Жаңалықтар

Шипажай сауықтырады

Қарым-қатынас

Ресей Федерациясы Башқұртстан Республикасы мен Ақтөбе облысының арасында берік достық қарым-қатынас орнаған. Башқұрт бауырлармен арадағы ынтымақтастық әр салада жанданып келеді. Былтыр осы елдегі танымал «Красноусольск» шипажайының құрылғанына 95 жыл толып, ғылыми конференция өтті.

Жалпы «Красноусольск» шипажайының іргетасы ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары қаланған. Жергілікті халық сол уақыттан бастап шипажай маңындағы Усолка өзенінің суы түрлі ауруға ем екенін білген. Кейін ғылыми түрде дәлелденеді. Сол жердегі әйнек зауытының жұмысшылары  үшін шағын шипажай ашылады. Уақыт өткен сайын келушілер көбейеді. 1924 жылы шипажай ресми түрде жұмысын бастайды. Қазіргі таңда аталған санаторий ТМД елдері аумағына белгілі. Өткен жылы шипажай Ресейдегі ең үздік тынығу орны ретінде танылып, арнайы марапатталған. Шипажайдың Қазақстандағы өкілі Әлия Нұрлыбаеваның айтуынша, бұл жерге келетін тынығушылар өте көп.

—  Ас қорыту, жүйке жүйесі, тірек-қимыл аппараты, тері аурулары, гинекологиялық, урологиялық, яғни түрлі сырқат бойынша сауықтыру жүргізіледі. Үш жастан асқан балаларға да ем-дом жасалады. Усолка өзенінің суы мен балшығы өте шипалы. Негізі шипажайдың арнайы өкілі болмас бұрын, өзім отбасыммен жыл сайын осы жерге барып демалатынмын. Өзім нәтижесін көріп, емі мен қызмет көрсетуі ұнаған соң, жыл сайын таныстарымды, достарымды ертіп апарамын. Таныстарыма баруға кеңес беремін. Осыны байқаған шипажай басшылығы маған ұсыныс айтты. «Сіздің арқаңызда Қазақстаннан келушілер көп. Біздің  өкіліміз ретінде жұмыс жасаңыз» деді. Ойлана келе ұсынысты қабылдадым. Қазір еліміздің әр аймағынан келетіндер көбейді. Оның ішінде біздің қаладан бару оңай. Небәрі 600 шақырым жер. Автобус, жеңіл көлік және пойызбен баруға болады. Барамын деген тұрғындар болса, маған хабарласса, көмек көрсетемін. Барлық құжаттарын дайындап, орындарды брондап қоямын. Жалпы шипажай Орал тауының тегінде орналасқан. Ауасы, суы керемет. Халқы өте қонақжай. Бал мен түрлі тәттілері келушілердің көңілінен шығады, — дейді Әлия Нұрлыбаева.

Шипажай он корпустан тұрады. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Барлығы электронды түрде жүреді. Келушілер кезек күтіп, қиналмайды. Шипажай аумағындағы бұлақ суларының емдік пайдасы өте көп. Негізгі емдеу жолы да осы — минералды су. Емделушілерге төрт түрлі минералды су беріледі. Судың минералдығы танымал Ессентуки суымен бірдей. Шипажай маңындағы «Табын» шіркеуі мен мешітке келушілер көп екен. Осы маңда шипалы бұлақ бар. Халықтың сенімі бойынша, бұл жерге келіп су ішіп, Құдайдан тілек тілеген адамның тілегі қабыл болады. Әсіресе, сәби сүйе алмай жүрген әйелдер, ауыр науқасқа шалдыққандар  осы жерге жиі келеді екен. Қазіргі күні шипажай аумағындағы өзге де бұлақ суларына ғылыми зерттеулер жүргізіліп жатыр. Жалпы шипажай жылдың қай мезгілінде де азаматтарды қабылдай береді. Барлық мәлімет шипажайдың интернет сайтында көрсетілген.

 Кәмшат ҚОПАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button