелген ауылдың ауылішілік жолдары толықтай асфальтталып, орталық көшелері жарықтандырылған. Ауыл 2011 жылы су құбырымен, 2014 жылы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген.

Р.S Мәжіліс депутаттары Ақтөбеде 14 қаңтарға дейін болып, облыс тұрғындарымен кездесіп, ауыл халқының жағдайымен танысады. Бүгінгі күнге дейін олар Мәртөк, Алға аудандарында болды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button